Бас тақырыпМедицина

Қордан көмек көбеймек

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстағы жұмысы қорытындыланды. Қордың Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Копобаев биылғы жылға аймақтағы медициналық мекемелерге қордан 145,8 млрд. теңге қаражат бөлінгенін жеткізді. Ал, келер жылға бұл сома 5,5%-ға артық жоспарланып отырғанын да атап өтті.

Сурет: company.medelement.com сайтынан

Биылға бөлінген соманың 81,6 млрд. теңгесі кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында, 64,2 млрд. теңгесі МӘМС пакетіне бөлінді. Брифингте мәлім болғандай, жыл басында жоспарланған 122 млрд. теңгеге қосымша 23,8 млрд. теңге бөлінген.

– Біздің филиал аймақтағы медициналық қыз­мет көрсететін 105 ұйыммен келісімшарт жасас­ты. Жыл ішінде екі келісімшарт бұзылды, бір жаңа медициналық ұйым пайда болды. Халықтың негізінен жүгінетіні, консультациялық-диагностикалық қызметтер. Бейінді мамандардың кеңесін алу, талдаулар мен КТ мен МРТ-дан МӘМС жүйесі арқылы тегін өтуге болатынын көпшілік біледі. Халықтың сұранысының өсуіне қарай бұл бағытта көмек көрсететін ұйымдар мен тиісінше қаржыландыру да өсіп келеді. Биыл облыс тұрғындарына 17 млн. консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілді, – деді Фазыл Копобаев.

Спикердің айтуынша, келер жылға медициналық қызметтерді сатып алу үшін 153,9 млрд. теңге жоспарланып отыр. Медициналық қызметтің барлық түрлерін қаржыландыру бойынша өсім бар.

– Мәселен, жедел жәрдем қызметіне – 436 млн. теңге, алғашқы медициналық-санитариялық қызметке 346,6 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл ретте келер жылдан бастап, балалар үшін стационарлық көмек, медициналық реабилитация және профилактикалық тексерулер сынды көмектер лот бойынша жеке қаржыландырылатынын айту керек. Жеткілікті түрде үздіксіз қаржыландыру көрсетілетін медициналық көмектің сапалы әрі уақытылы жасалуына негіз болады. Ол үшін қорға түсетін жарна да тұрақты болуы тиіс, – деп атап өтті филиал директоры.

Осы уақытқа дейін облыс тұрғындарынан 180,6 млрд. теңге түскен. Биылғы жылдың 11 айындағы дерек бойынша 56,5 млрд. теңге аударылған. Оның 32 млрд. теңгеден астамы – жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалғаны жеке кәсіпкерлер, жеке құрылымдардың, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдардың және дербес төлеушілердің жарналары.

– Желтоқсан айының басындағы дерек облыста 926 119 адамның сақтандырылғанын, сондай-ақ, 209 242 адамның жүйеден тыс қалғанын көрсетеді. Сақтандырылмағандардың басым бөлігі медициналық сақтандыру үшін бірде-бір рет жарна төлемеген. Азаматтардың жүйеге қатысуын қамтамасыз ету үшін аймақтық штабтар құрылған. Олардың құрамында түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

«МӘМС туралы» Заңға сәйкес МӘМС пакетінен медициналық көмек алу үшін азаматтардың соңғы 12 айда берешегі болмауы немесе алдағы 12 ай үшін жарна төленуі тиіс. Сондықтан, тұрғындарға МӘМС жүйесіндегі мәртебесін үнемі қадағалап және жарналарды үнемі төлеу қажеттігін тағы да еске саламын. Мәртебені қордың ресми сайтынан – fms.kz, Колдау 24/7 мобильді қосымшасы, «saqtandyrybot» телеграмм-боты, «Kaspi», «Халық», «ЦентрКредит» секілді екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында «мемлекеттік қызметтер» бөлімінде көруге болады, – деді Фазыл Кауанұлы.

Фазыл Копобаев көрсетілетін медициналық қызмет сапасына айтылар кемшілік те бар екенін жеткізді.

– Қорға түсетін өтініштердің дені – кеңес алу мақсатындағы хабарламалар. Олардың саны 11 мыңнан асады. Медицина қызметкерлеріне айтылған алғыс – 51, уақытша мәртебе тағайындау бойынша 354 және 1 492 шағым түсті. Медициналық мекеменің пациенттерді қолдау орталығы орын алған мәселені сол мезетте шеше алмауы – шағым себептерінің бірі. Бұл жерде өңірлерде бейінді мамандардың жоқтығы, медициналық көмекті ұзақ күту немесе болмауы, кейде медициналық қызметкер тарапынан этиканың бұзылуы жағдайларын да айта кету керек. Аталған деректердің барлығы тексеріледі. Анықталса, тиісті шешім қабылданады, – деді Фазыл Копобаев.

Сонымен қатар, брифингте келер жылдан бастап, Бірыңғай жиынтық төлем болмайтыны жайлы ескертілді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар дербес төлеуші ретінде ең төменгі жалақының 5%-ын МӘМС жарналарына аударады. Дербес жарналарды жұмыссыз және жеңілдікті санатқа жатпайтын азаматтар жасайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыс істемейтін азаматтар халықты жұмыспен қамту орталығына есепке тұрып, «тіркелген жұмыссыздар» жеңілдетілген санатына кіре алады. Олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.

2024 жылдың басынан бастап, дербес төлеу­шілердің, жеке кәсіпкерлердің жарналарының сомасы ұлғаяды. Келер жылы дербес төлеушілер ай сайын – 4250 теңге, жеке кәсіпкерлер 5950 теңге көлемінде төлейді. Ал, жұмыс беруші жалақы қорынан қызметкер үшін жалақының 3%-ын төлейді және қызметкердің жалақысынан 2% ұстайды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button