Жаңалықтар

Олжа Оманнан ғана емес…

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры өткен жылды табысты әрі жемісті шығарып салды. Оман сұлтандығының астанасы Маскат қаласында он күнге жалғасқан Алдин халықаралық театр фестиваліне Сәкен театрының жанынан құрылғанына үш ай ғана болған Қуыршақ труппасы өнер көрсетіп қайтты.

Сурет: sputnik.kz сайтынан

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» халық ертегісінің желісімен қойылған қуыршақ қойылымы «Үздік сахналық костюм үшін» жүлдесімен марапатталды. Қоюшы режиссер, әрі костюмдер, сахна мен қуыршақтар эскизін жасаған Айдын Салбан бастаған жас әртістер Маскатта алған жүлделері туралы сүйіншілеп айтқысы келмесе де, Тунис, Кувейт, Ирак, Иран, Марокко және басқа да мұсылман араб елдерінің байырғы театрлары қатысқан бәсекелі жарыста биіктен көріну жас ұжым үшін мәртебе болғаны аян.

Жас әртістердің әрқайсысы сахнада үш бірдей қуыршақпен жұмыс істеп, үш рөлді сомдап шыққан. Ал, спектакльдегі 11 қуыршақты Айдынның жетекшілігімен әртістер жасағанын айтуымыз керек.

Оманға сапар алдында Сәкен театрының Қуыршақ труппасы Алматыда өткен Almaty Puppet Festival І халықаралық фестиваліне осы аталған қойылыммен қатысып, «Үздік сценография үшін» жүлдесін еншілеген болатын.

Сондай-ақ, Сәкен театрының шығармашылық тобы Алматыда өткен Жас театрлардың (режиссерлердің) І республикалық фестиваліне Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпейісова қойған «Қарагөз» спектаклімен қатысып, 30 қойылымның ішіндегі үздік 8 қойылымның бірі атанып, жүлдеге ие болып қайтты. Жетісу төрінде аңыз актриса Бикен Римованың 100 жылдығына арналған BIKEN І халықаралық театр фестиваліне О.Бөкейдің «Атау кере» шығармасы бойынша қойылған спектакльмен қатысып, «Үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алды. Талдықорғаннан кейін іле-шала Қызылжарда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан театрларының фестиваліне де осы қойылымды алып барған театр ұжымы «Үздік сценография» жүлдесін қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Астанаға гастрольдік сапармен барып, елорда көрермендерінің қошеметіне бөленіп қайтты. Күніне екі-үш қойылымның барлығы да аншлагпен зал толы көрерменмен өтті, театр репертуарындағы «Ұлтқа қызмет», «Текебұрқақ», «Айналайын», «Атау кере» спек­такльдері мен балаларға ар­налған ертегі қойылымдарын ас­та­налықтар ыстық ықыласпен қа­былдады.

Ал, жыл басында Сәкен театрының шығармашылық ұжымы Түркияның Кониа, Трабзон қалаларында өткен халықаралық фестивальдерге шақыртумен ба­рып, Ш.Мұртазаның «Теке­бұрқақ» әңгімесінің желісімен қойылған пластикалық-морфоз экспериментальды спектаклін көрсетті. Сәкендіктер Түркия фес­тивалінің арнайы сыйлы­ғы­мен марапатталды.

Сағат БАТЫРХАН,
халықаралық журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button