Қарағандыда тұрғын үй құрылысын заңсыз жүргізген компанияларға айыппұл салынды
Қарағандыда сот шешімімен 10 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Себебі, құрылыс компаниялары рұқсат құжаттарынсыз жұмысқа кіріскен. Жоспардан тыс тексеруді Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізді.
Жосықсыз құрылыс салушыларды арнайы мониторинг барысында Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі анықтады.
– 10 компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тіркелген заң бұзушылық легі турасындағы мәліметтерді сотқа жолдадық. Олар Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 314 «Жобалық құжаттамасыз құрылыс», 321 «Авторлық-техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізу» және 463 «Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауының талон-хабарламасынсыз құрылыс жүргізу» баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығына айыппұл салынды, – деді мемлекеттік құрылыс инспекторы Думан Қасымжанов.
Егер аталған ескертулер жойылмаса, нысан пайдалануға берілмейді, әрі компания қабылдау актісін алмайды.
Жосықсыз құрылыс салушылар тізіміне «T-K Building» ЖШС («Al-Farabi» ТК), «TT INVEST-2022» ЖШС («Хан» ТК), «Satti Lux Stroy» ЖШС («Нұра» ТК), «Baiterek-2022» ЖШС («Аманат» ТК), «СМК Group» ЖШС («Baiterek» ТК), «Григорян Ш. Н.» ЖК (КТ), «TBL building» ЖШС («Tole Bi 2» КТ), «Revival Alliance» ЖШС (Ержанов көшесі, 63/2), «ККК Бетон» ЖШС («Бақытты отбасы» ТК), «Optima-Stroy» ЖШС («Династия» ТК) компаниялары енген.
Экономикалық сотта қазір үш тұрғын үй кешенін «өз еркімен салу» деп тану туралы талап-арыздар бар. Бұл «AlFarabi» ТК (құрылыс салушы «Т-К Building» ЖШС), «Хан» ТК (құрылыс салушы «ТТ-Инвест» ЖШС) және «Нұра» ТК (құрылыс салушы «Satti Lux Stroy» ЖШС) компанияларына қатысты.
Сондай-ақ, үлескерлердің қаражатын заңсыз пайдаланғаны үшін 15 компанияға 320бап бойынша айыппұл салынды. Қазір мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасының қарауында осындай бұзушылықтар тіркелген тағы екі компания бар.
Тілшілер қауымын көп сұрақ алаңдатқанымен, мемлекеттік құрылыс инспекторлары ресми жауаппен шектелді. Түсінгеніміз, тапсырыс беруші құрылыс нысанын жобалаушы ұйымды жалдап, белгілі-белгісіз нысан сызбасын алады. Алады да, «үй салады». Құрылыс басталысымен жергілікті атқару органының келісімінсіз әлеуметтік желілерде жарнама жасап, үлескер қаржысының бір бөлігін қалтаға басады. Бірақ, әлгі сызба тиісті сараптамадан өтпеген болып шығады. Ақыр соңында тексеріп келгенде, әлгі жобалаушы ұйымдардың көлеңкесі де көрінбейді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz