Бас тақырып

Орнықты дамудың орасан мүмкіндігі

Қарағанды облысы – Қазақстанның өнеркәсіптік жүрегі. Өңірдің ел үшін стратегиялық маңызы әрқашан жоғары болмақ. Осы әртарапты әрі кешенді саланың дамуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында белгіленген жаһандық үрдістермен және Ұлттық мақсаттарымен етене байланысты. Мемлекет басшысының индустрияландыруды жеделдетуге, елдің энергетикалық әрі экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға үндеуі қазыналы Қарағандыға қарата айтылғандай әсер қалдырады. Мұнда біз жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер аясында облыстың индустриялық дамуының қазіргі жағдайы мен басымдықтарына зер саламыз.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Өнеркәсіп өндірісінде көшбасшы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде Qarmet металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс. Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елдімекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет», – деп баса белгіледі.

Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек. Бүгінде облыс өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша үшінші орынға жайғасты. Былтыр өндірісті өңір 3,5 триллион теңгеден астам тауар өндірді. Бұл көрсеткіш елдің жалпы өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 14%-ын құрайды. Аймақтың индустриялық профилін қалыптастыратын негізгі салаларға өңдеу өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, көмір өндіру, машина жасау және химия өнеркәсібі жатады.

Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылмен салыстырғанда облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,2%-ға ұлғайған. Дегенмен, өндіріс тұрақтылығына қойылатын талаптардың артуына және кәсіпорындардағы жабдықты жаңарту қажеттілігіне байланысты өсу қарқыны баяуламайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше мәрте «жасыл жаңғыртудың» маңыздылығын атап өткенін білеміз. Мемлекет басшысының маңызды мәлімдемелері көмірлі өңірдің өнеркәсібіне көлемді ұлғайту ғана емес, сонымен қатар, экологиялық тұрақтылықты едәуір жақсарту міндетін жүктейді.

– Қарағанды облысындағы индустриялық жаңғырту саласындағы табысты бастама Саран қаласында жүзеге асты. Бүгінде Үкіметтің қолдауымен қала экономикасын әртараптандырудың үлгісіне айналғанын айтқым келеді. Ол моноқала мәртебесінен шығарылып, алғаш рет тарихта айтарлықтай салықтық түсімдер бере бастады. Қазір өнеркәсіп өндірісінің 93,2%-ы өңдеу саласына тиесілі. Бұл ең алдымен Saran индустриалды аймағын дамыту нәтижесінде мүмкін болды. Қазіргі таңда 400 млрд теңге көлемінде 9 жоба іске асырылып жатыр, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Жүзеге асырылған жарқын жобалардың арасында облыс әкімі автобус шығару, автомобиль дөңгелектері мен тұрмыстық техника өндіретін зауыттарды ерекше атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл тәжірибе облысымыздың басқа моноқалаларында – Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай қалаларында да енгізілу үстінде.

Инвестиция – дамудың драйвері

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс. Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады. Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге, холдингтер мен Үкімет арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс», – деп, тапсырманың тап-тұйнақтай орындалуына мән берілетінін айқын аңғартты.

Облыста тұрақты өсу үдесіне қол жеткізу үшін инвестиция көлемі ұлғаймаса кемімеді. Тек соңғы бес жылда қазыналы Қарағанды өнеркәсіпке шамамен 1,2 триллион теңге инвестиция игілігін жұмылдырған. Мұның 45%-ы – шетелдік салымдар. Ірі жобалардың ішінде Qarmet металлургия комбинатында өндірісті кеңейтуді, сондай-ақ, көмір шахталарын жаңғыртуды атап өтуге болады. 2023 жылы іске қосылған жобалардың жалпы көлемі шамамен 650 миллиард теңгені құрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі инвестициялар легі жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, қазіргі заманғы индустриялық кластерлердің қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті. Бұл кластерлер «өсу нүктелеріне» айналады, олардың айналасында компоненттер мен ілеспе қызметтерді ұсынатын шағын және орта бизнес дамиды.

Қарағанды облысының экономикасына жыл басынан бері 680 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. Екі жаңа кәсіпорын жұмыс істей бастады. Бұл полиэтилен құбырларын өндіретін және болат су жылытатын газ қазандықтарын шығаратын кәсіпорындар. Тағы сегіз жоба іске қосылады деп күтілуде. Qarmet кәсіпорынында жаңа инвестордың келуімен тоқтап тұрған кеніштер қалпына келтірілді, шахталар жанданды. Жыл соңына 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған тағы 8 жоба іске қосылмақ. Бұл 2600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың қатарында мыс және ферросилиций өндіретін зауыттар бар.

Әлбетте, қойны-қонышы құтқа толы атамекеніміздің қазынасы түгесілмесін дейік. Не дегенімізбен, заманына қарай қадамы. Қара жерден кен қазып, оны әлемдік стандарттарға сай ету дейтін іргелі мәселе екендігі ұдайы есте тұрады. Ақпарат бұлақтарында тырнақшаның ішіндегі бір ауыз сөзбен «жасыл индустрияландыру» экологиялық таза өндіріске көшу әл-әзір күн тәртібінен түспейтін терең мәнге ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының сап басында «жасыл экономика» құру тұр. Әсіресе, Қарағанды сияқты өндірісі дамыған облыстар үшін бұл аса өзекті. Облыс республикада көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемі бойынша екінші орында. Ойланып, тиісті қорытынды шығаратын жай.

Тастүйін стратегия

Зиянды қалдық – қордалы мәселе. Бір күнде шешілмесі де айдан ашық көрінеді. Дегенмен, өңірде энергия шығынын азайту үшін кәсіпорындарда жабдықты жаңғырту үдерісі басталып кетті. Жабдықты жаңарту бағдарламасы 2030 жылға қарай шығарындыларды 1,5 миллион тоннаға азайтуды көздейді. Содан кейін, жаңартылатын энергия. Күн және жел электр станцияларын пайдалануды кеңейту. Өңірде жалпы қуаттылығы 240 МВт болатын бірнеше күн станциясы жұмыс істейді. Бұл да шығарындыларды жылына 500 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Ластануды азайту. Қарағанды металлургия комбинаты мен көмір шахталары сияқты ірі өнеркәсіптік нысандарда заманауи тазарту жүйелері енгізілуде. Бұл біз ойлап, қалыптаған нәрсе емес, әсілі. Яғни, жаһандық тиімділігі жоғары трендтердің аймақтық индустрияландыруға әсері деп білсек керек-ті.

Әлемдік экономика «ақылды» экологиялық индустрияландыруға көшуде. Өндірістегі цифрлық технологиялардың өсіп келе жатқан рөлі, автоматтандыру мен роботтандыру – біртіндеп отандық өндіріс өрісіне енетін тренд. «Индустрия 4.0» бағдарламасы жасанды интеллект, машиналық оқыту әрмен қарай заттар интернетін (IoT) енгізуді қоса алғанда, Қарағанды облысының кәсіпорындарын жаңғыртуға бағытталуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында Қазақстан әлемдік экономикада бәсекеге қабілетті болу, үшін жаһандық үрдістерге бағдарлануы тиіс екенін атап өтті. Цифрландыру бастамасы шеңберінде 2025 жылға қарай өнеркәсіптік кәсіпорындардағы цифрлық өндірістің үлесін 30%-ға дейін ұлғайту көзделді. Қазірдің өзінде облыстың бірқатар зауыттарында деректерді басқару мен талдаудың автоматтандырылған жүйелері енгізіліп, өнімнің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, оның сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Көмірлі Қарағандыда қара алтын мен түрлі металдардың орасан зор қоры ғана емес, кадрлық биік әлеуеті де бар. Өңір жастары техникалық мамандықтарды жиі таңдайды. Ал, жергілікті жоғары оқу орындары болашақ индустриясы үшін кадрлар даярлау жөніндегі бағдарламаларды белсенді енгізуде. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, кейінгі бір-екі жылда техникалық бағыттағы студенттер саны 15%-ға артқан. Білікті мамандарды даярлау – облыстың тұрақты дамуының негізі. Түлектерге нақты өндіріс жағдайларына тез бейімделуге мүмкіндік беретін дуальды оқыту бағдарламаларын әзірлеу және енгізу үшін жоғары оқу орындарының кәсіпорындармен ынтымақтастығын кеңейту басты міндет.

Қазыналы аймақ тұрақты және «жасыл дамуға» бағдарланған индустрияландырудың жаңа кезеңінің қарсаңында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылма-жылғы Жолдаулары өңірді экологиялық құрамдас бөлікті күшейтуге және цифрлық технологияларды белсенді енгізуге шақыра отырып, болашаққа нақты бағдар береді. Қарағанды облысындағы индустрияландыру экономикалық өсу үшін басалқы басымдықтар ашып қана қоймай, жұмыс орындарын қамтамасыз ете отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторы екендігін естен шығармайды.

Инфографиканы жасаған автор

Жұртшылық не дейді?

Облыс тұрғындары осындай келелі мәселеден қалыс қалмайды. Кез келген оқиғаны көз жазбай қарап тұрады. Бір сөзбен айтқанда, белсенді. Арнаулы сауалнама жүргізгенімізде бірнеше қоғам белсенділері қайырылып, үн қатып, пікірлерін білдіре кетті. Олар «жасыл технологияларды», smart жүйені интеграциялаудың әрі орнықты болашақ үшін инвестиция көлемін ұлғайтудың маңыздылығына тоқталды.

– «Жасыл индустрияландыру» өнеркәсіптік кәсіпорындар шығаратын зиянды шығарындылардың жоғары деңгейін ескере отырып, біздің аймақ үшін қажеттілік деп есептейміз. Біз, мысалы, Қарағанды металлургия комбинаты сияқты ірі зауыттарда заманауи тазарту жүйелерін орнату арқылы қоршаған ортаға кері әсерін төмендететін жобаларды барынша жан-жақты қолдауға тиіспіз. Ауаға таралатын зарарлы қалдықтарды азайту үшін ғана емес, сонымен қатар, ең алдымен республикамыздың басты құндылығы адамдарымыздың денсаулығын сақтаудың қамы. Назардан тыс қалдырмай, күн мен жел энергиясының дамуын ынталандырса несі жаман?! Не дегенімізбен, әлем сол жолға бет бұрды. Мұқтаждық жақсы дүние емес. Келе-келе, бара-бара, аймақтың көміртегі ізін азайтып, көмір энергетикасына тәуелділікті едәуір кемітуге жарарлық дүние! – дейді эколог Галина Алтынова.

Жергілікті үкіметтік емес ұйымның өкілі Данияр Нұрпейісов болса, өңірлік сипатты жобаларға инвестиция жұмылдыру, әсіресе, отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен, экономикалық жағдайды жақсарту, облыс аумағында жаңа жұмыс орындарын құру үшін қуатты база жасақтайды деген ой түйеді. Теміртау, Балқаш және Абай сияқты моноцентристік қалалар Сарандағыдай әртараптандыруды өте-мөте қажет етеді. Өнеркәсіптік аймақтар жетістіктерінің айшықты мысалдары дұрыс инвестициялар мен сауатты басқару тәуелді экономикасы бар қалаларды көп салалы өнеркәсіптік орталықтарға айналдыра алатынын көрсетеді.

– Кез келген бастаманың артында адам тұрғанын сезінсек, ұтамыз. Бүгінгі индустрияландыру үдерісі жаңа салалар үшін жас кадрларды даярлау бағдарламаларын қамтуының өмірлік мәні бар. Жастар таңдайтын техникалық мамандықтар жоғары технологиялық және экологиялық таза өндірістердің қажеттіліктерін қанағаттандыра алуы керек. Осы ғасыр – ғылым мен білім кезеңі. Сондықтан, дуальды оқыту бағдарламаларын құру және оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту – жастарымыздың цифрлық экономика талаптарына дайын болуының басты алғышарты. Түптеп келгенде, кадр даярлаусыз өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді көзге елестете алмаймыз, – деді жастар бастамаларының үйлестірушісі Әлия Ахметова.

Ал, жергілікті кәсіпкер Ерболат Еркебұланов облыстың даму жолында зор әлеуеті барлығын растайды. Бірақ, мұнда әртарапты назар сала отырып, кебек нанның тіліміндей жекелеген инвестицияны да тартатын жағдайлар жасау керек-ақ деген тұжырымға келеді. Себебі, тұрақты өсуге мемлекеттің мейлінше «аз араласып», жекелеген идеялар мен бастамаларды барынша белсенді қолдау жолымен ғана қол жеткізуге болатындығына мән береді. Бұл бәсекелестікті тудырады. Ал, бәсекелестік өндірілетін өнімдер мен қызметтердің сапасын жақсартады. Адамдардың жұмысын қамтамасыз етеді, облыстың кірісін арттырады.

Қош, «еститін мемлекет» үшін аталған пікір мен пайым қатары жоғарыда біз сөз еткен индустрияландырудың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік аспектілеріне алаңдайтын аймақ тұрғындарының жалпы ұстанымын аңғартады. Өңірдегі индустриялық жобалар тұрақты дамудың, өмір сүру сапасын жақсартудың және ең бастысы экологиялық залалды азайтудың негізі ретінде қабылданбақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button