Ордалы тәрбие ошағы
Майқұдықта қазақ тілінде білім беретін №14 мектеп-гимназиясы ашылғанда жергілікті тұрғындардың қуанышы қойнына сыймады. Өйткені, маңайда қазақ тілді қарашаңырақ Жамбыл атындағы №7 гимназия мен Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп қана. Оларға барлық баланың сыймайтыны тағы анық. Көбі – аралас мектеп. Қазақ балалары үйінің іргесіндегі жаңадан ашылған осы №14 мектеп-гимназияға бірден бауыр басты.
Мектептің құрылысы жүріп жатқанда оқушылар келіп, «Қашан ашылады?» деп сұрап жүріпті. Бұл қазақы рухта өсіп келе жатқан еркін ойлы жас буынның жүрек қалауы болса керек.
Сонымен, Қарағанды қаласы әкімдігінің «№14 мектеп-гимназиясы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі 2022 жылдың 1 қыркүйегінде ресми түрде ашылды. Директоры – Өрікбай Аринов.
Мектеп-гимназия гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдете оқытады. Мектеп басшысы Өрікбай Серікұлы да – осы бағытта «Жылдың үздік мұғалімі» атанған білікті маман.
Айтыскер ақын, руханият жанашыры Айтбай Жұмағұловтың бастамасымен, қалалық білім бөлімінің қолдауымен мұнда жыршы-жыраулар сыныбы ашылды. Сыныпқа балалар құлшына барып жүр.
2022-2023 оқу жылының басында 30 сыныппен ашылып, оқушылар саны 736 оқушы болса, 2024-2025 оқу жылында 1-11 сыныптар 38 сыныпқа жетті. Бұдан бөлек, мектепке дайындайтын екі сынып бар. Барлығы – 40 сынып. Бұл күн санап мектепке ауысып келушілердің қатары көбейгенін көрсетеді.
Ал, оқушылар саны 2024-2025 оқу жылында 1-11 сыныптарда 961 оқушыны құрап отыр. Оған дайындық сыныптарындағы 58 оқушыны қоссақ, барлығы – 1019 оқушы қазақ тілінде сапалы білім алуда.
Сонымен қатар, мектепте украин, орыс, қарақалпақ, өзбек, татар этносы өкілдерінің балалары да қазақ тілінде оқиды.
– Оқушыларымыз Абай, Мағжан, Шәкәрім, Сәкен, Жүсіпбек, Қасым оқуларынан жүлделі орын иегерлері атанып жүр. Республикалық пән олимпиадасы, «Алтын сақа» (қала, облыс, республика) байқауының да жүлделі орындарынан көрінді. «Үздік жоба» байқауы, «Зерде», «Ақбота», «Кенгуру», «Дарын онлайн», «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасынан да жеңімпаз атанды. Спорт бағытында «Асық ату», «Бес асық», «Бес табан» ойындары бойынша қалалық, облыстық жарыстардан топ жарса, SARYARQA телеарнасының «Сәлем, Қарағанды!» бағдарламасының тұрақты қатысушылары екенін айту керек. Сондай-ақ, мектеп-гимназияны биыл 57 түлек аяқтап шықса, соның 32-сі грант иегері атанды. Мектебіміздегі үйірмелердің қатарын «Садақ ату» үйірмесімен толықтырғалы отырмыз. Бұл идея Көшпенділер ойынынан кейін туындады, – деп атап өтті Өрікбай Серікұлы.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, кемел тұлға қылып тәрбиелеу үшін үйірмелер мәселесі шешімін тапқан.
Мектепте балалар асық атуды үйрететін «Бес асық» клубы, қазақша күрес, футбол, волейбол, баскетбол, теннис, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, таэквондо, гимнастика клубтары тегін. «Туған өлкем», «Домбыра дастан» үйірмесі, «В гостях у сказки» қуыршақ театры үйірмесі, би үйірмесі, Көлеңке театры, «Серпін» дебат клубы, «Жас эколог», «Өрнек», «Шебер қолдар», English grammar, «Better late than never», «Занимательный русский язык», «Математика әлемі», «Тіл дамыту», «Жас оқырмандар», роботатехника, «Жас жол инспекторлары», «Жас журналистер», «Табиғаттың жас қорғаушылары» сынды көптеген тегін үйірмелерге оқушылар қатысып жүр. Бұларға жемісті жұмыс істеп тұрған «Әкелер» клубын қосыңыз.
– Мектепте жаңа технологияларды меңгеру мақсатында «STEM», IT технология және авиағарыш, робототехника, медия студия жұмыс істейді. Егеменді ел азаматын тәрбиелеудегі тіл мамандарының бірден-бір алдына қойған міндеті – оқушыны тіл мәдениетіне байланысты теориялық білім бере отырып, оны өмірде орынды қолдана білуге баулу. Тіл мәдениетін қалыптастырудың жолы – тілдің халықтық қасиетін ауыз әдебиеті үлгілері, көркем әдебиеті арқылы бала бойынша сіңіру. Оқыған шығармасы бойынша ойын көркем етіп жеткізуге білу де – тіл мәдениетін меңгерудің бірден-бір шарты. Әр оқушы өз халқының, ана тілінің мұрагері болу керек. Осы орайда «Алтын қалам», «Руханият», «Сөз шебері» сынды вариатив сабақтары өткізіледі. Одан бөлек, тілдік құзыреттілікті арттыру мақсатында өткізілетін Speaking in English, Environmental problems and solutions, Journey to the English world, Travels and sights сабақтарын да атап айту керек. Сондай-ақ, «Сингапурлық математика», «Геометрияның дамыту есептері», «Математикалық сауаттылық», «Жас зерттеуші» үйірмелеріне де оқушылар қызыға барады. Оқушыларды ынталандыру мақсатында «Жылдың үзік сыныбы», «Жыл оқушысы» сынды қорытынды бағалау да ойластырылған, – дейді мектеп-гимназия директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Орынгүл Жанұзаққызы.
Гимназияда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 15 минуттық қоңырау кезінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында асық ату, қол күрес ұлттық ойындары ойнатылады. «Жарқынай» журналы да білім алушыларды ынталандыруға зор көмек.
– Осы гимназияның 11 «А» сыныбында оқимын. Мектебім өзіме қатты ұнайды. Аралас мектептен гөрі, қазақ тілді білім ошағында білім алудың артықшылығы көп. Бастысы, өзіңді еркін сезінесің. Өзге тілдерді де үйренуге құлшынысың зор болады. Мектеп басшылығы, ұстаздары – өте қарапайым әрі білікті. Мен оларды өз туысымдай жақсы көремін. Бар уақытымды білім алуға, білмегенімді үйренуге жұмсаймын. Ол үшін мектепте бар жағдай жасалған. «Жыл оқушысы – 2023» байқауында бақ сынадым, – дейді ерекше аттестатқа үміткер Айшанұр Аленова.
Қысқасы баланың ынтасы болса, мұнда бәрі бар. Бір сөзбен аталған мектеп-гимназияны «Ордалы білім ошағы» деуге болатындай…
Суреттер мектеп-гимназия мұрағатынан алынды
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz