Қорда – құнды жәдігерлер
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық мемлекеттік архив қоры толығуда. Бұл жолы соғыс ардагерлері, оқу-ағарту ісінің үздіктері Әуезхан Қанафин мен Кәріғұл Нұғымановтың мұралары музей қорына тапсырылды.

Жеке архив қорларының тұсаукесер рәсіміне облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Ерлан Нелдібаев арнайы қатысып, ұрпақтарына алғысын айтты. Әрі облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғабит Тұяқов та жылы лебізін білдірді.
– Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын маңызы ерекшелене түсуде. Еңсеміз биік, еліміздің өркендеуі – Жеңістің арқасы. Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгіс, яғни, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қасық қаны қалғанша шайқасқан отандастарымыздың ерлігі – бір-бір дастан. Ал, елі барда ерлердің есімі мәңгі өшпеуі керек. Осы мақсатта облыстық мемлекеттік архив ұжымы жүйелі жұмыстар атқарды. Қазіргі уақытта 100-ден астам жеке архив қоры бар. Екі ардагеріміздің де құнды дүниелерінің біздің архивте тұрғаны көңіл қуантады, – деді Ерлан Нелдібаев.
Кәріғұл Нұғыманов 1925 жылы Шет ауданы, Құрама колхозы, Қаныш жайлауында дүниеге келген. Еңбек жолын 1942 жылы Қарағанды қаласында бастауыш мұғалімдерін дайындайтын екі айлық курстан өткен соң 1942-1943 оқу жылдары «Жұмыскер» бастауыш мектебінде мұғалім болып бастайды. Ардагердің ұлы Манас Нұғыманов әкесінің барлық құнды дүниесін, құжаттарын архив қорына тапсырыпты.
– Әкем 7-сынып оқып жүргенде мектепте мұғалім болған. Ол уақытта соғыс басталып кетіпті. Ауылдағы еркек кіндіктілердің бәрін соғысқа алып кетеді. Сол уақытта мектептегі үздік оқушыларды мұғалім қылған. 17 жасында, яғни, 1944 жылы майдан даласына аттанады. Өмірде аштықты да, жоқшылықты да көріп, бейнетпен өскен жан. 12 баланы қанаттыға қақтырмай өсірді. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осындай істі ұйымдастырып, қолдау білдіргендерге алғысымды білдіремін. Әкеміздің жазған шығармаларын, кітаптарын, қолжазбалары мен құнды дүниелерін архив қорына тапсырдық. Әкеміз жайлы өзімізге ең жақын әрі ең қымбат дүниелер осы жерде сақталсын. Бізден кейінгі ұрпақ та әкеміздің еңбегін көріп өссін, – деді Манас Нұғыманов.
Ал, Қанафин Әуезхан 1928 жылды Ақтоғай ауданы, Қушоқы колхозы, Қаражұмақ қыстағында дүниеге келген. Айта кетейік, Әуезхан Қанафиннің республика мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмыстары мәселелеріне арналған 60-қа жуық ғылыми еңбек пен бірнеше оқу құралдарын жазған. Білім саласына жаңа әдістемелер енгізіп, ғылыми ізденістер жұмысының үздік түрлерін, тәжірибесін дамыта отырып, педагогика білімінің жаңа жетістіктеріне қол жеткізді. Ел алдындағы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Өзі туып-өскен Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Бар ғұмырын оқу-ағарту ісіне, ұрпақ тәрбиесіне арнаған абзал азамат.
Ардагердің орден, медальдары, портреттері мен қалта сағаты және басқа да жеке бұйымдары 2021 жылы Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейіне тапсырылған еді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»