Президент тапсырмасын орындай отырып...

Қолдау барда – сенім бар

Ұлты мен ұлысына, жасына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, ана мен бала қолдауға қашанда зәру. Біреуге қаржылай, біруеге жылы сөз, келесісіне ақыл-кеңес керек болуы мүмкін. Бір қуаныштысы, мұндай көмектің қазір түр-түрі көрсетіледі. Оның ішінде, көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын еститін қоғам қалыптасып келеді.

Айналамыздағы кез келген әрекеттің себепшісі болады, зер салсақ. 2019 жылдың басында өртке оранған бес қыздың оқиғасы көпбалалы отбасылардың қордаланған мәселелеріне назар аудартпай қоймады. Бұл әдеттегідей бір-екі ай жарыса жариялап «қызуы» біткеннен кейін жаба салатын тақырып болмай шықты. Осыдан кейін бір емес, бірнеше мың адамның өтініш тілегі билікке жетті. Бүгінде бұл тіптен оңайлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей пәрменімен әкім-қаралардың барлығы әлеуметтік желіге шықты. Бұрынғыдай қабылдауына жазылып, кезек күтетін заман емес. Оның ішінде, елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда Қарағанды облысындағы көпбалалы отбасылардың түйіткілді мәселелері жететін жеріне жетеді деп айта аламыз.

Сөзімізді көпбалалы отбасылар мәселесін көптен қозғап жүрген, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова да растайды.

 – Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тарапынан көрсетілер көмек көп. «Бақытты отбасы», атаулы әлеуметтік көмек алу, «Шаңырақ», білім қоры (всеобуч) бағдарламаларына өзгеріс енгізу мәселелерінде облыс әкіміне тікелей жүгінеміз. Себебі, кейбір заңнамалық құжаттарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей қалады, – дейді ол.

Мәселен, 2 пайызбен ипотека алуға мүмкіндік беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасында алғашқыда тек жаңа үйлерден ғана берілетін болған. Ал, 10 миллион теңгеге көпбалалы отбасы Қарағандыда тек 1 бөлмелі пәтерге ғана қол жеткізе алады. Бұл тиімсіз болғандықтан, осы мәселені облыс әкіміне айтыпты.

– Осыдан кейін ол кісі өз тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне шығып, нәтижесінде бағдарлама аясында екінші деңгейлі тұрғын үйлер алу мүмкіндігі пайда болды. Қарағанды облысындағы көпбалалы аналардың осы ұсынысы республика бойынша басқа да аналарға көмек болды, – деп түсіндірді Ләззәт Таймырқызы.

Жергілікті билік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде де нақты көмек көрсете білді. Әуелдегі бағдарламаның шикі тұстары қазір реттелді. Мұқтаж отбасылар аталған көмекті алу үшін бұрынғыдай бір мекемеден екіншісіне барып, 11 түрлі құжат жинап жүрмейді. Аймақ басшысының ұсынысынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені айтарлықтай жеңілдетті. Қазір аналар жеке куәлігін ғана көрсетіп өзіне тиісті көмекті кедергісіз ала алатын халге жетті. Әкімдік тарапынан былтыр пандемия кезінде кәсіпкерлерді жұмылдырып, көпбалалы 600 отбасыға көмек көрсетілгенін де айта кеткен жөн.

Көпбалалы отбасылардың басты мәселесіне айналған баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі де күн санап артып келе жатқан сыңайлы. Оған облыс көлемінде қарқын алған құрылыс жұмыстары куә.

– Облыс әкімдігі 2019 жылдың сәуіріне дейін кезекте тұрған көпбалалы аналардың барлығы алдағы 2-3 жылдың ішінде баспаналы болады деп уәде берген. Сол уәдесін орындауда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Биыл құрылысы жүріп жатқан арендалық үйлердің көлемі былтырғыдан 40 пайызға артық,– дейді Л.Қожахметова.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, аймақ алдағы үш жылда жылына 1 миллион шаршы метр үй салуды жоспарлап отыр. Мұны онлайн режимде өткен аппарат отырысында Жеңіс Қасымбектің өзі де: «Биыл, шамамен, 700 мың шаршы метр баспана саламыз. Алдағы 4 айда аумағы 160 мың шаршы метрден асатын үй тұрғындарға берілмек. Бұл былтырғы осы уақыттағы көрсеткіштен 12,7%-ға артық» деп атап өткен болатын.

«Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігі жетекшісінің түсіндіруінше, көпбалалы отбасылар кезегін күтіп, арендалық баспана алады, ал, кезегін күткісі келмейтіндер ипотека рәсімдей алады. Ипотека 2 және 5%-бен беріледі. 2 пайыздық ипотеканың алғашқы жарнасына бас қатырмаңыз, әкімдік төлеп береді. 2 жылда бұл бағдарламамен облыста 600 отбасы баспаналы болды. Биыл 300 отбасыға қаражат қарастырылған.

Облыс орталығының өзінде 17 мың адам үй кезегінде тұр. Оның 900-і – көпбалалы отбасы.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button