Жаңалықтар

“Қолы ашықтың – жолы ашық”

Кеңес кезінде «ұжымдық кәсіп орын» деген түсінік болатын. Ел, ортақ мақсат, ортақ мүдде үшін жұмыла еңбек ететін. Ол тұста «кәсіпкер», «жеке кәсіпкер» деген ұғым ешкімнің түсіне кірмейтін.

Тәуелсіздік алып, нарық босағадан аттап енген беттен, бұл тіркестер тілдік қорымызды толықтырып, қолданысқа дендеп еніп кетті. Алайда, көпел сол «кәсіпкер» мен «кәсіпкерлік» де­ген­нің не екендігінің ара-жігін әлі күн­ге ажыратып, парықтай алмай жүр. Бү­гін біз осы «кәсіпкер деген кім?», «кәсіпкерлік деген не?» деген сұраққа Ақтоғай ауданында кәсіпкерлікті әр тараптандырып, көп салалы кәсіпті дамытып отырған Ерлан Нұртазин жайлы жазба барысында елге жан-жақты түсіндіріп көрмекпіз. Ол, үшін біз алдымен Ақтоғай аудандық кә­сіпкерлік бөлімінің басшысы Сайлау Әубә­кіров­тің аталмыш салаға қатысты ақпаратына көз жіберіп, уәжіне құлақ түрсек.

– Ақтоғай ауданы бойынша жалпы 1441 тұлға шағын және орта кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркелген. Жалпыға ортақ жалпақ тілмен айтар болсақ, әлгі 1441 субъектінің 920 тұлғасы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, тер төгіп жүрген кәдеуілгі фермер, шаруа қожалықтары. 60 заңды тұлға, яғни әр түрлі, әр деңгейлі кәсіпорын бар. Жоғарыда көрсетілген кәсіпкерлік санатына жататын субъектінің 231-і сауда-саттықпен айналысады. Халықтың тілімен айтқанда «коммерсанттар». Тек 34 кәсіпкер ғана өз өнімін шығарып, аудан халқының сұранысын қанағаттандырып отыр, – дейді маман.

Міне, «кәсіпкер деген кім?», «жеке кәсіпкер­лік деген не?» деген сұрақтың нақты жауабы. Жалпы, қай елдің болмасын экономикасын қалыптастыратын шағын және орта бизнес субъектілері екені белгілі. Жоғарыдағы көрсеткішке көз жіберсек, қағаз жүзінде Ақтоғай ауданы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің тасы өрге домалап-ақ тұр. Шынтуайтында солай ма? Көтерме сауда орындарынан тауар алып сатып, отбасын асырап, нәпақасын айырып отырған қауым қалай шағын және орта бизнес өкілі қатарына жатады. Жаһандық ұғымда «кәсіпкер» деп өнім шығаратын субъектіні айтса керек. Демек, Ақтоғай ауданында бар-жоғы 34 кәсіпкер ғана бар деген сөз. Оның дені нан өнімдерін шығаратын майда, ұсақ кәсіпкер. Ал, өз басым нағыз шағын кәсіппен шұғылданып, өз өнімін тұтынушыға жеткізіп отырған кәсіпкерді білем. Ол бүгінгі біздің бас кейіпкеріміз Ерлан Нұртазин. Ерлан Нұртазин Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылында туып, Айыртас ауылында өскен. Әкесі Жәмел ақсақал жаңадан құрылған Айыртас, Еңбек кеңшарларының ірге тасын қалап, бригадир, қойма меңгерушісі болып қызмет жасап, еңбегінің арқасында елге абыройлы-беделі артқан кісі болыпты. Алты ұлын жастайынан жұмысқа жегіп, еңбекке баулыпты. Бүгінде Жәмекеңнің алты ұлының барлығы шетінен бір-бір кәсіптің құлағын ұстаған іскер, шетінен ауыл шаруашылығын дамытып отырған қожалық егесі. Ерлан да еңбекке ерте жастан араласқан. 1987 екі жылы Отан алдындағы азаматтық боры­шын өтеп қайтып, Балқаш мыс комбина­тындағы Байрбасов цехнда еңбек жолын бастаған. Арада кеңес ыдырап, еліміз тәуелсіздігін алып, найқалып нарық келген. Ел «ортақ өгізден оңаша бұзауды» қалап, «өз қотырын өзі қасуға» көш­кен. Осы тұста «Көппен көрген ұлы той» деп Ерлан да ел қатарлы өз алдына тірлік жасап, 2005 жылы зауытты тастап, жеке кәсіпке бет бұрады. Тәуекел деп тас жұтып, несиеге КАМАЗ көлігін сатып алып, бірер жыл қара жолдың шаңын шығарып, нәпақа айырған. Келе-келе мемлекеттік сатып алу бойынша ірілі-ұсақты тендерлерге қатысып, жұмыс жасап, бастапқы капиталын құрайды. Табысын еселеп, шаруа қо­жалығын ашады. 2017 жылы елге оралып, жер алып, коммуналдық базар ашты. Одан әрі өзге де кәсіптерін қолға алды. Ерлан барды місе тұтып, қарап оты­ра алмайтын адам. Бастапқыда кұм-кесек құйды. Одан соң ауыл әкімінің сұранысына орай мал сою бекетін, сәл кейіндеу тақтай тілу цехын ашты. Автотаразы салды. Одан тысқары елді көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Ендігі кезекте сүт қабылдап, сүт өнімдерін шығару цехын іске қосу тұр. Барлық қажетті жабдықтары әзір. Ғимараты да дайын. Құдай қаласа ол ойларының да жүзеге асатын сәті де алыс емес.

Елге көмірді автотаразы арқылы өл­шеп, үйді-үйге тегін жеткізіп береді. Кірпіш, тақтай қала нарығынан көп тө­мен бағада сатылады. Қазір құрылыс материалдарының бағасы аспандап күйіп тұр. Соған сәйкес кірпішке деген сұраныс күннен күнге артып отыр. Аудан орталығынан тысқары ауылдардан, тіптен Балқаш қаласынан тапсырыс түседі дейді. Ел осы уақытқа дейін үйлерінің қор­шау-шарбақтарына қаңылтырды (проф­лист) пайдаланды. Алты метрлік қаңылтырдың бір данасы бүгінгі күні диаметріне қарай 23-25 мың теңге тұрады. Ел амалсыз үйлерін әлдеқайда арзанға түсетін құм кесекпен қоршауға көшті. Демек, кірпішке деген сұраныс бар. Кірпіштің бүтін, ортасы қуыс, дуал-қоршауға арналғаны бар, төрт-бес қалыпта, тақтайдың да қалыңдығы, жалпақтығына қарай ондаған түрін шығарады. Әсілі, Ерлан тәуекелді ұнататын жігіт. Ақтоғай секілді бар-жоғы үш мыңға жетер-жетпес халқы бар, сұраныс, тапсырыс аясы тар жерде кәсіп ашудың өзі үлкен тәуекел.

«Шы­ғасы болмай, кіресі жоқ». Жоғарыда айт­тық, құрылыс материалдары қымбат. Материал аласың, жұмысшылардың жалақысы бар. Кәсіп ашарда алынған қондырғы, құрылғылар мен техникалардың (погрузчик, экскаватор, автокөліктер) шығындары бар дегендей. Соған қарамастан өз өнімдеріне артық ба­ға қосып, елге салмақ салып отырған жоқ. Сөз ауанынан баққаным, Е.Нұртазиннің мақ­саты пайда табу емес, ауылда жоқ, кәсіп түр­лерін өрістету екен. Бұл тұрғыда бірқатар жос­пар-жобамыз жүзеге асып, ойға алған жұмыстарымыз біртін-біртін орындалу үстінде. Меніңше, адамның бойына іскерлік туа бітетін секілді. Олай дейтінім, Ерлан «кәсіпкер болам» деп арнайы білім алып, ешбір оқу орнын бітірмеген. Соған қарамастан кез келген істің ыңғайын оңай табады. Сөзі кесек, ісі ірі. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» уәдегеге де берік. Техника тіліне жетік. Кірпіш құйып, тақтай тіліп, сүт өңдейтін цехтардың барлық құрылғы, жабдықтарын қалай пайдаланып, қалай іске қосу керегін, кәнігі маманша жатқа біледі.

Кірпіш құю, тақтай тілу айтар ауызға оңай. Әр кәсіптің өзіне тән технологиясы мен қиындықтары бар. Оны игеріп, меңгерген маман қажет. Көлденең келген қара дүрсін адам, елдің сұранысы мен талап деңгейіне жауап беретін өнімді шығарып бере алмайды. Ерлан бұл жағын да тиянақты шешкен. Қарауына тұрақты жұмыс істейтін 18 (шопыр, механизатор, құрылысшы, станокшы) кәсіби білікті мамандарды топтастырып, ұжымға кілең өз ісінің шебері дейтін адамдарды тартқан.

– Кірпіш құйып, тақтай тілетін жігіттер бес аспап. Шығаратын материалдың өнімділігін артырып, әр цех қалыпты ырғақта жұмыс жасап тұр. Бұл азаматтарға еш алаңдамаймын. Әрқайсы өзі­не жүктелген міндетті мінсіз атқарып жүр, – дейді Ерлан.

Ерекеңнің мәрттігі мен мырзалығы өз алдына бөлек әңгіме. Оны өзі сөз еткісі келмейді. Сонда да болса Ақтоғай ауылының әлеуметтік аз қамтылған 16 отбасына қыстық көмірін тегін түсіріп беріп отырған жақсылығын қалай бүгіп қаласың.

Тағы сол кеңес кезінде аудан орталығында дербес селхозтехника, тұтыну қоғамы, ДЕУ, ДСР секілді толып жатқан шаруашылық мекемелері болатын. Бұл күнде олардың басым бөлігінің жұрнағы да қалмаған. Есесіне олардың орнын Ерлан Нұртазиннің дәулетіне сәулеті сай көпсалалы кәсіпорыны басты.

Ақтоғай ауданында жыл сайын он­даған жаңа құрылыс нысандары салынып, өндеу-жөндеу жұмыстары жүр­гізіледі. Өкінішке орай, солардың тендерін салт басты, сабау қамшы біреулер ұтып алып, елдің техникасын пайдаланып, бар­лық жұмысты ауыл адамдарына істетіп, жергілікті кәсіпкелердің алдын орап кетіп жүр. Ал, сол жұмыстарды «Ер­лан Нұртазин секілді іске ебі, елге себі бар, жергілікті кәсіпкерлер атқарса, нұр үстіне нұр болар еді», дейсің кейде. Егерде сол тендерлерге бөлінген қаржы жергілікті кәсіпкерлердің қал­тасына түссе, ауданда шағын және орта биз­неске кең жол ашылар еді ғой. Аймақ, аудан басшылары осы бір мәселені ой елегінен өткізіп, жергілікті кә­сіпкерлерге қолдау көрсетсе, өзге де кә­сіп түрлері жанданып, шағын және орта бизнестің бойына қан жүгіріп, ауылдың тынысы ашыла түспей ме?!

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button