Бас тақырыпБілім

Оқу жылына дайындық қалай?

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қос­танай және Қарағанды облыстарының білім басқармаларының басшыларымен кездесті. Оқу жылына жоспарланған жұмыстар баяндалған жиында аймақтың әлеуетіне аса мән берілді.

Биыл Қарағанды облысында мектепке дейінгі біліммен қамту 85 пайызға артады. Осы орайда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды біліммен қамтуда 2182 орын ашылады. Апатты мектептердің алдын алу және үш ауысымды жою мақсатында жыл соңына дейін 21 мектеп іске қосылмақ.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Министр не деді?

Жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы, сондай-ақ, білім сапасын арттыруға бағытталған өңірлердегі жаңа бастамалар мен жобалар сөз болды. Басқарма басшылары инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзиялық, арнайы білім беру бойынша жұмыс жоспарларын таныстырды.

Ғани Бейсембаев өткен оқу жылында орын алған кемшіліктердің себебі мен салдарын зерделеуді және оның биылғы оқу жылында қайталануына жол бермеуді тапсырды. Бұл орайда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептерде тамақтануды сапалы ұйымдастыру, ата-­аналар комитетімен ынтымақтастықта жұмыс жасау – маңызды. Министр сондай-ақ, мұғалімдерді қолдау және үздік педагогтердің тәжірибесін тарату секілді маңызды мәселелерді атап көрсетті.

Әсіресе, білім беру жүйесін дамыту үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасына қатысушылар санын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мықты кадрларды тарту қажеттілігін ескертті.

Министр оқушыларға білім беруде кәсіби шеберлігі жоғары, сондай-ақ, білім алушылары жоғары нәтиже көрсеткен мұғалімдерге «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Жиында Қарағанды облысына қатысты білім саласында орын алатын соны өзгерістер айтылды…

«Балабақшада былық көп», дегенмен…

Облыстың білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова атап өткендей, білім берудегі басты мүдде – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің сапасын арттыру.

Бүгінде облыста жалпы 39 мыңнан аса баланы қамтитын 411 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде, 11 мыңдай бала бар. Балдырғандардың алаңсыз біліп алуы мен қауіпсіздігі үшін 101 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 79 пайыз­дан – 82 пайызға артты. Ал, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ды құрайды. Қосымша 2 мыңнан астам жаңа орын ашылғандықтан, осындай жоғары көрсеткішке қол жетті.

2023 жылдың аяғында бір балаға бөлінген мемлекеттік тапсырыстың құны қалада 52 954 теңгені, ауылда 59 111 теңгені құрады. Биылдан бастап мемлекеттік тапсырыстың құны 54 506 теңгеге (қала) және 60 747 (ауыл) теңгеге артты.

Алдағы уақытта жаңа орындардың ашылуы іс жүзінде жекеменшік инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылмақ. Осы уақытқа дейін жаңа орындардың 97,6%-ы жекеменшік ұйымдарда ашылды. Келесі жылы 3 540 мектепке дейінгі жаңа орын ашу жоспарда.

– Новоузенка ауылында 140 орындық жекеменшік балабақша салынуда. Балқашта бұрынғы емхана ғимаратын қайта жөндеу есебінен 280 орындық балабақша ашылды. Приозерск қаласында 320 орынға арналған балабақша жұмысы жүруде. Қаланың Пришахтинск бөлігінде де 320 орынға арналған типтік мемлекеттік балабақша салу мәселесі шешімін тапқан. Мамыр айынан бері мемлекеттік әлеуметтік көмек алатын отбасылар санатындағы 255 балабақша тәрбиеленушісі үшін тегін тамақтану ұйымдастырылған. Алдағы уақытта осы үрдіс жалғасын табады, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Ата-аналардың өтініші орындалды

Биылдың ерекше жаңалығы – балаларды есепке алу, кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беруге бағытталды. Осы орайда өңірдің мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бірыңғай республикалық базаға көшірілген. Кезек бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға берілетін жолдамалар ата-аналардың қатысуынсыз Оқу-ағарту министрлігі арқылы автоматты түрде берілетін болған-тын. Ата-аналарға төрт балабақшаға дейін таңдай алуға мүмкіндік берілген. Өткен жылы Шахтинск қаласында аталған жоба табысты жүзеге асты, дегенмен, таяуда жобада техникалық жағынан ақау бар екені анықталды. Бүгінде «индиго» бұрынғы форматқа, яғни, қарағандылық кезекке ауысты.

Алдағы уақытта қалалық білім бөлімі Indigo компаниясымен бірлесіп, кезекте тұрған балалардың тізімін өңдейді. Кесте келесі аптаның соңына дейін жарияланбақ. Бос орындарды бөлу тәртібі кезекті басқару жүйесі арқылы жүреді.

Кезекті басқару жүйесі күн сайын таңғы сағат 07:00-де бос орындар болған жағдайда әр кезектегі тек бірінші өтініш берушілерге шектелген 3 жұмыс күні ішінде мектепке дейінгі балалар ұйымына жолдама алу қолжетімді. Сондай-ақ, олар бос орындар туралы ақпаратты зерделеп, қызығушылық танытқан жағдайда өздеріне сәйкес келетін мектепке дейінгі балалар ұйымына қабылдау үшін электронды жолдама алады.

Қосымша білім беру назардан тыс қалмайды

Бүгінде балаларды қосымша білім берумен қамту мәселесі жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты орналастыру есебінен шешілуде. Биыл мемлекеттік тапсырыста 3 мыңнан астам орын бар.

– Облыста 96 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 142 048 бала қамтылды. Қосымша бағдарламалардың едәуір бөлігі мектептерде жүзеге асырылатындықтан, оларда бюджет қаражаты есебінен тегін негізде 44,4 мың баланы қамти отырып, 2646 үйірме мен секция жұмыс істейді. Алдағы уақытта Осакаровка кентінде Қосымша білім беру орталығы ашылмақ, – дейді білім басқармасы мамандары.

Кәсіптік білім – көш басында

Бүгінде облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 54 колледж жұмыс істеп тұр. Мамандарды даярлау 128 мамандық және 176 біліктілік бойынша.

– Жаңа оқу жылында ТжКБ жүйесінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 8 700 орын орналастыруды жоспарлап отырмыз.

Оның ішінде, жергілікті бюджет есе­бінен (медициналық мамандықтарды қоспағанда) – 6700 орын және респуб­ликалық бюджет есебінен – 2000 орын.Медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс саны 700 орынға ұлғайтылатын болады, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Оқу жылының басынан бері өңірде «Цифрлық технологиялар», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Интерьер дизайны» секілді мамандықтар белсенді оқытылуда.

Қарағанды мен Теміртауда Jumys tap жобасы аясында тегін қысқа мерзімді курс­тар басталды. Бұл орайда кез келген адам жаңа мамандықты игере алады.

– Оқыту Қарағанды және Теміртау қалаларындағы жеті колледжде 48 мамандық бойынша жүргізіледі. Жастар тігінші, аспаз, кондитер, шаштараз, жар­тылай автоматты дәнекерлеуші, фрезерлеуші, токарь, сайт жасаушы, бей­немонтаж, графикалық дизайн, моби­ло­графияны игереді, – дейді басқарма ма­мандары.

Алдағы оқу жылына дайындық – тағы бір пысықталды. Білім беру саласындағы барлық жұмыстар білім сапасын одан әрі арттыруға және балаларға қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған. Мұның барлығы өңірлік білім беру саласын дамытуға септігін тигізбек.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button