Ордалы мәдениет – «Оймақта»
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық киім мен бұйым іздеп жан ұшыратынымыз жасырын емес. Әріптесім Қызғалдақ АЙТЖАНОВАНЫҢ «Кигенім – қырғыз көйлек, қытайы етік» деп жазғаны бар-тын бірде. Оған тұрмысымызға дендей еніп кеткен еуростандартты қосыңыз. Қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары мен киім үлгісі қайда сонда? Осыны ескерген біз төл мереке қарсаңында Қарағандыдағы ұлттық қолөнер орталығы – «Оймақ» ЖШС-не бас сұққанбыз. Жоғымызды тапқанымызбен, мәселе де жетерлік екен.
Кеншілер қаласындағы «Галерея» сауда үйінің екінші қабатындағы 23-бөлмеге (бутик) кіре қалсаңыз, байырғы қазақтың киіз үйдегі тұрмысынан бір-ақ шығасыз. Мұны ұстап отырған Қанатбаевтар әулеті – шетінен бесаспап шеберлер екен. Өндіретіндері – қазақтың ұлттық бұйымдары, киімдері, үй жабдықтары мен тұрмыстық заттар, бастысы – алты, сегіз, он екі, он алты қанат киіз үйі. Қысқасы, тұрмысқа қажет ұлттық дүниенің бәрі бар. Тіпті, қазақтың байырғы бес қаруына шейін осында. Бір ерекшелігі, мұның бәрі станокпен емес, қолмен жасалған натуралды заттар. Мәселенің құлағы дәл осы тұстан қылтияды. Қазір біз мәз болып базардан алып жүрген ұлттық бұйымдар мен киімдердің көбі Қытай мен Қырғызстанның “самопалы”, яғни, көшірме. Ол жақтарда ағаш, тері мен мата арзан болғандықтан, бағасы да қолжетімді. Мәселен, олар құрым орнына жасанды теріні (дермантин) бүгіп тігеді. Сондығынан сапасынан көрі санын арттырып отырған әлгі жұрттағылар біздің нарықты молынан қамтып отыр. Қазақстандағы сауда нарығын қазақы тұрмыстық заттармен қамтитын ұлттық қолөнер шеберлері аз. Ол – бір. Екінші – өзі азғантай қолөнер шеберлерінің ісін байытып, ұлттық киім-кешек, тұрмыстық заттарды нарыққа шығаруға бейілділер аз. Жоқтың қасы. Әйтпесе, қазақы үлгідегі заттар қолжетімді бағамен жаппай сатылымға шықса, халық тұтынар еді. Оның үстіне қарағандылық Қанатбаевтар әулеті станок, құрылғыларға саналы түрде жоламай отыр. Әлі күнге дейін ұлттық бұйымдарды қолмен жасайтынын айтады. «Станоктар алуға қауқар жетеді ғой, бірақ, қолдан жасалған нәрсе мен станоктан шыққан заттың арасы жер мен көктей болады» дейді Алтай Қанатбаев.
Біздің бренд – киіз үй
«Бір киіз үй жасау үшін 4-5 ай уақыт керек» деп бастады әңгімесін Алтай. «Алайда, мен тапсырыс аз түссе де, алдын ала жасап қоя беремін. Ел бірді-екілі алады. Көбінің қалтасы көтермей жатады. Шетелдерден де бірен-саран тапсырыс түскен, жасап бердім. Мәселе, бізде материал қымбат. Ағаш Ресейден келеді, басқасы – басқа елдерден. Оның үстіне қолдан шыққан сапалы дүние анағұрлым болмаса да, құндырақ тұрады. Алматыдағы шеберлер ауылы Көкшоқыдан 2003 жылы келгенімізде, Қарағандыда ұлттық қолөнер заттарының исі шыға қоймайтын. Қазір де дамып кеткені шамалы. Басында жасаған заттарымды елдің дүкендеріне қойып жүрдім. Кейін өз шеберханаларымды, өнімдерімді саудалайтын орындар аштым. Осы – Қарағандыдан, сосын Астанада шағын ғана екі орын бар. Мен аяқ-табақтан бастап, киіз үйге шейін қазақы тұрмыстық заттардың біразын жасаймын. Ендігі бір арманым – ұлттық үлгіде үй жиһаздарын жасау. Біздегі жиһаздардың бәрі – еуростандарт. Бір де бір ұлттық үлгідегісін көрмейсің. Ол үшін маған жұмыс қолы көп керек. Қаншама шәкірт тәрбиелеп көрдім. Тіпті, үйреніп, өнім жасап шығара алса, ақша да төледім. Бірақ, екі-үш айдан соң тайып тұрады. Еңбек еткісі келмейді жастар. Жеңіл жолын іздейді. Біздің басқа елдерден бұрын ойлап тапқан ұлттық брендіміз – киіз үй ғой. Әлемге соны таныту керек еді, негізі» дейді Алтай Қанатбаев.
Қазақы үлгі сызатын
дизайнер қайда?
«Оймақ» ұлттық қолөнер орталығында бір емес, үш шеберхана бар. Бірі – киіз үймен жасаса, бірі – тұрмыстық бұйымдар өндіреді, үшіншісі – тігін цехы. Мұндағы жұмыс қолы тек – Алтайдың өзі, әкесі мен анасы және әпке-қарындастары. Ұлттық қолөнер шеберлерінің, яғни, мамандар тапшылығын осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Алтайдың айтуынша, тігін цехын ұстап отырған анасы кәсіби тігінші екен. Соған орай, «ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерін шығаруды неге қолға алмасқа?» деген сауал тастадық. «Ұлттық нақышта заманауи киім үлгісін ұсынып жатқан дизайнер жоқ. Тіпті, киімге қатысты ғана емес, басқа да ұлттық бұйымдардың түрлеріне тапсырыс түскенде, дизайнер таппай қиналамыз. Бұл сала бойынша мектептер ашылуы керек сияқты», – дейді ол. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, Наурыз мейрамында ұлттық киімнің іліккенін киіп жүре беретініміз менің есіме сонда бір-ақ түсті. Қазақы сән үлгілерін ұсынатын дизайнерлер қайда? Әлде оларды даярлайтын орындар жоқ па бізде? Жоқ болса, неге ашып, оқытпасқа?!
Қазақ хандығының ордалы мәдениеті – «Оймақта». Осындай ұлттық қолөнер орталықтарын жандандырып, заманауи үлгідегі қазақы киімдер мен бұйымдарды көбейтіп, сатылымға шығарса, халық тұтынар еді. Отандық нарық өркендеп, ұлттық мәдениетіміз көркейер еді. Қазақы бедер қай елдікінен кем? Сіз қалай ойлайсыз?
Жәнібек ӘЛИМАН