Оқулықтың 80%-ы цифрлы форматта
Алдағы уақытта ақпараттық технологияның арқасында оқушылар қабырғасы қайысып кітап арқаламауы мүмкін. Гаджет қажетті ашып, көп оқулықты алақандай бір ақылды технология алмастыра алатын күн жақындады. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің хабарлауынша, қазіргі таңда оқулықтардың 80 пайызы цифрлы форматқа көшірілген. Бұл цифрлық оқулықтар мемлекеттік сараптамадан сүрінбей өтіп, оқу-əдістемелік кешендер тізіміне енген екен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Таратылған ақпараттарға сүйенсек, цифрлы оқулықтарды əзірлеуге еліміздің 11 баспасы жұмылдырылған. Пəндерді оқытудың инновациялық тəсілдерін енгізу мақсатында педагогтердің оны пайдалануы үшін əдістемелік ұсынымдар да əзірленіп, оқытылыпты.
– Қазіргі күні еліміздегі бастауыш сынып оқулықтарының 94 пайызы, 5-9 сынып оқулықтарының 81 пайызы, 10-11 сынып оқулықтарының 61 пайызы электронды нұсқаға көшірілген. 2024 жылы пəндерді цифрлық оқулықтармен 100 пайыз қамту жоспарланған, – дейді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
«Электронды оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиялық контенті бар цифрлы білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды.
2023 жылдың басынан бастап Цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz