Руханият

Ой жарығы өшпейді

Е.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды зерттеу универси­теті филология факульте­тінде тәулік бойы жұмыс іс­тейтін кітапхана ашылды. Бұл бастама академик Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына «100 игі іс» жобасы аясында жүзеге асырылған.

Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Мағауин, профессорлар Бейсембай Ерғалиұлы, Жандос Қожахметұлы кітапхананы салтанатты түрде ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Содан соң жиылған жұрт кітап үйін аралап шықты. Кітапхана заманауи талаптарға сай толық жабдықталған.

– Негізгі мақсат – жас буынға құнды білім беру. «Аса мәртебелі студент» дегенді жиі айтамыз. Барлық игілік студенттер үшін. Жасала береді де. Мәселен, Жапония, Америка сынды дамыған елдерде кітапхананың 24 сағат жұмыс істейтінін көрдім. Ал, бізде 18:00-де жабылып қалады. «Кейінгі кезде жастарға дұрыс жағдай жасамай жүрміз бе?» деген ой мазалай берді. Неге біздің Арқа жерінде осындай жағдай жасамасқа? Міне, бұған да жеттік. Енді, бұл кітапхана тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Алдағы уақытта барлық факультеттің кітапханаларын жаңғырту жоспарда, – деді университет ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Жаңа кітапхана – студенттер мен оқытушылар үшін ақпарат алу алаңы ғана емес, ой өрбітіп, ғылымға ден қою­ға мүмкіндік беретін қасиетті орда.

– Заманауи кітапхана заман талабына сай құрылыпты. Тәнті болдық. Алдағы уақытта жастар ілім-білім шыңдауға қызмет ете берсін. Байқағаным, Қарағандыға еліміздің басқа да облыстарынан жастар келіп білім алады екен. Бөкетов университеті – еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі. Әкемнің бұл университетке, Евней Арыстанұлына құрметі бөлек еді. Осындай шараға қатысқаныма қуаныштымын, – деді Едіге Мұхтарұлы.

Университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Едіге Мұхтарұлына университет атынан естелік сайлығын және кітапханаға жазушы Кемел Тоқаевтың еңбектерін тарту етті. Факультет ұжымы Едіге Мағауинге «Тереңге тартқан тамырын» атты биографиялық кітап сыйлады.

Едіге Мұхтарұлы өз кезегінде университет кітапханасына классик жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық жинағын және «Қасым» кітап үйі шығарған кітаптарды сыйға тартты.

Жаңа кітапхананың цифрлық жүйеге негізделуі білім алушылардың уақытын үнемдеп, ізденісін жеңілдетуге зор мүмкіндік береді. ID карталар арқылы қажетті кітапты өз бетінше тауып, қолдану – уақыт талабына сай жасалғаны тиімді шешім.

– Кітапхана бір мезетте 100 адамға дейін қабылдап, сапалы қызмет көрсете алады. Қорында 200 мыңнан астам кітап бар. Негізгі залға Евней Арыстанұлы мен оқу ордасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ғалымдардың портретін ілдік. Жоба бұған дейін университеттің 13 факультетінің үшеуінде жүзеге асырылған. Бұл – төртіншісі. Әрқайсы бір-біріне ұқсамайтын стильде. Филология және философия факультетінде орналасқандықтан, этностиль таңдалды. Келесі кітапхана шет тілдері факультетінде жабдықталмақ, – деді университеттің ғылыми кітапхана директоры Гауһар Қуанышқызы.

Кітапхана сегіз бөліктен тұрады. Олар – конференц зал, жеке жұмыс, сирек қор, мультимедиялық ресурстар, этнозона, абонемент, кітап қоры және оқу залы.

Әсіресе, Wi-Fi желісімен қам­тылып, цифрлық жүйенің енгізілуі білім алушыларға зор көмек. Ғы­лыммен айналысатын жандарға арналған сирек кітаптар қорында екі мыңға жуық кітап бар.

Белгілі кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім «Қасым» кітап үйі басып шығарған кітаптарын жаңа кітапхана қорына сыйлағанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Гүлнар МАҚАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button