Онлайн жұмыстың орайын таба алдық па?
Бірқатар жұмыс орындары онлайнға көшкелі айға жуықтапты. Әу баста, көбі «үйде отырып істейтін болдық қой» деп бөркін аспанға атқан секілді еді. Қазір төрт қабырғаға әрең сыйып, арқаны кеңге салып жұмысқа кірісетін кеңселерін сағынған. Солардың бірі – мен. Иә, өткен жолы БАҚ саласындағы әріптестермен осы мәселені сөз еткен едік. Енді, басқа сала мамандарының қашықтықтан қызмет етуі қалай жүзеге асып жатыр? Онлайн жұмыстың орайын таба алды ма? Осыны сіз бен біз бірге білейік…
Қазір ел ішінде «жұмысты үйде отырып та атқаруға болады. Кеңседе кешке дейін отырудың қажеті шамалы» деген пікір қалыптасты. Көздерін жеткізіп барып айтып отырған пайымдары – бұл. Ал, енді біреулері жұмыс орныңда жауапкершілікті жақсы сезінесің деген ұстанымда екен. Бұл әлеуметтік желідегі пікірлердің легі ғой. Төменде елге еңбек сіңіріп жүрген әр сала маманымен телефон арқылы тілдескен едік. Сонымен…
– Ұстаздар қауымы ZOOM бағдарламасымен барынша білім беріп жатырмыз. Онлайн жұмысқа өз басым икемделіп қалдым. Үйде отырып бала оқытудың өз қызықтары да жетерлік. Мысалы, ағылшын тобында оқитын шетелдік студенттерге «Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары» деген тақырыпты өту барысында компьютер алдында отырып, балама домбырамен ән салдырып, күй тартқызып көрсеттім. Әрине, дайын бейнематериалдар жетерлік қой бұл тақырыпта, әйтсе де бұл орындау шетелдік студенттер үшін өте қызық болды. Олар карантин біткеннен кейін аудиторияға домбыраны әкеп, баламның өздеріне тағы да өнер көрсетуін өтінді, – дейді Қарағанды медицина университетінің профессоры Бағлан Каукербекова.
Теміртаудағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығы да қашықтықтан қызмет етуге кіріскен. Мұражай қызметкері Қуаныш Тыныбековтің сөзінше, үйде отырып видео арқылы жасаған онлайн экскурсияны сайтқа, әлеуметтік желілерге жүктеу арқылы жұмыс жүйелі жүріп жатқан көрінеді.
– Қазір әр мекемедегі барлық қызметкер әлеуметтік желіні қолданады. WhatsАppтағы чаттар, топтар арқылы әріптестермен жұмыс істеуге болады екен. Ең қызығы, үйде шәй ішіп отырып жұмысты WhatsАpp желісінде талқылағанда жұмыстың режиміне мән бермейміз. Қай күн екені де есте болмайды. Белгілі тақырып бойынша ортақ пікірге келе алмай жатсақ өз эмоциямызды смайликтер арқылы білдіріп аламыз. Ал, пікірі ұнамаған қызметкерді «топтан шығарып жіберу» арқылы жазалап аламыз, – дейді мұражай қызметкері.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл. Оның үстіне «Біз біргеміз» акциясына этнос өкілдері де айтарлықтай қолдау танытуда. Қиын кезеңде өзге ұлт өкілдері де бауырмалдығын байқатты. Осы негізде жұмыстың еселенгенін айтады Қарағанды облысы «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз қызметінің басшысы Индира Тоқмырза.
– Иә, үйде жеке жұмыс орнын әзірлеп алып, жұмысқа да кірістік. Етіміз үйренді. Әйтеуір, дер кезінде ақпарат әзірлеп, оны халықпен бөлісуде еш кедергі жоқ. Бірақ, әйел заты болғандықтан, отбасың, бала-шағаң үйде жүрсең демалыста жүргендей қабылдайды екен. Жақсы жағы күні бойы үйдесің, бала-шағаңмен біргесің. Уақыт жағынан солар кедергі етеді ептеп. Бірақ, кеңсеңде жұмыс істегенге не жетсін? Сақтық шараларын сақтап, еліміздің амандығы үшін қашықтықтан жұмыс істеуге мәжбүрміз ғой. Бұйырса, қиындықты бірге еңсереміз, – дейді Индира Жанұзаққызы.
Иә, бұл уақытша дүние. Карантин тәртіптерін қатаң сақтап, мамыражай күнге де аман-есен жетейік, ағайын!
Қасымхан ҒАЛЫМ.