Облыс әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды
Аймақ басшысы Ерлан Қошанов өзінің халыққа есеп беру кездесуінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сөз арасында қарағандылық қарапайым тұрғындардың ізгі істерін мысалға келтірді.
Ерлан Жақанұлы атақты спортшы Хабиб Нурмагомедовты қаламызға шақырғаннан кейін есімі елге мәлім болған Александр Корогодов туралы айтып өтті. Александр бос уақытында балалар үйінің тәрбиеленушілерімен хабарласып тұрады. Өткен жылы қыста ол аралас жекпе-жектің һас шеберін Қарағандыға келіп, балалармен жүздесуге шақырған. Хабиб шақырудан бас тартпай, биылғы жылдың 27 қаңтарында балалар үйіне келіп қайтты.
Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына ағылшын тілін тегін үйрететін ағылшын тілінің оқытушысы Ерлан Рахымовтың өнегелі ісін де үлгі ретінде келтірді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Мақажанов атындағы клиниканың директоры Дәуір Құрманғалиевтің мейірімді әрекетін тілге тиек етті. Ол науқас қыз баланың өмірін сақтап қалу мақсатында оған уақытша қамқорлық рәсімдеп беріпті. Сонымен қатар, жексенбілік қазақ тілі клубының негізін қалаушы Наталья Терноваяның белсенді іс-қимылын айрықша атап өтті.
– Осындай жерлестерімізбен мақтанамыз. Бұл мысалдар бізге шабыт сыйлайды және ізгілікке ұмтылуға үндейді. Рухани даму дегеніміз осы емес пе?! – деді облыс әкімі.
Аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуы көзделген игілікті істерге 18 миллиард теңге қарастырылған, оның 10 миллиарды – меценаттар мен демеушілердің қаржысы. Бұл қаржыға 2022 жылға дейін 479 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.