«Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі»

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезі өтті. Елдік мұратты еңсерген жетекші партияның 20 жылдығына арналған съезд жұмысына өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Ел дамуының онжылдық межесі таразыланған тарихи жиынның негізгі отырысы басталар алдында Елбасы «Нұр Отан» партиясының қазіргі жұмысына, партияны жаңғыртуға және оның тарихына арналған арнайы көрмені аралады. Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқына арналған Жолдау мен «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысына мониторинг жүргізудің жаңа жүйесі, сондай-ақ партия жобаларын жүзеге асырудың нәтижелері туралы жанжақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына жаңа «Цифрлық партия» жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды.

Өзінің «Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі» атты баяндамасында Елбасы Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, Тәуелсіздік жылнамасындағы барлық оң өзгерістерге ықпал еткен «Нұр Отан» партиясының рөлін ерекше атап өтті.

– Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге пара-пар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды. Сындарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін. Мен бүгін өздеріңізбен бірге атқарған жұмысымызды қорытындылап, болашақ бағдарымыз туралы ой бөліссем деймін.

Ең алдымен, қол жеткізген жетістіктерімізді айшықтайтын нақты фактілерге тоқталайын. Еліміздің экономикасы айтарлықтай өсті. Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен астам артты. Қазақстанға шетелден 320 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылды. Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік. 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді. 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды. Мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. «Нұр Отан» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді, деп атап өткен Мемлекет басшысы жаңа уақыт алдымыздан жаңа сын-қатерлерді тартып отырғанын, әлем перманентті турбуленттілік жағдайына дендей еніп бара жатқанын айтты. Елбасының айтуынша, бұл жағдай рухымызды түсіріп, болашақ алдында жүрексінуге себеп болмауы тиіс. Кез келген дағдарыс түрлі сілкіністермен қатар жүреді, сонымен бір мезгілде өсуге қажетті кеңістік қалыптастырып, мүмкіндіктер терезесін ашады. Бастысы, дамудың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыра білу.

Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер, әрбір адамның әл-ауқатының артуына әкелмесе, оның үлкен мәні де, құны да болмайды. XXI ғасырдағы мемлекеттердің орнықты даму формуласы мен өркендеуінің құпиясы осында жатыр, деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі съезд өзінің тапсырмасымен әзірленген, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын қарастыратынына тоқталды. Елбасының айтуынша, бағдарлама стратегиялық көзқарастың ауқымды көкжиегін ашады және қоғам мен мемлекеттің алдағы онжылдықтағы дамуының негізгі қырларын айқындайды. Өйткені, алдағы он жыл біздің озық отыз мемлекеттің қатарына ұмтылуымыздағы шешуші кезең болмақ.

Бұл орайда, Қазақстан Президенті біз ұлттық идеямызды басшылыққа алуға тиіс екенімізді айтты. Ал оның базалық құрамдауыштары ұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, өркендеуші зияткер қоғам, әлемде лайықты құрметке ие ел екені белгілі. Осының бәрі Қазақстанның табысты дамуының негізі болып саналады. Өз кезегінде, Ұлттық бірлік доктринасы төрт тірекке сүйенеді: 1. Ортақ тарих; 2. Ортақ құндылықтар; 3. Ортақ Отан; 4. Ортақ болашақ.

Елбасы бұдан әрі басты басымдық – азаматтардың тұрмыс деңгейін және Қазақстанның дамуын әлеуметке бағдарланған мемлекет ретінде қамтамасыз ету екеніне тоқтала келіп, тіпті, ең күрделі кезеңдерде әлеуметтік міндеттемелердің орындалғанын атап айтты.

Біз даму шығындарын төмендетпей, мұқтаждарға көмектесуге тиіспіз. Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 45 пайыздан астамы бағытталды. Сонымен бір мезгілде бізде белгілі бір теңсіздіктер мен әлеуметтік бөлікте проблемалы нүктелер пайда болды. Осыған байланысты мен Ұлттық қордан азаматтарымыздың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкімет осы мақсатқа бөлінетін шығыстарды дұрыс әкімшілендіруі тиіс, деген Елбасы біз қазір үлкен сын-қатерлер мен жаһандық белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқанымызды, жинақтаған қорымыз бұдан да күрделі уақыттарда керек болуы мүмкіндігін ұмытпауды ескертті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік саясат теңгерімді болуы әрі масылдық көңіл күйдің өсуіне жол бермеуі тиіс. Көмек аса мұқтаж жандарға беріліп, атаулы сипатта болуы керек. Бөлінген қаражат әрбір отбасыға және нақты адамға жетуін Елбасы өзі қадағалайтын болады.

Съезде мәлім болғанындай, Президенттің тапсырмасымен партия азаматтарды қатты толғандыратын мәселелерге сараптама жүргізген. Олардың қатарында балалар жәрдемақысын көтеру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту сынды басқа да мәселелер бар. Елбасының айтуынша, оларды шешудегі партияның елеулі үлесі үш бағыттағы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру арқылы көрінбек. Бұлар:

1. Табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау.

2. Табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсарту.

3. Өңірлерді кешенді дамыту.

БІРІНШІ. Бүгінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқат деңгейін көтеру шараларын күшейту маңызды. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам азаматтық қызметшілерді тікелей қамтиды, деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 шілдеден бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыруды; аудандық, облыстық деңгейлерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысын орташа 25 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл мақсаттарға 2019 – 2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.

Елбасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесін әрбір отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс.

Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажет деп санаймын. Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасының төрт және одан көп баласы бар. Балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінеді. Бұл отбасылардың табыс деңгейі әртүрлі. Сондықтан, мемлекет бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет. Қазіргі кезде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекті 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) алады. Аз қамтылған, әсіресе көпбалалы отбасыларды қамту аясын кеңейту үшін Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін) 70 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көп балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 20 789 теңге көлемінде белгілеу керек. Әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерістері барынша жеңілдетілуі және проактивті форматқа көшірілуі тиіс. Осындай отбасылардың жиынтық табысын есептегенде көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектігі үшін балаларға берілетін жәрдемақы, стипендия сияқты жекелеген жәрдемақыларды есепке алмау керек. Нәтижесінде, 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылады, деп атап өткен Қазақстан Президенті, сондай-ақ, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл шара 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Оны жүзеге асыруға 2019 – 2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу тапсырылып отыр.

Бұл ретте, әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты әлеуметтік келісімшарт және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы болып қала беретінін айтқан Мемлекет басшысы әкімдерге әрбір отбасыға баруды және көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен күшейтуді тапсырды.

Елбасының айтуынша, толық емес көпбалалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген квотасын бөлу қисынды болмақ. Бұл жұмыстарды Үкімет пен әкімдер «Нұр Отан» партиясымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Бұл ретте әкімдер мұқтаж отбасыларға көмектің өңірлік бағдарламаларын «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында қайта қарауы керек.

ЕКІНШІ. Білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды да белсендіру керек. Үкіметке негізінен көпбалалылар қатарындағы аз қамтылған отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу жеті жылда қосымша 50 миллиард теңге жыл сайын бөлу қажет. Сонымен қатар, табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттырған жөн. Азаматтардың осы санаттары үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздарын ұсынудың жеңілдікті тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Тұрғын үй жинақ банкіне осы мақсатқа жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінетін болады, деді Елбасы.

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформаны қисынды нәтижеге жеткізу керектігін де қаперге салды. Қазіргі заман балаларымыздың бойында жаңа машықтар мен дағдыларды дамытуды талап ететініне тоқталып, бұл тұстағы табыстылықтың жиынтығы педагогтардың біліктілігін ұдайы арттыру, озық материалдық база мен өзекті оқыту бағдарламасы екенін атап өтті. Елбасының айтуынша, әрбір өңірде кемінде бір озық ЖОО және 10 заманауи колледж болуы тиіс. Оқу орындары тиімділігінің басты көрсеткіші – түлектердің жұмысқа орналасуы. Еліміздің әрбір тұрғыны білімді және денсаулығы мықты болуы тиіс. Сондықтан, тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.

Отандық медицина, ең алдымен, профилактика мен саламатты өмір салтын ынталандыруды бағдар еткені жөн. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі мен бастапқы медициналық санитарлық көмек шығыстары денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінде 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс.

Бұл – әлемдегі барлық дамыған елдердің тәжірибесі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырамын, деді Елбасы. Мұның нәтижесінде 7 өңірде жылына 100 мың пациентті қамтитын стационарлық медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі арта түсетін болады.

ҮШІНШІ, деп атап өтті Елбасы, бүкіл еліміз бойынша өмір сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыра бастау қажет. Бізде өңірлердің дамуында айтарлықтай айырмашылықтар байқалады. Неліктен бір облыстарда жолдар жақсы, ал басқаларында жаман? Неліктен бір жерлерде ТКШ тұрақты жұмыс істейді, екіншілерінде дәл ондай емес? Шын мәнінде жұмыс істейтін, адамдардың проблемаларын білетін және шешетін әкімдер бар. Халықпен кездесулерден ат-тонын ала қашатын және өңір халқының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына жүрдім-бардым қарайтындары да кездеседі. Әкімдерге халыққа жақын болып, оның игілігі үшін бәрін істеуге ұмтылу керек.

Қазақстан Президенті өзінің сөзінде елімізде түрлі бағдарламалар бар екеніне, оған жеткілікті ресурстар бөлініп отырғанына, алайда адамдардың нақты нәтижені көрмей келе жатқандарына назар аударды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, мұндайға жол беруге болмайды. Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешулері тиіс және жалған көрсеткіштерді қумаулары керек. Өйткені, әр өңір стратегиялық тұрғыдан маңызды. Еліміздің өңірлік өмір сапасының жаңартылған стандарттарына негізделген Жаңа карта қалыптастыру қажет.

Соңғы жылдары республикалық автокөлік желілері құрылысы бойынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық және жөндеуден өткіздік. Әрине, автобандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту – бұл орындалуын партия бақылауына алуы тиіс Үкіметтің шешуші міндеті. Аталған мақсаттарға қосымша 350 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңыздағы автожолдардың 95 пайызын жақсартуға жәрдемдеседі, деді Н.Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ, өңірлік көлік инфрақұрылымдарының барлық нысаны, оның ішінде аэропорттар, авто және теміржол вокзалдары жаңғыртылуы тиіс екендігін атап көрсетті. Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қалыптасқан проблемаларды шешу үшін 2019 – 2021 жылдарға қосымша 90 млрд. теңге бөлінетін болады. Шағын және моноқалаларды дамытуға да таяудағы үш жыл бойы жыл сайын қосымша 10 млрд. теңге қарастырылады. Еліміздің барлық тұрғынының таза ауыз суға қол жеткізуі, кең ауқымды газдандыру жұмыстарын жүргізу аса маңызды басымдық болып табылады. Сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 140 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Бұл аталған салада 2,2 миллионнан астам адамның проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, газдандыру және электрмен қамтамасыз ету жұмыстарына шамамен қосымша 190 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар газбен 1,1 млн. адамды қамтуға мүмкіндік беріп, өңірлік электрмен қамтамасыз ету сенімділігін айтарлықтай арттырады. Үкіметке аталған мақсаттарға 2019 – 2021 жылдарға шамамен 920 млрд. теңге қарастыруды жүктеймін. Жоғарыда айтылғандарды қаперге ала келе, «Нұр Отан» еліміздің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға екпін түсіре отырып, «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы тиіс, деді Президент.

Мемлекет басшысы қолымызда 7,5 млн. ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік бар екенін көлденең тартты. Бірінші кезекте Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, болашағы бар ауылдарды анықтау, сол жерлерде әлеуметтік саланы дамыту, интернаттар құру қажеттігін тапсырды. Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты дамудың ошағына айналдыруымыз қажет. Ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тағы басқалар бойынша ҚХР-дың тәжірибесін пайдалану қажет. Сол жерлерде тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондай ауылдарға болашағы жоқ елді мекендерден адамдар көшіп баратын болады. Жұмыс істеп, лайықты өмір сүруге ауылдың әлеуеті жеткілікті. Осыған орай, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс әзірлеп, оны 2019 – 2021 жылдары 90 млрд. теңге көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жастардың ауылда орнығып қалуына көмектеседі, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғарыда көрсетілген барлық бағыт пен жобаның кешенді сипаты бар, партияның ұзақ мерзімді мақсаттарымен үйлеседі және көп кешікпей-ақ адамдарға сезінетіндей деңгейде пайдасын тигізеді. Оларды таяудағы үш жылда жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша 2 трлн. теңге бөлінетін болады. Осы қаржы кедендік әкімшілендіру мен бюджет шығыстарын түбегейлі оңтайландыру есебінен қарастырылуы қажет. Бұл арада жергілікті жерлердегі басым бағытқа ие емес, қымбат іс-шараларды күн тәртібінен шығарып тастау керек. Аталған қадамдар таяудағы үш жылда бюджетке 1 трлн. теңге түсіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, Ұлттық қордан 2019 – 2021 жылдар ішінде қосымша 1 трлн. 350 млрд. теңге бөлу қажет. Жаңа бағдарлама әлемдік шешуші трендтерді зерттеу мен Қазақстанның барлық өңіріндегі жағдайды талдау негізінде жасалды. Онда таяудағы үш жылда мемлекеттің әлеуметтік саясатының іргетасына айналатын және бүкіл он жылдықтағы перспективаны көздейтін нақты мақсаттар мен жобалар көрініс тапқан.

Өздеріңіз білетіндей, деп жалғады сөзін Президент, бізде Үкімет ауысып, оның құрамы 70 пайызға жаңарды. Жаңа Министрлер кабинетіне, барлық әкімге дереу мен жариялаған тапсырмаларды жүзеге асыруға кірісу керек. Үкіметтің әр мүшесі мен әкімдер жеке жауапкершілік алады және жұмыс нәтижелеріне жеке жауап беретін болады. Партия да халықтың күнделікті мәселелерін шешуге белсенді араласуы тиіс. Бұл жұмысты «Халыққа көмек» жобасы күшейтеді ғой деп сенемін. Бүгінде қоғамның көкейкесті мәселелеріне жедел үн қатып, оларға меморгандардың назарын аударту маңызды. Бұл ең тиімді стратегия болмақ. Ол үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыру керек. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейту маңызды. Осы мәселеде бюрократиялық сөзбұйдалыққа жол беруге болмайды. Мұның тек мемлекеттік жеңілдіктерге ғана емес, сондай-ақ, волонтерлер мен кәсіпкер-меценаттар көрсететін атаулы әлеуметтік көмекке де қатысы бар.

Осылай дей келе, Елбасы «Нұр Отанның» барлық филиалы бәрінен бұрын осы жұмысқа бағдарлануы тиіс екенін атап өтті. Партия халықтың барлық жігінің мүддесін қорғап, азаматтар мен мемлекет арасын байланыстыратын шешуші буын ретінде көрінуі тиіс. Бүгінде алдыңғы орынға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде әлеуметтік саладағы бағдарламалардың тиімділігі мәселесі шығып отыр. Осыған орай, мен «Нұр Отанға» Президент Әкімшілігімен бірлесіп Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігі мен мониторингін бағалайтын орталық құруды тапсырамын. Партия алаңында әр тоқсан сайын жауапты мемлекеттік органдардың мемлекеттік бағдарламаларды қалай орындап жатқаны туралы тыңдаулар өткізіп тұру қажет. Есептер маған беріліп тұратын болады. Солардың негізінде тиісті қорытындылар жасаймыз, деді Мемлекет басшысы.

Елбасы, тұтастай алғанда, мына мәселені кезекті мәрте ерекше атап көрсетті: экономикалық даму халықтың әл-ауқатының нақты өсуіне бағытталатын болуы тиіс. «Нұр Отан» «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттің бизнесті қолдау қағидаттарын жақсарту бойынша жұмыс істеуі керек. Жемқорлықты түбірімен жою бағытындағы мақсатты жұмыстар жалғастырылғаны жөн.

Президент келесі кезекте жастарға ерекше назар аударылуы қажеттігіне екпін түсірді. Өйткені, жастар – болашағымыз! Осы орайда 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны атап көрсетілді. Партия мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін арттыруға қол жеткізуі тиіс. Сонымен қатар, «Нұр Отан» белсенді азаматтар үшін басты «әлеуметтік лифтілердің» бірі әрі барлық деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлардың қайнар көзі болуы керек. Заманауи басқарушылардың жаңа генерациясы «Партияның жастар резервінен» пайда болуы қажет.

Барлық нұротандық нағыз патриоттар болулары және абырой-беделі кіршіксіз болулары тиіс. Партияның халық алдындағы беделі тек орталықтағы кең ауқымды акциялармен немесе іс-шаралармен ғана өлшенбейді. Партияның образы қарапайым қазақстандықтардың көз алдында жергілікті жерлердегі күнделікті жұмыстармен қалыптасады. Бастауыш партия ұйымдарының қызметі жергілікті жерлердегі және өңірлердегі мәселелерді оң шешуге қабілеттілігімен ерекшеленсін. Партиялық іс-шаралардың мазмұндылығы, әсіресе өңірлердегі мазмұндылығы үшін жұмыс істеу керек. Халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартудағы кең ауқымды міндеттер партиядан өз ісіне деген үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Нұр Отан» қоғамдық бақылаудың басты институты болуы қажет. Партияның бағдарламасында бүгін мен айтқан барлық ұсыныстар ескерілуі тиіс, деді Н.Назарбаев.

Елбасы сөзін «Нұр Отан» – толағай табыстың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан, мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді. Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз – халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-есен, мол табыспен жете берейік! Әрекет ететін кез келді, ағайын! Алға, «Нұр Отан»! Алға, Қазақстан! – деп аяқтады.

Сонымен, Елорда төрінде елдік мұраттың бағдары тағы бір мәрте байыпталып, тағдыршешті байламдар таразыланды. Ұлы Дала төсінде салтанат құрған Мәңгілік Елдің нұрлы көшінің тізгіні – «Нұр Отанның» еншісінде. Ең бастысы, Елбасы мен «Нұр Отанға» деген ел сеніміне серпін еселеген мәртебелі жиын, пәтуалы сөз, парасатты байламға куә болдық. Қазақ Елі жаңа белес, ұлы мұратты бетке алып, алты құрлықтың төріне озып барады! Көшбасшысы – «Нұр Отан» мен Нұрсұлтан!

***

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезіне Қарағанды облысынан 92 делегат қатысып, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Директорлар Кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, «Шығыс» сауда үйінің құрылтайшысы Анвар Осин және белгілі меценат, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің мүшелігіне сайланды. Ал, Жезқазған кен байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаев аймақ жастары атынан сөз сөйлеп, ел жастарын халық игілігі жолында жұмыла еңбек етуге шақырды.

Ерсін МҰСАБЕК

«Орталық Қазақстан»