Медицина

Онкология: жеңу жолы – ерте анықтау

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің алғашқы сатыларында ауру белгілері еш байқалмайды. Ол білінуі үшін кемі бес жыл уақыт керек екен. Бүгінде тіркелетін жағдайлардың 70-80 пайызы кеш анықталады десек, сонда адам бес жыл бойы қаралмаған, денсаулығына назар аудармаған болып тұр.

Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы, бұрынғы онкологиялық диспансер дәрігерлері адамдардың өз денсаулығына өздері жауапты екендігін кездесу сайын айтады. Осы жолы да 4 ақпан – Дүние жүзі бойынша қатерлі ісікке қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында да адам денсаулығына өзі ғана жауапты екені сөз болды.

– Адам бойындағы қай ағза болмасын бастапқы кезде еш белгі байқалмайды. Науқастардың дерті асқынғанда кеш келетіні сондықтан. Ауруды асқындырмау үшін профилактикалық тексерістен өтіп тұру қажет. Бүгінде ерте диагностика, скринингтер кеңінен қолданылады. Емханадан шақырса, атүсті қарамаңыздар. Шаршау, әлсіздік, бастың айналуы деген сияқты қарапайым белгілер онкология болмаса да адам ағзасында қандай да бір өзгеріс болып жатқанын көрсетеді. Соған уақытында мән беру керек, – дейді бас және мойын ісіктері бөлімінің меңгерушісі Ерғали Шауенов.

Әріптесінің сөзін жалғаған аурухананың амбулаториялық-емханалық қызмет басшысы Анатолий Красножен «еш жерім ауырмайды», «менің денім сау» деп жүре беруге болмайды,– дейді.

– Бүгінде 30-40 жастағы адамдар арасында да қатерлі ісік жиі анықталуда. Олар әдетте «менің денім сау», «менің ешқандай жерім ауырмайды» деп жүре береді. Бұл дұрыс емес. Мазаламаса да барып, тексерілу керек. Ол білінбей өтіп жатуы мүмкін. Ал, скринингтер, тиісті медициналық тексерулер адам көзіне байқалмай тұрған өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Бізге келмесе, жергілікті емханаларда қаралсын. Аудандық ауруханаларда да онколог мамандар бар. Егер, күдік тудыратын жағдай болса, олар бізге жібереді. Жалпы, онкологияны емдеу дүние жүзінде бірдей. Біз сүйенетін халықаралық хаттамаға Жапония да, АҚШ та сүйенеді, – дейді ол.

Онкологиялық ауруларды алғашқы сатысында анықтауға арналған скринингтік тексерулер елімізде 2008 жылдан бері бар. Ол уақытта сүт безі, жатыр мойны және колоректальды қатерлі ісікке скринингтер жүргізілді. Кейін, 2014-2017 жылдардан бастап қуық асты безі, өңеш және асқазан обырына, гепатоцеллюлярлық обырға скринингтер жүргізіле бастады. Бүгінде статистиканың көбеюі осы скринингтердің арқасы.

– Біз жыл сайын онкологиялық аурулар артып келе жатқанын, жаңадан анықталатын жағдайлардың көбейгенін айтамыз. Ол осы скринингтердің нәтижесі. Бұл қалыпты жағдай, қайта жақсы деуге болады. Біз оларды ерте анықтап жатырмыз, – дейді А.Красножен.

Жылына облыс бойынша 2-3 мың адамнан қатерлі ісік анықталады екен. Оның 500-ден астамы сүт бездері қатерлі ісігі, 1000-ға жуығы өкпемен келеді. Басқа түрлері қосылып мыңнан асады. Жалпы аурухана есебінде 20 мыңнан астам адам тұр. Күніне 20-25 операция жасалады.

– Қазіргі таңда елімізде ғана емес, бүкіл әлемде сүт бездері обыры онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орынға шығып отыр, – дейді онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі Найля Қабилдина. – Өсу тенденциясы байқалады. Әйел адам өзін тексеріп, бақылап отыруы керек. Түйін сезілсе, ірің не қан білінсе бірден дәрігерге бару қажет.

Спикерлер онкологиялық ауруларды емдеуде айтарлықтай ілгерілеу бар екенін де айтты. Бүгінде қатерлі ісіктен кейін өмір сүру ұзақтығы бес жылдан көбейгені байқалады. Әрине, түпкілікті нәтиженің сондай болуы індеттің ерте анықталуында. Бұл басты алғышарт десе болады. Себебі, барлық онкологтар бір ауыздан дерт неғұрлым ерте анықталса, құлантаза айығу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатынын айтады. Бұл ретте аурухана директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Қайрат Қожамбердин онкоқызмет осы ауруханадан бөлек, облыстың барлық медициналық мекемесінде бар екенін айтты.

– Облыс бойынша онкологияға қатысты диагностикалық, емдеу шаралары толығымен жүргізіледі. Біздің ауруханада заманауи эндоскопиялық орталық бар. Жаңа корпус салынып жатқанын білесіздер. Онда заманға сай операциялық-анестезиологиялық, реанимациялық бөлімдер болады. Басқа дәрігерлермен, ірі орталықтармен тығыз байланыс бар. Біз көбірек тексеріс жасаған сайын көп анықталады, – дейді Қайрат Қожамбердин.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button