Омыртқа дискісінің жарығы – эволюция «жемісі»
Омыртқа дискісінің жарығы, жалпақ тілде «грыжа» бәріне таныс. Қазір ол екінің бірінде, егіздің сыңарында кездеседі. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде екені рас. Омыртқадан басталған дерт бастан, бақайға дейін әсер етуі бек мүмкін. Себебі, омыртқа бойында жүйке талшықтары да, бұлшық ет каркасы да орналасқан. Емделмеген дерт салдарынан адам жүре алмай қалуы да ғажап емес. Бір жағынан ауырсыну, екінші жағынан болашаққа деген қорқыныш адамға дерт шипасын іздетеді. Бұл жолда кездескен ем түрінің бәрі нәтижелі деуге әсте келмес. Әрі біреуге қонған ем екіншісіне әсер етпеуі, керісінше, зиянын тигізуі мүмкін. Үміт жетегінде жүріп алданып қалу оп-оңай. Ондай оқиғалар жайлы естіп, көріп жүрміз. Сондықтан, омыртқа дискісінің жарығы және оны дәстүрлі, дәстүрлі емес жолдармен емдеу жайлы сөз қозғаймыз.
Адамзаттың дерті
Ашық дереккөздерден қарасаңыз, не дәрігерлерден сұрасаңыз, оның адам эволюциясының нәтижесінде пайда болғанын білесіз. Адам аяғынан тік тұруы омыртқаға салмақ түсіреді. Мойын, кеуде және бел омыртқасының жарығы бар. Оның ішінде көбірек кездесетіні – белдікі.
Профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының жоспарлы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Жұмаділовтің айтуынша, омыртқа дискісінің жарығы – остеохондроздың бір көрінісі.
– Ерте ме, кеш пе ол барлық адам баласында пайда болады. Бірақ, оның клиникалық білінбеуі мүмкін. Ал, остеохондроз түсінікті тілмен айтсақ, омыртқаның табиғи қартаюы. Адамның жүріп-тұруы бұған тікелей әсер етеді. Ауырсыну, ұю, сұғып алғандай белгілер байқалады. Ауру оқыс қимыл, жарақат салдарынан асқынып көрінеді, – дейді Нұрлан Жұмаділов.
Осыған дейін омыртқа остеохондрозы, дискілер жарығы қандай да бір мамандықтарға тән деп есептелді. Кеншілер, ауыр жұмыстағы адамдар, жүргізушілер жиі ауыратын. Қазір ауру айтарлықтай жасарған. Мәселен, хирург операция жасағандардың ең жасы – 12, кәрісі – 82 жаста. 12 жастағы балада грыжа болатындай қандай күш түсуі мүмкін? Оның себебі – бұлшық еттердің әлсіздігінде.
– Қозғалыссыз, бір орында отырып істейтін жұмыс көбейді. Жастар компьютер алдында көп отырады. Сәйкесінше, бұлшық еттер жұмыс істемейді, бұлшық ет каркасы әлсірейді де, грыжа пайда болады. Сосын еш дайындықсыз ауыр атлетикамен айналысып жатады. Ол да әсер етеді. Бір жағы мұны диагностикалау әдістерінің жақсаруы себебінен деп айтуға болады. Бұрындары рентген арқылы ғана анықталса, қазір МРТ, КТ бар, – дейді ол
Мануальды терапия ем бе?
Медицина дәстүрлі, дәстүрлі емес деп бұрыннан бөлінетінін білеміз. Дәстүрлісі түсінікті, дәрігерлер. Дәстүрлі емес медицина – шығыс медицинасы, ол баяғыда қалыптасып, өзін дәлелдеген. Олай болса, әлеуметтік желіде жарнамасы көз сүріндіретін мануальды терапевтер мен сынықшыларға баруға бола ма? Тайған омыртқаны ұрып, орнына салып жатқан бейнежазбалар қаптап жүр. Оның үстіне невропатологтардың бірі «сынықшыға бар» дейді, екіншісі «оларға жолауға болмайды» деп қорқытады. Ауруы жанына батқан науқас екі ортада қалады.
Бұл ретте Нұрлан Жұмаділов ондай емді сертификаты, базасы бар мамандар ғана жүргізуі керек деген пікірде
– Бірақ, бүгінгі таңда оны ақша табудың оңай жолына айналдырғандар да кездеседі. Түрлі бейнежазбаны көріп алады, курстарға да қатысуы мүмкін, сосын адам емдейді. Дәрігерлік жолға түсер алдында мануальды терапиямен мен де әуестендім. Бірақ, соңында дәстүрлі медицинаны таңдадым. Сондықтан, оның не екенін білемін, – дейді дәрігер.
Ал, мануальды терапевт, остеопат Ермек Смаилов мұндай терапияны ұрмай, науқас үшін жайлы болатындай жасау керек деп санайды.
– Бұл омыртқа жарығы омыртқааралық дискілердің орнынан таюынан пайда болады. Ол жүйке талшықтарын қысып қалады. Жүйке талшықтары сол-оң аяққа әсер етуі мүмкін. Оның нәтижесінде дене жартылай жансыз қалуы ықтимал. Емдеудің бірінші тәсілі ауыра бастаған кезде дәрі-дәрмекпен емделу. Ал, ұрмай, ауыртпай жүйке жүйесін босату, ол – қолмен жасалатын мануальды терапия. Бірақ, әркімнің әдісі әртүрлі. Мен ұрып жасауға қарсымын, – дейді мануальды терапевт Ермек Смаилов.
Мануальды терапиямен бас ауруы, бас сақинасы, сколиоз, кифоз сияқты ауруларды жазуға болады. Тіпті, көңіл күйдің өзгергіштігін де осы әдіспен қалыпқа келтіруге болады екен.
– Балалар мен жасөспірімдерде омыртқаның қисаюы, бүкірлік, аяқ-қолдың бір-бірінен ұзын болуы мануальды терапиямен емделеді. Тізенің ауруы да кетуі мүмкін. Емдеу үшін әуелі анализ тапсырып, КТ, МРТ өтіп, аурудың себебін анықтау керек. Мойын тамырларына УДЗ жасау қажет. Көп жағдайда бастың айналуы, ауыруы тамыр қысылғаннан. Қан жүрмей қалады. Менің міндетім – тамыр жолдарын босату. Келушілердің мүмкіндігі болса, осындай тексеруден өткені абзал. Ол – емдеудің дұрыс бағыты, – дейді ол.
Дегенмен, маманның айтуынша, мануальды терапияның нәтижесі адамның өзіне байланысты.
– Терапиядан кейін реабилитациялық кезеңді дұрыс өткізу, күтіну маңызды. Кейбіреулер сәл жақсарса, жазылдым деп 3-4 сеанстан кейін келмейді. Ақшасын аяйды, не уақыты болмай қалады. Адамдар өмір бойы қаралмай бір қабылдауда жазылып кеткісі келеді. Ол мүмкін емес.
Ермек Маратпекұлының айтуынша, мануальды терапияға адам көп келеді. Дегенмен, оның қарсы көрсетілімдері де бар. Мәселен, Бехтеров ауруы, күйік, сынық, инсульт, қан кету, қатерлі ісік ауруларында, дене қызуының көтерілуі кезінде мануальды терапия жасалмайды. Бұл қатарға маман егде тартқан науқастар мен балаларды да қосты.
Жалпы, мануальды терапияның арзан тұрмайтыны айдан анық. Аймақта мұндай терпияға орташа есеппен 10-20 мың теңге аралығында төлейсің. Астаналық терапевтердің бір қабылдауы кемі 40-50 мың екен. Алайда, жаны қысылған адам не істемейді? Бір жағы «оны қымбат десек, сонда өз өмірімізді қаншаға бағалағанымыз?» деген ой қылаң етті. Егер шынымен де, дертіңе – шипа, бойыңа – қуат берсе, жұмсалған дүниеге ішің ашымайды.
Денсаулық – байлық
– Мойнымның үш омыртқасында жарық (грыжа) бар екен, – дейді қала тұрғыны Айман Жүнісова. – Оның екеуі кішірек, біреуі үлкен. Оны кездейсоқ білдім. Негізі, басым айнала берген соң қаралған едім, оның себебі қан тамырларының қысылуынан болып шықты. Ал, тамырды омыртқаны жағалай орналасқан бұлшық еттер қысқан. Екі невропатологқа бардым. Бірі «Грыжасы барларға мануальды терапия мүлде болмайды. Сынықшыға баруды ұсынады. Бірақ, ол сізге келмейді» деді. Екінші невропатолог грыжадан бөлек, жанындағы бұлшық еттер сіресіп қалғанын айтты. Ол тамырларды басып, миға қан бармай қалады. Басым айналатыны сол екен. Дәрігер бірінші бұлшық еттерді жұмыс істету керектігін айтып, укол, массаж берді. Түсінгенім, бұл дерт мүлдем кетпейді. Тек күтіну керек. Әлі де ине салдырып, укол алуым керек. Сынықшыға бармаймын, қорқамын. Осыған 300 мыңға жуық ақша кетті, – дейді.
– 2019 жылы ауырдым, – дейді Қарқаралы ауданының тұрғыны Самал Әбішова. – Басында жамбасым ауырды, кетанов ішіп жүре бердім. Бір күні таңертең тұрсам, аяғымды басып, қадам жасай алмаймын. Содан жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Барлық талдауларды жасап, «жүйке талшығы қысылған, ауруханаға жату керек» деді. Үш күннен кейін омыртқам қақсай бастады. Омыртқаны рентгенге түсіріп, Қарағандыға жіберді. Ол жақтан «5, 7 омыртқасында грыжа, ештеңе істей алмаймыз. Екеуінің арасы жақын, операция сәтті болатынына кепіл жоқ. Жасасын дейтін болса, қолхат жазсын» деген жауап келді. Жасатайын десем, қорқамын, жасатпасам, ауырады. Солайша қоларбаға таңылдым. Бір айдай ем алып, жамбасымның ауырғаны басылды. Бірақ, оң жақ тізем бүгіліп кете беретін болды. Орнымнан тұрсам, тіземді ұстай алмай құлап қаламын. Дәрігерлер қауіпті болса да, операция жасату керектігін айтты. Жолдасым келіспеді.
Сынықшыға бардым. Жылқының майын байлап берді, солай 25 күн жүрдім. Сосын омыртқамды сипалап отырып салды, «шырт» еткен дауысты естідім, бірақ, жаным шығып кете жаздады ауырғанда. Ал, тіземе укол алдым, құйрық май тарттым. Біртіндеп тізем де жазылып кетті. Қазір де анда-санда ауырып қояды. Қорқамын.
Операция – қорғаныстың соңғы шебі
Кез келген ауру уақытылы емделуі керек. Одан кейін ғана хирургиялық көмек қолданылады. Жанына батпаса, кім операция жасатқысы келеді дейсіз? Оның артында қорқыныш тұр. –
Көпшіліктің операциядан бас тартатыны қорқыныштан, – дейді бұл туралы нейрохирург Нұрлан Жұмаділов. – «Ауырғаны басыла ма? Жағдайым қиындап кетпей ме? Сал болып қалмаймын ба?» деген қорқыныш болады. Алайда, қорқып жүре берсе, уақыт өтіп кетіп, операция да көмектесе алмай қалуы мүмкін. «Ота көмектеспеді» деп айтатындар ауруын асқындырып келгендер. Жалпы, кез келген операция, оның ішінде, омыртқа жарығына жасалатыны да адам ағзасында жағдай жасауға бағытталады. Әрі қарай адам ағзасы өзі бейімделіп, жазылуға тырысуы керек. Біз тек мүмкіндік береміз.
Жалпы, адамдар операциядан не күтеді? Келді, жасатты, бәрі жақсы болып кетеді деп ойлайды. Бұл – олай емес. Адам – көлік, дәрігер – автослесарь емес. Ерте кезден бастап шынығу, денсаулығын күту деген сияқты. Қазір бүкіл әлемде адамның өз жауапкершілігі туралы насихатталады. Дәрігер біреудің денсаулығына жауапты емес.
Дәрігердің айтуынша, мұндай дертке жасалатын ота түрі көп. Аурсынуды басуға ғана бағытталған, тайып кетуге байланысты эндоскопиялық операциялар, бел остеохондрозы кезінде радиожиілікті абляция, эндоскопиялық дисэктомия, дискілер жарығына қатысты шағын хирургиялық операциялар, дискі жарығын алып тастап, тұрақтандырушы жүйе орнату арқылы жасалатын оталар бар.
Операция – бұған дейінгі ем көмектеспегенде қолданатын шара. Емге көнбесе, операцияны нейрохирург шешеді. Бұл ретте ем де кешенді болуы тиіс.
– Жүйке жүйесінің өткізгіштігін жақсартатын, ісікті басатын, импульсты жүйкеден бұлшық етке жеткізуді жақсартатын, шеміршекті, сүйек тіндерін қоректендіретін препараттар. Қан тамырларын да емдеуді ұмытпау керек. Яғни, барлық ауруға бір дәрі болмайды, – дейді Нұрлан Едігеұлы.
Оның айтуынша, нейрохирургия бөлімшесінде жасалатын операциялар саны жыл сайын өсіп келеді.
Мұны бір жағынан операциялық көмек ауқымын арттыруға талпыныс десек, екінші жағынан бұл – ауруды анықтау мүмкіндігінің артуы деуге болады. Бөлімшеде жылына 1100-1200 ота жасалады. Оның 60 пайызы омыртқа ауруларына қатысты. Тікелей омыртқа жарығына – 400- 450 операция.
Дәрігер операция жасатады ма, мануальды терапевтерге бара ма науқастың өзі шешуі керектігін айтты.
– Мен, дәстүрлі медицина өкілі, операция алдында науқаспен сөйлесемін. Күтілетін нәтижені айтамын. Күтпеген жағдайда не істеуге болатынын да түсіндіремін. Дәстүрлі емес медицина маманы да сөйтуі керек деп ойлаймын. Науқасқа күткен нәтижесі болмағанда не істеу керегін айтуы қажет. Айтып бере алмаған адамға өз басым бармас едім. Жалпы, мануальды терапевтерге баруға кеңес бермеймін. Бірақ, омыртқа жарығы жоқ болса, ине салу, кинезитерапияны ұсынамын, – деді маман.
Кинезитерапия деген не?
Кинезитерапияның түп төркіні гректің «қозғалыс» және «емдеу» сөздерінен шығады. Кинезитерапия – реабилитацияның негіздерінің бірі. Ол қозғалыс арқылы адам ағзасындағы жүрек-қан тамырлар, тыныс алу, басқа да жүйелерді, сүйектер мен бұлшық еттің жағдайын жақсартуға және оны сақтауға мүмкіндік береді. Бұл бағыт ем-дом процедураларында, емдік дене шынықтыру ретінде бұрыннан бар. Дегенмен, кейінгі кездері ғана кинезитерапия танымал бола бастады.
Қарағанды қаласындағы дәрігер Бубновскийдің орталығы қозғалыс арқылы денсаулықты күтуге үндейді. Орталықтың кинезитерапевті Айсұлу Оспанованың айтуынша, мұндай жолмен денсаулығын қалыпқа келтіргісі келетіндер қатары көп.
– Укол, дәрі-дәрмексіз, бастысы, операциясыз грыжаны емдеуге болады. Бізге келетіндердің көбісі осы омыртқа дискісінің жарығы бар науқастар. Олар қатты ауырып тұрған уақытта келеді ғой. Диагностикалық тестілеу жасалып, әр науқасқа бөлек бағдарлама әзірленеді. Нәтижесінде ауру симптомдары басылады. Жаттығу нұсқаушылардың бақылауымен өтеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, жаттығу кешені аптасына үш реттен. Әрқайсы бір сағаттан артық емес.
Бағымыз ба, сорымыз ба, қазіргі ғылыми-техника да адамды қозғалыстан алыстатып барады. Тұрмыстық техниканың түр-түрі, өндірісті автоматтандыру бір жағы жеңілдеткенімен, екінші жағынан басқа мәселелер «тауып» беруде. Бұл ретте протрузияны да ұмытпаған жөн.
Протрузия – дерттің басы
Протрузия – дискілердің ісінуі деп түсіндірді дәрігер Нұрлан Едігеұлы. Қайсы протрузия, қайсы омыртқа жарығы екені сәулелік диагностика нәтижесіне байланысты анықталады.
– 3-4 милиметрге дейін – протрузия, одан асса – грыжа. Дегенмен, клиникалық дәрігер омыртқа каналының ені, жүйке жүйесімен байланысы сияқты факторларды ескереді. Мәселен, рентгенолог 2 милиметр деп жазса, бірақ, науқастың омыртқа каналының ені кішірек болса, қатты ауырып тұрса, бұл операция жасауға көрсеткіш болып саналады. Кейбір адамдарда 8 милиметрлік грыжа көрсеткіші сол омыртқа каналының үлкендігінен қатты ауырмауы мүмкін. Яғни, бұл жерде мәселе өлшемде емес, науқастың жағдайында деуге болады. Протрузия емделеді, грыжаға тек қана операция деп кесіп айтуға келмейді, – дейді маман.
Дегенмен, қандай жағдайда да ауруды асқындырмай дер шағында қаралуға кеңес береді ол. Невропатологтың да, мануальды терапевтің де айтар басты кеңесі – күтіну.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz