Облыс әкімдігінде Президент тапсырмаларын орындау барысы талқыланды
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев монополистерге тұтынушылар алдында есеп беру қажеттігін еске салды. Тұрғындар «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасының іске асырылуы туралы хабардар болуы тиіс.
– Уәкілетті органдармен желілерді жаңғырту, оған «ұзақ ақша» деп аталатын жеке қаражатты тарту бойынша нақты ұсыныстарды қарастыруды және беруді сұраймын. Сондай-ақ, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасына қатаң бақылау жүргізіңіздер. Монополистер тұрғындарға қаражатты қайда бағыттайтынын түсіндіруі тиіс. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті мұны бақылауы қажет. Тарифтер көтерілуде, бірақ біз барлығымыз оң өзгерістерді көруіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруды талқылау жөніндегі өңір активінің кеңесінде.
Биыл қалалар мен аудандарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға 100 пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет, деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, инженерлік желілердің тозуын азайту жұмыстары жалғасады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов биыл 81,1 км су құбыры желісін салу және қайта жаңарту жоспарланып отырғанын баяндады. Тұрғындары аз елді мекендерде 25 блок су орнатылуы тиіс.
Бұдан басқа, 2025 жылға арналған жоспарда 85 шақырымнан астам электр беру желілерін реконструкциялау, жаңғырту және күрделі құрылыс көзделген.
Жылумен жабдықтауды жақсарту үшін 24,5 км желіні қайта құру және салу жоспарлануда. Жобалар бюджет қаражатына және инвестициялық бағдарламалар есебінен іске асырылады. Бұдан басқа, 68 км жылу желісін ағымдағы жөндеу көзделген. Ақтоғай ауданының Шашубай ауылында қазандық салу жоспарланған.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА