Қойсананың қараусыз басы неге?
Қарағанды мен Ақсу-Аюлының арасы атшаптырым жер болса керек. Қазіргі көлік қатынасының жылдамдығымен есептегенде, бірер сағаттық қана аралық. Осы Шет ауданының орталығын жарып өтіп, Қарымыс ауылына соқсаңыз, дүйім алаштың анасы дерлік Қойсана анамыз жатқанын сіз бен біз білеміз, бірақ, керек қылмаймыз. Атақты Байғозы баһадүрдің қызы, Ақжолтай Ағыбай батырдың шешесі Қойсана ананың басы қараусыз дегенге мен сенбес едім, сіз ше?
Байғозы батырды білмейтін, Ақжолтай Ағыбайды айтпайтын қазақ жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деді. Осы Ұлы Дала тұлға- ларының бірінен туып, бірін тапқан Қойсана шешеміз Алаштың анасы емей, кім?! Қарымыс ауылындағы жатқан жері мемлекеттің қарауында болып саналғанымен, қамқорлығына алынбаған. Күтіп жатыр. Жуық арада алына ма, жоқ па, Құдай біледі. Басында қарайып бірер ескерткіш тұр, бірақ, оңды бір қоршау жоқ. Аңғал-саңғал, көзге қораш. Қарымыстың күллі жылқысы аруақты анамыздың басында. Киелі жерді біз керек қылмасақ та, жылқы жарықтық керек қылады екен. Қасиетті орын Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында көтерген «Қазақстанның киелі жерлері» қатарына да енбей отыр ма сонда?
Біздің редакция орналасқан Баспа үйіне (Ермеков, 33) қарама-қарсы тұрған жиһаз дүкенінің алдында доп үстінде ойнаған мысықтың мүсіні тұр. Әлгіні арнайы күтушілер күн сайын демейін, аптасына бір жалтыратып сүртеді. Маңын абаттандырып қойған. Мысықтың едірейген мұрты түгілі, төмен жағындағы гүліне тиіссең, «5 мың теңге айыппұл төлейсіз» деп жазылған және бейнекамера қойылған. Қастерлі анамыз тыным тапқан жерді мұнымен салыстырудың өзі ұят! Бетке – шіркеу, сүйекке – таңба!
Қойсана анамыздың жатқан жерін мен де білмеуші едім. Былтыр күзде жол-жөнекей өтіп бара жатып, осындағы мырза атанған атақты Есбай ұрпағы Жанат Мусин есімді азамат апарып, дұға қылғанбыз. Әр жағында тайшаптырым жерде Есбай мырзаның ескі мазары тұр. Қабырғасының қалыңдығына құшағың жетпейді. Мемлекеттің қарауында дейді. Онысы да көрінбейді. Мұжылып, үгіліп түскен лай-топырағының өзі тауға айналыпты. Іші сол қалпы. Қоршай салсақ етті? Сақтап қалу жолдарын ойластыру керек шығар? Шыбындаған, үйездеген мал барып сүйкенеді, құлатпай қоя ма? Қарымыстың қалың жылқысы осы мазарға қарай ауа жайылады да, Қойсана анамыздың басына келіп иірілетінін мен емес, ауыл тұрғындары айтады. Қайда барып тұру керектігін жылқы жарықтық та біледі. Жылқы мен қазақтың жаны бір деуші еді. Қазақ аттан ауып қалғалы қашан? Жылқы қасиетінен жаңылмапты, бірақ.
Қойсана анамыз туралы ойласақ, көкейден аңыз көшеді. Ағыбайға жүкті кезі екен. Көшіп келе жатқанда, алты қарақшы бейбіт көшке тиіп келіп береді. Сонда жалғыз Қойсана анамыз ұрыс қылып, бақанмен алтауын ұрып түсіреді. Жау бірін-бірі сүйеп, әйелдің аяғы ауырын білген соң: «қояйық, бұл әйелдің күші емес, ішіндегі арыстанның күші ғой» – деп жүріп кетіпті. Әріден қайырсаң да, беріден тартсаң да, аруағы асып тұр ғой анамыздың. Қазақта «Алла кешеді, аруақ кешпейді» деген сөз бар. Ұлт анасы Қойсана анамыздың басына құзырлы органдар барып, тиісті шараларды қолға алар деп үміттенеміз және жауап күтеміз.
Жәнібек ӘЛИМАН.