«Қойлыбайдың шәкірттерінің осалы жоқ»
Өзімді «Ұстаздан жолы болған» шәкірт санаймын. Қарашаңырақ ҚарУ-де білім алған жылдары ұстазымның ізгілігін, игі ісін, терең тәжірибесін, адамгершілікке жетелейтін кең болмысын бойға сіңірдім.
– Айналайындар, менің аты-жөнім – Қойлыбай Асанов. «Шешендік өнерден» сабақ беремін. Киелі орда – ҚарУ-ге қош келдіңіздер! Арқаның даласындай жүректерің кең болса, «кем» болмайсыңдар! Кітап оқыған баланы жақсы көремін. Сендерге беретін алғашқы тапсырма – Ебіней Бөкетовтың «Атан қомында туған адам» шығармасы», – дегені әлі есімде.
Ауылдан қалаға келген бізге ҚарУ өте үлкен орда болып көрінді. Ойда «бұл жерде аға, көкеміз жоқ, тырмысып өмір сүрерміз» деген сенім ғана бар. Қарағанды суық әрі қатал қала болғанымен, ағай бізді өте жылы қарсы алды. Болмысы биік, тұлғалы профессордың дархандығына сол кезден тәнті болдық. Кез келген әңгімесінің әлқиссасы «Айналайын, бала!» деумен басталатын. Не жекіп сөйлемейді, не дүрсе қойып, зекімейді. Әйтеуір, реттілік бойынша бір күнде алты сабақ болса, ағайдың сабағын мұқият оқып, санаға сіңіріп, таң атқанша талдап келуші едік. Қазір ойлап отырсам, ұстаздың шеберлігі сол екен. Шәкірттері айтқанын сөзсіз ұғынса, мақсат пен мүдденің орындалғаны ғой. Осылайша «Ұстаз» ұғымының мәнін жоғары оқу орнына келгенде терең сезіндік. Шарапатын көрдік. Мақтан тұттық.
Адамзат қай кезеңде де ұстазға ерекше құрмет көрсетіп, пір тұтқан. Сондықтан, әрбір парасатты азаматтың білім теңізіне жетелеген ұстазын үлкен сағынышпен, құрметпен айтуы – заңды. Біздер ұстаздың алдына журналистиканың не екенін толық танымай барып, қоржын-қоржын біліммен, тың тәжірибемен қайттық. Бүгінде алған тәлімді ту қылып ұстап, жүрегіміз қалаған салада қызмет атқарып жүрміз. Бұл да бір бақ шығар.
«Айналайын, Аяулым бала!» деп еркелетіп қарсы алатын ағайым 60-тың асқарына келіпті. Атақ, абыройы асқақтап тұрған бүгінгі шақта, асқаралы жасқа жетсе де, алдынан алты жасар бала шықса, адамшылығынан айнымай, ізгілік көрсетер еді. Біздің ағай сондай адам.
Мен ұстазымды алтын діңгекке теңер едім. Ұлағатты өнегесі мен шуақты шарапаты талай шәкіртінің бойына тарады.
Алғашқы редакторым, марқұм Мағаш аға айтпақшы «Қойлыбайдың шәкірттерінің осалы жоқ».
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.