Облыс әкімі республикалық айтыс жеңімпаздарын жеңістерімен құттықтады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев республикалық командалық айтыста өңір намысын қорғап, жеңіспен оралған ақындарды қабылдады. Қарағандылықтар Түркістан облысының командасымен бірге бас жүлдені иеленіп, ақтық сайыста алға шықты.

Маңғыстауда өткен «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық командалық айтыста облыс құрамасы суырыпсалмалық өнері мен ұлттық нақыштағы жыр-күйді жоғары деңгейде орындап, өнерлерімен ерекшеленді.
Команда капитаны, «Арқа» ақындар мектебінің жетекшісі Айтбай Жұмағұловтың айтуынша, жеңіс — жүйелі дайындықтың, рухани тұтастықтың және халық қолдауының нәтижесі.
– Бұл айтыс біз үшін тек өнер көрсету алаңы емес, рухани болмысымызды танытатын сахна болды. Ақтық сайыста елдің ең таңдаулы командалары бас қосты, солардың арасынан суырылып шығу — зор құрмет. Біз арнайы сахналық костюмдер тіктіріп, әрбір образды мұқият ойластырдық. Ең бастысы — еліміздің демеуін, туған топырағымыздың қуатын сезіндік. Осының арқасында сенімді өнер көрсеттік, – деді Айтбай Жұмағұлов. – Бұл жеңіс Қарағанды өңірінде айтыс пен дәстүрлі өнер мектебінің деңгейі биік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазылар алқасы Қарағанды ақындарының сөз саптауы мен сахналық шеберлігін ерекше атап өтті. Команда суырыпсалма, көркемдік және музыкалық үйлесімділікті сәтті тоғыстырып, көрерменге терең әсер қалдырды.
Ермағанбет Бөлекпаев айтыскерлерді жеңісімен құттықтап, бұл жетістік тек шығармашылық табыс қана емес, аймақтың рухани бедерін көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Қарағанды облысының командасы айрықша шеберлік пен рухани биіктікті көрсетті. Бұл жеңіс — жастарды ұлттық мұраға баулып, дәстүрлі өнерге қызығушылықты арттыратын маңызды үлес. Бүгінгі ұрпаққа ұлттық өнерді қастерлеумен қатар, оны заман талабына сай жандандырып жеткізу – басты міндетіміз. Облыс халқының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді өңір басшысы. – Сіздер ұлы өнердің аманатын арқалап жүрсіздер.
Команда алдағы уақытта ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған республикалық айтысқа дайындықты бастайды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА