Жаңалықтар

Облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығындағы балалар бөлімінде бос орын жоқ

Жаз мезгілінде тағамнан улану жағдайлары басқа кездегімен салыстырғанда 1,5-2 есе артады екен. Айына 140-150 адам жіті ішек инфекциясымен ауруханаға түседі. Қазір облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығындағы балалар бөлімінде бос орын жоқ.

Бала улану

– Тағамнан улану жағдайлары жазда көбейеді. Бұл жыл сайын қайталанатын жайт. Оған ауа райының ыстығы да әсер етеді, – дейді жұқпалы аурулар орталығының бөлімше меңгерушісі Баянбек Аспан­дияров.

Улану көбінесе мерзімі өтіп кет­кен, бактериялармен, сондай­-ақ, химиялық заттармен бүлін­ген азық- түлікті қолданғанда, сонымен қатар, жеке бас гигиенасын сақтамағанда пайда болады. Баянбек Ерболатұлының айтуынша, бірінші кезекте сүт, крем қосылған кондитерлік өнімдері, жұмыртқа, балық, фаст-фуд, консерві өнімдері қауіпті. Бұл қатарда балмұздақ та бар. Көп жағдайда олардың дұрыс сақталмауы мен тасымалданбауы да ауруға себеп.

– Қазіргі уақытта балаларда улану себептері өз жасына келе бермейтіні байқалады. Мәселен, кішкентай балалардың картошка фри, қуырылған тауық еті, майлы тағамнан улану жағдайлары да жиі кездеседі. Науқастардың өзі нақты неден екенін білмеуі мүмкін. Көбісі жеміс-жидектермен, қарбызбен байланыстырады. Бір жерден үш адам ауырған жағдайда эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Қандай инфекция екенін анықтау үшін бактериологиялық талдау жасалады. Биыл ондай жасалған жоқ, – деген дәрігер термикалық өңделген, жарамдылық мерзімі өт­пеген тағамдарды пайдалануға кеңес берді.

Дәрігердің айтуынша, ішек инфекциясы жас талғамайды. Ауыратындардың дені – 1-ден 10 жас аралығындағы балалар. Дегенмен, қазір орталықта бір айлық бала да жатқан көрінеді.
Жеке гигиенаны сақтау, әсіресе, қолды жиі жуу – жіті ішек инфекциясынан сақтанудың бірден-бір жолы.

– Қала сыртына, далаға демалысқа шыққанда қол мен же­міс-жидекті жууға баса мән беру керек. Кейбіреулер қарбызды жумай кесіп жей береді. Оның қалай жеткізілгенін білмейсіз ғой. Қарбызды өзен суымен жууға болмайды. Қолды да солай, өзен суына жуылған қол таза деген сөз емес. Мұндай мақсатта арнайы ауыз су алып келу керек, – деп ескертті маман.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button