Бас тақырыпМедицина

Қорқыныш соңы өкініш болмас үшін

Вакцинация – инфекциялардан қорғанудың және адам өмірін сақтаудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакцинация – бүкіл әлемде жасалатын ем-шара. Қазіргі уақытта дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, паротит, полиомиелит, тұмау және басқа да 20-дан астам аурудан қорғауға арналған вакциналар бар.

Сурет: stan.kz сайтынан

Екпе алған адамдардың есебінен ұжымдық иммунитет қалыптасады, бұл инфекцияның таралуына және эпидемияның пайда болуына тосқауыл болып табылады. Бұл әсіресе, қазіргідей эпидемиологиялық жағдай күрделеніп тұрғанда маңызды. Ресми деректер бойынша бүгінде қызылшамен ауырғандар арасында оған қарсы екпе алмағандар басым. Мәселен, кешегі күнгі дерек бойынша жалпы ауырғандардың 88,2%-ы вакцинацияланбаған.

Әрі оның басым бөлігін, яғни, 84%-ы 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Соңғы деректер облыста 415 адамда қызылша зертханалық түрде расталғанын нақтылайды.

Вакцинация түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Адам өмірін сақтайды және денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі болып табылады. Екпе оны алған адамның өзін ғана емес, айналасындағыларды да қорғауға мүмкіндік береді. Қызылша – әлемдегі жұқпалылығы жоғары аурулардың бірі. Оның қауіптілігі – асқынуында. Асқынған жағдайда ол өлімге де әкелуі мүмкін. Әсіресе, вакцина алмаған жас балаларға қауіп төндіреді. Профилактикалық егулерді жүргізу кезінде адам ағзасына ауру қоздырғыштарымен күресу үшін антиденелер түзілуін ынталандыратын әлсіреген немесе өлтірілген патогендік агенттер енгізіледі.

Вакцинопрофилактика өмір сүру ұзақтығына, балалар өлімінің төмендеуіне айтарлықтай ықпал етеді. Вакцинация – жасына қарамастан, барлығына қажет. Қазір адамдардың көпшілігі балалық шағында бір рет жасалған көптеген вакциналар өмір бойы қайталануы керек екенін білмейді. Тіпті, вакцинацияның дәлелденген эпидемиологиялық және экономикалық тиімділігіне қарамастан, көптеген адамдар профилактикалық егулерді жүргізу қажеттілігіне күмәнмен қарайды. Олар жалпы алдын алу шаралары жеткілікті деп санайды. Спецификалық емес профилактика, атап айтқанда, ағзаның суыққа төзімділігін арттыру, физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану және басқа да әрекеттер сөзсіз иммунитетті жақсартады. Бірақ көп жағдайда қызылша, дифтерия, қызамық, көкжөтел және басқа да жұқпалы инфекциялардан қорғай алмайды.

Осы ретте, әсіресе, балаға вакцинация жасауды немесе алмауды таңдауда атааналарға дұрыс таңдау жасауға кеңес береміз. Бүгінгі таңда балаларымыздың сау болып өсіп келе жатқаны инфекциялар қаупінің азайғанынан. Бұған тек профилактикалық егулерді кеңінен жүргізудің арқасында ғана қол жеткізілді. Иммунопрофилактиканың мүмкіндіктері әлі де мол. Жыл сайын әлемде жаңа және жетілдірілген вакциналар пайда болуда. Бұл біздің балаларымызға жаңа инфекциялар қаупінен арылуға ықпал етеді.

Әр елде вакцинацияның өзіндік бекітілген күнтізбесі және халықты екпемен қамтитын жұқпалы аурулардың тізімі бар. Ел неғұрлым бай болса, бұл тізім соғұрлым кең болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі келесі жұқпалы ауруларға – туберкулезге, В гепатитіне, дифтерияға, көкжөтелге, сіреспеге, полиомиелитке, қызылшаға, эпидемиялық паротитке, тұмауға, гемофильді инфекцияға қарсы егуді көздейді.

Балалар мен ересектерге екпе салу қажетті жағдайлар жасалған емханалардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Адам ағзасы кез келген вакцинаға тез өтетін реакциялармен жауап береді. Себебі осы кезеңде дененің қорғаныс күштері пайда болады, олар кейіннен адамды белгілі бір инфекциядан қорғайды. Кейінгі 10 жылдан астам ішінде қызылшаға қарсы пайдаланылған екпенің қандай да бір реакция тудырғаны туралы дерек тіркелген жоқ. Егер сізде профилактикалық егулерді жүргізу қажеттілігіне күмәніңіз болса, бірден бас тартпаңыз. Жұқпалы аурулардың қауіптілігі, вакцинация қажеттілігі, одан бас тартудың салдары туралы толымды ақпарат іздеңіз, мамандармен кеңесіңіз. Кейбір шетелдік оқу орындары оқуға қабылдарда жұқпалы инфекцияларға екпенің болуын талап ететінін де назарға алған дұрыс. Болашақта балаңыз шетелдік беделді жоғары оқу орындарында оқығысы келсе, вакцинадан бас тарту кесірін тигізбесін. Балаңыздың өмірі мен болашағына жауапкершілік өз қолыңызда.

Юрий ЗАЛЫГИН,
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button