Қоқыс жинап, табыс тап
Сіз білесіз бе? Еліміздің әр тұрғыны жылына шамамен 42 келі пластик қалдығын тастайды. Қазақстан қаптамашылары қауымдастығының дерегінше, республикаға жыл сайын 1,5 млрд. дана ПЭТ-бөтелке басқа елдерден жеткізіледі. Оның 10%-ға жетпейтін бөлігі ғана өңделеді, ал қалған пластиктің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Ғалымдар бұл мәселеге уақытында көңіл бөлінбесе, экологияға орны толмас зиян келуі мүмкін екенін айтады. Алайда, сіз жаңа жоба арқылы пайда таба аласыз. Соған тоқталсақ…
«EcoQolday» қолдайды
Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 3,5 мыңға жуық қоқыс алаңдары тіркелсе, соның небары 18 пайызы ғана санитарлық талаптарға сай келеді екен. Ал, елімізде заңсыз қоқыс алаңдарын жинауға жыл сайын мемлекет бюджетінен 1 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалып отыр. Алайда, қалдықты қазынаға айналдырып, қоқысты кәдеге жаратуды жаңғыртып отырған жалғыз мекеме бар. Ол – өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы.
Өңдеуші саланы қаржыландыру ісімен айналысатын компания тұрмыстық қалдықты жинаушылар мен өңдеушілерді ынталандырудың жаңа жүйесін енгізген. Қарағанды қаласында «Вторсырье Караганда» ЖШС осы бағдарламамен жұмыс істейді. «ӨКМ операторынан қолдау мол. Жақында осы жоба арқылы алынған субсидияға тағы бір автомат-пресс сатып алдық. Соның арқасында кеңейіп, жаңа базаға көшудеміз. Бүгінде компанияда 100-ге жуық жұмысшы жұмыс істейді. Орташа жалақы 250 мың теңгеден жоғары. Қазір Қарағанды аймағында қоқыс қалдықтарын жинайтын 15 қабылдау пунктіміз бар. Олар Майқұдық, Шахтинск, Саранда орналасқан», – дейді серіктестік директоры Айдын Қабдиев.
Апта сайын жаңа дерек
«ӨКМ Операторы» апта сайын мәліметтерді жаңғыртып отырады. Мысалы, 20-26 қыркүйек аралығында «EcoQolday» жүйесінде 4 074 тонна қайталама шикізатты тасымалдауға және кәдеге жаратуға жіберілген екен. Қайталама шикізатты жинау, тасымалдау және кәдеге жарату ұйымдарына 81 028 784 теңге төленген. 7 күн ішінде 2 894,8 тонна қағаз және картон қаптама қалдықтар, 377,6 тонна полимер және 801,6 тонна шыны қалдықтары жиналып, кәдеге жаратушыларға жөнелтілді.
Жыл басынан бері «EcoQolday» жүйесінде қаптама қалдығын жинаушыларға, тасымалдаушыларға және кәдеге жаратушыларға 2 517 711 320 теңге қаражат төленді. Қазіргі уақытта жүйеде 4 984 өтінім пысықталып, 81 802 тонна қайта өңдеуге жіберілді. Бүгінгі күні «ӨКМ Операторынан» қаржыландырудың жаңа моделіне қатысушылардың саны 847-ге жетті. Оның ішінде, 190 – қайталама шикізатты жинауды жүзеге асыратын кәсіпорындар, 33 – кәдеге жаратушы зауыттар және 624 көлік компаниялары тіркеліп отыр.
Сіз де қатыса аласыз
Қазіргі таңда «ӨКМ Операторы» қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) бөлек жинауды насихаттау мақсатында елордада халықпен ақпараттық таныстыру жұмыстарын жүргізуде. Тұрғын үй кешендерінде ҚТҚ бөлек жинау бойынша арнайы экологиялық іс-шаралар, шеберлік-сыныптар ұйымдастыру, білім беру мекемелерінде экологиялық сабақтар өткізу және ҚТҚ бөлек жинауды насихаттайтын аудиовизуалды өнімдерді көрсету жоспарланған. Бөлек жинау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қоқыс полигондарының көлемін қысқартуға, елде қайта өңдеу саласын дамытуға, табиғи ресурстарды сақтауға және үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа жоба туралы «ӨКМ Операторының» баспасөз хатшысы Жомарт Рақымжан: «Биыл тамызда EcoQolday Home бағдарламасын іске қостық. Жобаның мақсаты – қалдықтарды сұрыптап, пайда табу. Оларды контейнерге, полигонға жеткізбей сұрыптауымыз керек.
Бағдарламаға кез келген мүлік иелері бірлестігі (МИБ (ОСИ)) қатыса алады», – дейді. Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар тұрғын үй кешеніндегі бос орынды тауып, сол жерге қалдықтарды: қағаз, шыны, пластикті жеке-жеке жинауы керек. «Кейін тұрғындар қалдықтарды EcoQolday мобильді қосымшасы арқылы сатып алушыларға өз бағасын ұсынады. Соңғысына баға ұнаса, қоқысты сатып алады. Оны қос тарап өзара келіседі. Қоқыстан түскен ақшаны МСБ үйдің ауласын, подъездің ішін жөндеуге, ауланы абаттандыруға және тағы басқа мақсатта жұмсай алады. Оны тұрғындар өзара ақылдасып шешеді», – деді баспасөз хатшысы.
Яғни, бұл жобаға әркім қатыса алады.
153 мекеме тіркелген
«ӨКМ Операторының» ақпаратына сәйкес Қазақстанда қалдықтарды жинайтын 153 мекеме тіркелген. Оның 20-сы Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. «Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров: «ПЭТ-бөтелкелер қоқыс контейнеріне де, полигонға да тасталмауы керек. Сондықтан, әрбір үйдің ауласында пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын фандомат орнату керек. Кейін ол толған кезде арнайы көлік келіп, ПЭТ-бөтелкелерді алып кетеді. Енді тұрғындарды қоқысты сұрыптап тастауға ынталандыру үшін оларға ақша беру керек қой. 1 бөтелке үшін 5 теңге дейік. Мысалы, 10 бөтелкені фандоматқа тастадың, 50 теңге пайда таптың», – дейді.
Оның айтуынша, фандоматтарды орнату бойынша пилоттық жоба Қарағанды облысы немесе Шымкентте жүзеге асырылуы мүмкін. Сондай-ақ, қалдықты қаражат көзіне айналдыру, қайта өңдеу саласын жаңғырту жайында «ӨКМ Операторы» баспасөз хатшысы:
«Қазақстанда жыл сайын 4-5 млн. тонна тұрмыстық қалдық шығады. Алайда, сол қалдықтың небары 18,3%-ы қайта өңделсе, қалғаны қоқыс полигондарына көміліп, одан қала берді заңсыз қоқыс алаңдарына шығарылып жатыр. Осыған орай, «ӨКМ Операторының» негізгі миссиясы – қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін барынша азайту, өңдеуге жарамды қалдықтарды кәдеге жарату, өңдеуші саланы қаржылай ынталандыру, экологиялық білім мен мәдениетті арттыру. Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқаруға қажетті инфрақұрылымды жасақтау жұмысын жүргізу», – дейді.
Цифрлы форматта, онлайн жүйеде жүзеге асады
«ӨКМ Операторы» қызметін бастағанға дейін, яғни, 2016 жылы тұрмыстық қалдық өңдеу үлесі 5%-ға да жетпеген екен. «Оператор қызмет еткен 6 жыл көлемінде қайта өңдеу үлесін 18%-дан асырдық. Мұнымен, әрине, тоқтап қалмаймыз. Қазақстанда шығатын тұрмыстық қалдықтың 30% қайта өңдеуге болады. Яғни, пластик, қағаз-картон, шыны, металл және аралас қаптамалар қайта өңдеуге жарамды. Өңдеуге жатпайтын гигиеналық құралдар, киім-кешек, ағаш және т.б. сияқты қалдықтар 20%-ды құраса, қалған 50%-ға жуық қалдық көлемін органикалық (тамақ) қалдықтар алып жатыр» – дейді Жомарт Рақымжан.
Қазақстанда қайта өңдеу саласын қолдауға арналған жаңа модель осы салада бизнес жасаймын деген кез келген кәсіпкерге жол ашқан жаңа механизм деуге болады. Барлығы цифрлы форматта, онлайн жүйесінде жүзеге асырылады. Қаптама қалдығын жинаймын деген кез келген кәсіпкер ecoqolday.kz сайтына кіріп, сол жерде өзі жайлы ақпаратты тіркейді және қандай қалдық түрін жинайтындығын (пластик, макулатура, шыны) көрсетеді. Нәтижесінде, Оператормен негіздемелік келісімшарт жасалады. Одан әрі қарай қаптама қалдығын жинаушы адам осы жүйеде өзінің жинаған қалдығын өңдеуші кәсіпорындарға саудалай алады және жинаған қалдығының көлеміне қарай Оператордан қаражат алады. Айталық, 1 тонна шыны тапсырған кәсіпкерге 44 688 теңге беріледі. Пластиктің тоннасына 52 797 теңге, макулатура үшін 33 953 теңге қаражат төленеді. «Субсидияны кез келген кәсіпкер ала алады. Ол мейлі студент, зейнеткер, тіпті, шағын және орта бизнес өкілі болсын бәрі бір. Ең бастысы «EcoQolday» жүйсіне тіркеліп, жинаған шикізатының көлемін көрсетсе болғаны. Сонымен қатар, «EcoQolday» жобасы аясында біз қаптама қалдығын тасымалдаушы компанияларды да қаржыландырамыз. Бұл жердегі жүйе «индрайвер», «яндекс» такси қызметі сияқты. Яғни, шикізатты өңдеушіге жеткізуге кететін жол шығынының 50-70 пайызын қаржыландырамыз. Бір сөзбен айтқанда, қалдық жинаушы шикізатын саудалап қана қоймай, сол қызметі үшін қосымша қаржыға ие болады», – дейді Жомарт Рақымжан.
Кәсібінің нәсібін көруде
Бұрын кәсіпкерлер оннан астам құжат жинап әлек болатын. Ал, қазір ондай жоқ. Барлығы ашық, электронды түрде, ешбір бюрократиясыз жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда «EcoQolday» жүйесіне тіркеліп, осы салада өз кәсібін дөңгелетіп жатқандардың саны 500-ден асқан екен. «Мысалы, сіз 1 тонна картон өткізіп, зауыттан 80-90 мың теңге алсаңыз, ӨКМ Операторы сізге тағы 33 953 теңге субсидия береді. Сонымен қатар, өңдеушіге жеткізетін жол шығынан жартылай өтеп береді. Осыдан-ақ қалдық жинау кәсібі қаншалықты табысты екенін есептей беріңіз. Биыл біз қаптама қалдығын жинаушыларға берілетін субсидия көлемін 2 есеге дейін ұлғайттық. Дәл осы бағытта субсидиялауға 2021 жылы 13 млрд. теңге қарастырып отырмыз. Қайта өңдеуші кәсіпорындар 227 мың тоннадан астам қаптама қалдығын өңдеу межесін белгілеген болатын. Бұл, әрине, жоғары қойылған меже. Соны еңсеру үшін жұмыс істейтін боламыз», – дейді ӨКМ операторының баспасөз хатшысы.
Тобықтай түйін
Әр адам өз туған жерінің, тұрған ауласының тазалығын сақтағысы келеді. Алайда, даламыз – қоқысқа, қаламыз қалдыққа толуда. Олай болса, осы жоба арқылы табиғатты өз күшімізбен тазалап, сол арқылы неге табыс таппасқа? Мейлі, жұмыссыз, студент, кәсіпкер немесе зейнеткер болыңыз, осы «EcoQolday» арқылы ырысыңызды еселейсіз…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.