Бас тақырыпҚарағанды

“Open Karaganda”: құжат жинау машақаты азайды

Қарағанды қаласында «Open Karaganda» фронт-кеңсесі ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ту еткен орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Жаңа мекеменің жаңалығы қандай? Қандай қызмет түрлерін ұсынады? Тұрғындар үшін тиімді ме? Толығырақ тарқатсақ…

Әңгіменің әлқиссасын ғимараттың өзінен бастайық. Фронт-кеңсе Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, №39 үй – Қарағанды қаласы әкімдігінде орналасқан. Безендірілуінде кінәрат жоқ. Кең, жарық, әдемі. Бастысы қарапайым тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Бұрышта балаларға арналған ойын алаңы мен теледидар орнатылыпты. Бүлдіршіндер атаанасы құжаттарын реттеп алғанша осы жерде ойнап, мультфильм көре алады. Сондай-ақ, мұнда өзіне-өзі қызмет көрсету орны да бар. Тұрғындар компьютер мен интернетті тегін қолданып, «Азаматтарға арналған үкімет» (egov.kz) порталынан өзіне қажет құжаттарды шығарып алуына болады.

Фронт-кеңсенің ашылғаны күні кеше ғана. Әйтсе де, халықтың қарасы қалың. Алғашқы күннің өзінде үш жүзге тарта азаматқа қызмет көрсетілген екен. Келешекте бұл сан еселеп артуы да мүмкін. Өйткені, жұрттың басым дені орталықтың ашылғанынан әлі хабарсыз. Дей тұрғанмен, орталық мамандары көмек сұрап келген азаматтардың барлығын қамтып үлгеруге нық бекініп отыр.

Фронт-кеңседе қала әкімі аппаратының кеңсесі, жер қатынастары, сәулет және құрылыс, тұрғын үй қатынастары, мемлекеттік активтер және сатып алу, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандары «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді. Мұнда жиырма терезе орналасқан. Әр бөлімнен бірнеше маман тұрғындарды қабылдап, кеңес береді және қажет құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі. Бұл кезектің ұзаққа созылып кетпеуіне және тұрғындардың мәселесін дер кезінде шешуге оң ықпал етуде, – дейді Қарағанды қаласы әкімі аппаратының бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дана Мұхамедиева.

Бөлім басшысының айтуынша, фронт-кеңсені қаржыландыру қала әкімдігі тарапынан жүзеге асады. Яғни, бұл жердегі мамандарға жалақы өздері жұмыс істейтін бөлімдердің есебінен төленеді.

 Бір Қарағанды қаласының өзінде бірнеше Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) бар. Ол жерде де мемлекеттік қызмет көрсетіледі, құжат рәсімделеді. Сонда екеуінің қандай айырмашылығы бар? Жалпы, Қарағанды үшін фронт-кеңсе ашудың қажеттілігі болды ма? Дана Мұхамедиевадан осы мәселенің жайын сұраған едік. Айтуынша, екі мекеменің де илегені бір  терінің пұшпағы. Бірақ, олар бірбірінің жұмысын қайталамайды, қайта толықтырады. Яғни, жұрт фронт-кеңседе ХҚКО құзіретіне жатпайтын, тек, әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ала алады. Мәселен, тұрғын үй кезегін көру, мемлекеттік бағдарлама аясында жалға берілген пәтерді жекешелендіру, жер телімін алу, қала әкімінің немесе орынбасарларының қабылдауына жазылу және тағы да басқа қызмет түрлері ұсынылады.

 Фронт-кеңсе қағазбастылықты азайтып, құжат рәсімдеуді барынша жеңілдету мақсатында құрылды.

– Бұрын тұрғындар қандай да бір сұрақтармен әкімдікке, бөлімдерге баратын. Ал, қазір олардың бәрі бір жерде орналасқан. Мәселен, сізге жер телімін алу керек болды делік. Ол үшін жер бөліміне емес, осында келіп, қажет құжаттарды «бір терезе» қағидасы бойынша аз уақыттың ішінде рәсімдей аласыз немесе пәтерге жөндеу жұмыстарын жасап, жоспарына өзгеріс енгізгіңіз келсе де, осында келесіз. Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары құжаттарыңызды қабылдап, кеңес береді, – дейді Дана Мұхамедиева.

Әлгінде тұрғындар қала әкімінің немесе орынбасарларының қабылдауына фронт-кеңсе арқылы жазылатынын айтып өттік қой. Ендігі таңда, олар қолданыстағы заңнама аясында әр апта сайын тұрғындарды дәл осы жерде қабылдайды. Ол үшін «Open space» форматындағы зал дайындалған. Мөлдір шынымен бөлінген бөлменің әр жағындағы іс-әрекет сырт көзге анық көрініп тұр. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жемқорлық фактілерінің жолын кеседі.

Тұрғындар «Open Karaganda» ашық әкімдігінің қызметіне жүгіну арқылы уақыт үнемдей алады. Әрі бұл жоба бюрократиялық қағазбастылықты және билік органдары мен халық арасындағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

 Фронт-кеңсе дүйсенбі – жұма аралығында таңғы 09:00-ден кешкі 18:30-ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс – 13:00-ден 14:30-ға дейін. 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button