Қолданыста – жаңа желі
Тұтынушылардың темір-бетон бұйымдары мен құрылымдарына күн санап арта түскен сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Самға» ЖШС темір-бетон құрылымдары заводы базасында ST-1500 жаңа технологиялық желісі іске қосылды. Соған орай, талапқа сай жаңғыртылған заводтың ашылу рәсімі өткізілді.
Аталған кәсіпорын тауарлық бетонның барлық түрін шығаруға машықтанған. Заводтың қайыра жаңғыртылуы 60 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Жобаны қаржыландырушы – «Казкоммерцбанк» АҚ Жезқазған филиалы.
Жаңа желінің тұсаукесер рәсімінде кәсіпорын ұжымын Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Болатбек Жақсыбаев, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы өндіріс кәсіпкерлері қауымдастығының директоры Николай Распопов және «Казкоммерцбанк» АҚ Жезқазған филиалының директоры Сәлім Төкенов құттықтап, табыс тіледі.
– Заводтың жобалық қуаты бойынша темір-бетон бұйымдары мен құрылымдарының 126 түрін шығару мүмкіндігі бар, – дейді кәсіпорын басшысы Мұхтар Үңгітбаев. – Өндірілген өнімдерді тұтынушылар – Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының кәсіпорындары мен тұрғындары. Бұдан тысқары, Қазақстанның ішкі нарығы да қамтылатын болады.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
СӘТБАЕВ қаласы.