АймақҚарағанды

Орман отқа оранбас үшін

Қарағанды облысында өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстары күшейтілді. Атап айтқанда, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста өрт қаупі бар маусымға дайындық мәселелері талқыланды. Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аймақ орман өрттерімен күресуге сақадай сай. Жауапты органдар күш біріктіріп, көктем мен жаз айларында жиілейтін орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, барлық аудан мен қалада мобильдік топтар жасақталған. Олардың құрамында құтқарушылар, полицейлер, орман шаруашылығының мамандары бар. 1390 адам, 313 техника жұмылдырылған. Бұл күштер өрт шыққан жағдайда жедел әрекет етуге дайын.

Орман алқаптарына іргелес жатқан аумақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Онда алты елдімекен, төрт лагерь, жиырмадан астам демалыс аймағы және тоқсанға жуық саяжай кооперативтері орналасқан.

– Облыста 57 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бүгінде өртті ерте анықтау аса мәнге ие. Сондықтан, ұлттық парктер мен орман шаруашылықтарын ерте анықтаудың сандық жүйелерімен жарақтандыру қажет, – дейді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.

Бұл жерлерде бақылау күшейтіліп, қосымша рейдтік шаралар ұйымдастырылады.

Кеңейтілген отырыста, сондай-ақ, 2025 жылға арналған орман өрттерінің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Алғаш рет Қу орман шаруашылығының аумағын авиациялық қорғау мәселесі шешілді. Сонымен қатар, Теміртау, Шахтинск, Пришахтинск және Қарағандының Кирзавод ауданында өртті ерте анықтау камералары орнатылды. Бұл цифрлық жүйелер өртті басталған сәтінен-ақ анықтап, дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, бір өрт қадағалау мұнарасы жөнделіп, алты орман өрт сөндіру станциясы салынған.

Билік халықты сақтық шараларын сақтауға және құрғақ шөпті өртемеуге шақырады.
Ермағанбет Бөлекпаев барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Өрт үнемі дайындықты және жедел әрекет етуді талап етеді. Қауіп-қатерлерді азайту үшін тұрақты негізде рейдтер ұйымдастыруды, материалдық-техникалық базаға ревизия жүргізуді, өртке барынша бейім жерлерге – орман және орманды дала алқаптарында қосымша бақылау бекеттерін қоюды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы құрылымдары табиғи өрттiң таралуын болдырмау үшiн шабындық жерлердiң айналасында минералдандырылған жолақтар құруға мiндеттелсiн. Ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігі, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Биыл республикалық маңызы бар ұлттық табиғи паркінде алты орман өрт сөндіру станциясын салу жоспарланып отыр. Оның төртеуі – Қарқаралы паркінде және біреуі – Бұйратауда, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button