Басты тақырыпРуханият

Облыс құрдасы – қазақ театры

   Кенішті өлкенің жемісті еңбегін Алаш тұрмақ алты құрлықтың өзі жақсы біледі. Құрыш құйып, болат балқытқан өндіріс аймағы әлемге сонысымен ғана әйгілі ме? Әсте де олай емес. Қарағанды десе ҚарЛаг пен қара көмірдің ғана айтылары не осы? Бір кездері бүкіл Кеңес кеңістігі аузының суы құрып айтатын Күләш БАЙСЕЙІТОВА мен Қали БАЙЖАНОВТЫҢ, Жәмилә ШАШКИНАНЫҢ жарқын бейнесі жарықша сөніп, жұлдызша ағып жоғалғаны ма? Жоқ! Ән бесігі Ақтоғай, жыр қайнары Қарағанды, руханият ордасы, өндірісті өңірдің төл құрдасы, қасиетті қара шаңырақ – қазақ театры барда Арқа топырағы ақынсыз, әнсіз, әртіссіз қалды деуге адам баласының аузы бармас.

Айтпағым – Қарағандыдағы қазақ театрының әлқиссасы. Ойлы оқырманның онсыз да білетінін тәптіштеп қайтеміз. Әңгімені әріден бастайық…

Бүгінгі С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры сонау 1936 жылы құрамында жас кеншілер мен құрылысшылар бол­ған жұмыскерлер театры негізінде құрылды. Театрдың негізін ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртістері – З.Көшкінбаева, Ж.Шашкина, С.Тел­ғараев, З.Жақыпов қалады. Театр 1932 жылы Ж.Шаниннің «Зәуре» қойылымымен ашылып, он­дағы басты кейіпкердің рөлін Ж.Шашкина сомдады. 1934 жылы театр жаңа әр­тістермен толығып, қатарында КСРО-ның халық әртісі Р.Қойшыбаева, А.Мұсабекова, М.Сүртібаев, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері – А.Шаймерденов, М.Бектенов болды. Жас ұжым өздерінің театрдағы ізашарын Н.Гогольдің «Женитьба» комедиясымен бастады. Театр репертуарында Б.Майлиннің «Май­дан», «Талтаңбайдың тәртібі», С.Сей­фуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» секілді сәулелі қойылымдары бар еді.

1936 жылы облыс орталығының Қарағанды қаласына көшірілуіне байланысты театр облыстық драма театры деп аталып, жаңа ғимаратқа қоныс тепті (Ескі қалада). Театрдың шығармашылық ұжымына ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртістері – М.Әбдікәрімов, Ж.Шаймерденова және театрдың алғашқы режиссері ГИТИС-тің түлегі Н.Камалов қосылды. Сол жылы театрдың белгілі әртістері М.Сүртібаев пен Ж.Шашкина, сонымен бірге Қ.Байжанов, С.Жүнісов, Р.Қойшыбаева Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысты. Театр ұжымының қойылымында орыс классиктерімен қатар әлемдік шығармалар орындалды.

Ұлы Отан соғысы жылдары театр әртістері майдангерлер алдында өнер көрсетіп, репертуар мазмұны М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды», А.Островскийдің «Без вины виноватые» сынды патриотизм, халықтар достығы, Отанға деген махаббат идеялары бар қойылымдармен толықты. 1944 жылы театрдың 8 әртісіне «Қаз КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағы берілсе, 6 әртіс ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Тіпті, соғыс аяқталғаннан кейін театр ұжымына И.Сталиннің атынан майданға қаражат жинағаны үшін алғыс жеделхат келді.

1964 жылы театрға қазақтың белгілі ақын-жазушысы, қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің есімі берілсе, 1982 жылы театрдың 50 жылдық мерейтойы қарсаңында театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. 1986 жылы драматург С.Жүнісовтің «Өліара» спектакілін койғаны үшін театрдың бас режиссері Е.Тәпенов, бас суретшісі М.Мақсұтов, әртістер – К.Жұмабеков, С.Қажымұратов ҚазССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Бүгінгі күні С.Сейфуллин атын­дағы қазақ драма театры – республикамыздағы алдыңғы қа­тарлы театрлардың бірі. Театр бірнеше театр фестивальдерінің жеңімпазы. Соның ішінде 2000 жылы Каир (Мысыр) қаласында өткен Бүкіләлемдік театр фестиваліне қатысып, жүлделі орынға ие болып қайтқанын қалай айтпай кетерсің. Театр сахнасында қазақ драматургтерімен қатар орыс және шетел авторларының шығармалары қойылады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button