Жаңалықтар

Ойшыл ғалым, білікті ұстаз

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Экология халықаралық академиясының толық мүшесі, академик Торғай Әмірханұлы Әлімбаев 1945 жылы 16 ақпанда Қарағанды қаласының Ленин ауданында (қазіргі Қазыбек би) дүниеге келген. Торғай Әмірханұлы 1964 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп (1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті болып қайта құрылды), 1968 жылы бітірді. Студенттік жылдары айрықша ұйымдастырушылық қабілеті мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына бейімділігімен ерекшеленіп, студенттік ғылыми үйірме төрағасының орынбасары, факультеттің комсомол бюросының хатшысы болып сайланады.

Сурет автордан

Жоғары оқу орнында оқып жүргенде ғылыми студенттік қоғамға (ҒСҚ) белсене қатысады және ғылыми жетекшісі доцент М.Богуславский болды. Оқуды бітіргеннен кейін Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп келеді. Кейін Торғай Әмірханұлы 8 жыл бойы Қарағанды облысының комсомол және партия ұйымдарында жұмыс істейді. Республиканың белгілі саяси қоғам қайраткерлері О.Әбдікәрімов, ­Б.Баекенов, Х.Қабжановтармен бірге облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімі секторының меңгерушісі, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды қаласы Ленин аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ғылыми зерттеулерге деген қызығушылық партиялық мансаптан жоғары болды. Өйткені, Торғай Әлімбаев ғылыми ортада өскен. Оның үлкен ағасы Әбілда Әмірханұлы – экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері, екінші ағасы – Әбілманат Әмірханұлы философия ғылымдарының докторы.
Торғай Әмірханұлы еңбек жолын 1977 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінде бастады. Партия органдарындағы жұмыс тәжірибесін ескере келе, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті КОКП тарихы кафедрасы­ның профессор-оқытушылар құрамын нығайту мақсатында оқытушылық қызметке шақырылып, осы лауазымға конкурс бойынша өтеді. Осылайша, өмір жолының жаңа кезеңі – ЖОО­-дағы оқытушылық қызметі басталады.
Мұнда Торғай Әлімбаев қатардағы оқытушыдан Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор атағына дейінгі жолдан өтеді. Педагог және ғалым ретінде қалыптасуына университеттің бірінші ректоры Евней Бөкетов үлкен қолдау көрсетті. Евней Арыстанұлының ұсынысы бойынша 1979 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасына жіберілді. Кандидаттық диссертацияның ғылыми жетекшісі Қазақстан Ғылым академиясының көрнекті ғалымы С.Баишев болды. Академик жас зерттеушінің ғылыми-зерттеу қызметіне өзіндік көзқарастарымен әсер етіп, оның зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал етті.
Торғай Әлімбаев университетте ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық қызметте жемісті жұмыс жүргізеді. Өзіне тән күш-қайраты мен табандылығының арқасында ғылыми зерттеулердің нәтижелерін республика аумағында да және одан тыс жерлерде де жариялайды. Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Екатеринбургте, Ташкентте өткен Бүкілодақтық және халықаралық конференцияларға белсенді қатысып, баяндамалар жасайды. Екі рет респуб­ликалық Жас ғалымдар байқауының лауреаты, 1981 жылы Бүкілодақтық жас қоғамтанушы ғалымдар байқауының жеңімпазы атанады және «ЖҒТШ лауреаты» (жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығы) БЛКЖО ОК белгісімен марапатталды. 1982 жылы Торғай Әмірханұлы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде «Қазақстан Компартиясының көмір өнеркәсібі үшін жұмысшы кадрларды даярлау және тәрбиелеу қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.
Кандидаттық диссертациясын табандылықпен қорғағаннан кейін ол республикада да, одан тыс жерлерде де ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін кеңінен жариялайды және сынақтан өткізеді. Өзінің ғылыми деңгейін одан әрі арттыру мақсатында материалдар жинап, докторлық диссертация тақырыбын бекітеді. Бүкіл­одақтық және республикалық конференцияларға белсенді қатысып, баяндамалар жасайды, болашақ докторлық диссертация тақырыбы бойынша бірқатар мақалалар жариялайды.
Кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен талантты және болашағы зор ғалымды Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясының КСРО тарихы институтына докторантураға жібереді. Мұнда ол Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында, В.Ленин атындағы кітапханада жұмыс істейді, дәрістер тыңдайды және М.Ким, А.Самсонов, А.Новосельцев сияқты белгілі тарихшы ғалымдардан кеңес алады. Торғай Әлімбаев ғалым-ұстаздарынан ең жақсысын алып, өзі де тамаша педагог және ірі ғалым қатарына көтерілді. Торғай Әмірханұлы ғылыми жұмысын өзі таңдаған кәсіби бағытқа тарихи аспектідегі экология проблемаларына арнады. Ғылыми-зерттеудің талдамасы 1996 жылы Алматы қаласы «Ғылым» баспасынан шыққан «Қоғам және табиғат» (қоғам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінің тарихи аспектілері) монографиясының жариялануымен аяқталды.
1998 жылы «Қазақстанның экология­лық мәселелері: тарих, тәжірибе және сабақтар» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Докторлық диссертацияның түбегейлі ғылыми жаңалығы зерттеу қазақстандық тарихнаманы дамытудың жаңа бағытын экологиялық проблематиканың тарихи аспектілерін әзірлеудің бастауы болды. Торғай Әмірханұлы Қазақстанда экология мәселелерін тарихи аспектіде қарастырған алғашқы тарих ғылымдарының докторы болады. Ол отандық тарихнамада адам мен қоршаған орта арасындағы қайшылықтардың тарихи аспектіде шиеленісуінің жалпы әлемдік тенденцияларының Қазақстандағы көріністерінің жалпы белгілері мен ерекшеліктерін бірінші болып зерттеді. Диссертацияда алғаш рет Арал мен Балқаштың, Кас­пий маңы өңірінің мәселелеріне, Семей ядролық полигоны қызметінің теріс салдарына талдау жасалды. Мерейтой иесі Қазақстан Республикасындағы экологиялық тәрбие мен білім берудің өзекті мәселелерін зерттеуге баға жетпес үлес қосты.
Ізденушіге экологиялық мәселенің маңызды міндеттерін түсінуге сонымен қатар, жаңа тарихи ойлау тұрғысынан күрделі мәселелерді ғылыми негізде түсінуге мүмкіндік береді. Зерттеу негізінде автордың практикалық ұсыныстары жеткілікті дәлелді және құнды болып табылады. Бұл ұсыныстарды диссертация қорғаушы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетіне, сондай-ақ, Қазақстан Халық академиясының «Экология» төралқасына енгізу үшін жолдағанын атап өту қажет.
Торғай Әмірханұлы Қазақстанда экология мәселелерін тарихи ретроспективада қарастырған алғашқы тарих ғылымдарының докторы болды.
2002 жылы Торғай Әлімбаевты Астана қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басқарушы кадрларды даярлау институтының директоры лауазымына шақырады.
Осы жылдары Мемлекеттік басқару академиясы республиканың мемлекеттік қызметшілерін даярлаумен, қайта даярлау­мен және біліктілігін арттырумен айналысты. Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
2004 жылы Торғай Әмірханұлы қайтадан ұжымына оралып, Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Торғай Әлімбаевтың ғылыми қызметінде Қазақстандағы қоғам мен табиғаттың өз­ара іс-қимылының тарихи аспектілерін зерттеу басты орын алады. Осы мәселе бойынша жария­ланған ең маңызды жұмыстардың бірі – «Қоғам және табиғат» монографиясы (қоғам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінің тарихи аспектілері) 364-бет (2023).
Осы жылдары экологиялық білім беруді ұйымдастыруға, биологиялық білім беруді табиғи ортаны қорғаудағы бұқараның қозғалысымен үйлестіруге, табиғи байлыққа ұқыпты, ұтымды қатынасты қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Сондықтан қоршаған ортаны сауықтыруда халықтың экологиялық ұтқыр­лығы бірінші орынға қойылады.
Торғай Әлімбаев өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде көптеген жылдар бойы р­­­­еспубликаның белгілі тарихшы ғалымдарымен, атап айтқанда, Х.Әбжанов, А.Күзембайұлы, С.Жақыпбеков, Т.Омарбеков, А.Қадырбаев, М.Қойгелдиев, Б.Кәрібаев, А.Галиев, Ж.Мажитовалармен бірге қызмет етіп келеді. Ғалым докторлық диссертациясын жазу барысында ақыл-кеңестерімен бөлісіп, қолдау көрсеткен ҚР ҰҒА коррес­пондент-мүшесі Х.Әбжановпен жақсы қарым-қатынас қалыптастырды.
Ғалым университетте жұмыс істей жүріп, жоғары білікті кадрларды даярлау ісіне зор үлес қосты. Атап өтсек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңестердің құрамында болды. Тәжірибесі мен білімін, жоғары біліктілігін ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі оны сараптамалық кеңеске шақырып отырады.
2011 жылдан бастап ҚР БҒМ тарих ғылымдары бойынша Сараптамалық кеңестің мүшесі және тарих саласынан ғылыми кадрларды даярлауға көп еңбек еткен ғалым ретінде танымал, оның басшылығымен тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін 3 диссертация дайындалып, сәтті қорғалды. Профессор Торғай Әлімбаев Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында қорғалған көптеген докторлық және кандидаттық диссертациялардың оппоненті болды.
Торғай Әмірханұлы Әлімбаевтың есімі республика мен таяу шет елдердің ғылыми орталарында кеңінен танымал. Оның қаламынан шыққан Қазақстан, Ресей, Болгария, Польша, Америка Құрама Штаттарының басылымдарында жарияланған 300-ден астам ғылыми еңбектері мен 5 қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі монографиясы бар. 1999 жылы Халықаралық Экология академиясының академигі болып сайлануы Торғай Әлімбаевтың тынымсыз ғылыми еңбектерінің лайықты бағасы болып табылады. 2000 жылы Қазақстан Республикасының ЖАК оған «Тарих» мамандығы бойынша «профессор» атағын берді. Торғай Әлімбаевтың ғылыми және педагогикалық қызметі бағаланды. 2012 жылы ғалымға «Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.
2014 жылы Торғай Әмірханұлы Қазақстан Республикасында ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР БҒМ-нің Алғыс хатын алды. ҚР БҒМ, БЛКЖО ОК, Қазақстан ЛКЖО Құрмет грамоталарымен, БЛКЖО ОК лауреаты атағымен, «НТТМ лауреаты» атағымен, «ҚарМУ-ге 40 жыл» медалімен марапатталған. Торғай Әмірханұлын білетіндердің бәрі оның демократияшылдығын, көпшілдігін, адамдарға деген мейірімге толы қарым-қатынасын, өмірге деген құштарлығын ерекше атап өтеді. Қазіргі таңда Торғай Әмірханұлы өзінің ғылыми және қоғамдық қызметін Қазақстан тарихы кафедрасының еңбек сіңірген профессоры лауазымында жалғастыруда. Ғалым «Қазақстан экологиясының заманауи мәселелері» тақырыбындағы кезекті монографиясын баспаға ұсынып отыр.
Жоғары кәсіпқойлық пен жауапкершілік, табандылық пен адалдық, елгезектік пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттерімен өзінің әріптестері мен дос­тарының арасында абыройлы. Ғалым ағамыз республикамыздың ғалымдары арасында ғана емес, одан тыс жерлерде де үлкен беделге ие. Торғай Әлімбаев өзіне және әріптестері мен оқушыларына өте талапшыл, бірақ, бұл оның адамдарға кішіпейіл және ілтипатты болуына еш кедергі болған емес. Мерейтой бұл – қорытынды есеп беру уақыты сияқты, алайда, профессор Торғай Әлімбаевтай нағыз кәсіпқой педагог, ғалым үшін уақыт шекарасы көкжиекке ұқсайды, жақындаған сайын алыстай береді. Өмірлік оптимизмге, жалынды энергияға және адамдарға қызығушылық танытатын кез келген мәселе бойынша тілектестік қарым-қатынасқа толы адам осылай өмір сүруі керек!

Салават КЕНТБЕК,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының
кандидаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button