Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын автомагистральдың құрылысы басталды
Қарағандыда жол-көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл қала үшін стратегиялық маңызы зор жоба басталды – Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты тікелей байланыстыратын жаңа автомагистральдің құрылысы. Бұл бастама қала орталығындағы көлік жүктемесін азайтып, жол кептелістерін төмендетіп, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін айтарлықтай жақсартады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында жол құрылысының барысын тексеріп, сапасына назар аударды.
Жаңа автомагистральдің ұзындығы шамамен 6 шақырымды құрайды. Қозғалыстың өткізу қабілетін арттыру үшін жол төрт жолақты болып салынады – әр бағытта екі жолақтан. Трасса Мұқанов көшесінен басталып, Оңтүстік-Шығыс ықшамауданы арқылы өтіп, Майқұдықтың Шығыс айналма жолына шығады.
Биыл құрылыстың бірінші кезеңінде Мұқанов көшесі мен «Династия» тұрғын үй кешеніне дейінгі аралық игеріледі. Жобаға тротуарлар, көгалдандыру және автотұрақтар да кіреді. Автожолды толықтай пайдалану 2027 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, Бөкетов көшесінде де жол құрылысы жүріп жатыр. Мұнда асфальт төсеу, жаңбыр суын ағызу жүйесін орнату және жарықтандыру тіректерін қою жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Назарбаев даңғылында да соңғы 15 жылдағы ең ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл орташа жөндеу мен жаяу жүргіншілер жолақтарын жаңарту қолға алынды. Ескі тас төсеніштердің орнына сапалы гранит плиталары орнатылып жатыр. Келер жылы даңғылдың орталық жаяу жүргіншілер аймағы толықтай қайта жаңғыртылады.
Облыс әкімі қаладағы басқа да абаттандыру нысандарын аралады. Бұқар жырау даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер аймақтарын қайта құру белсенді жүріп жатыр. «Арбат» сауда үйінің алдындағы алаңда 5 мың шаршы метрден астам ескі төсеніш заманауи гранитке ауыстырылып, гүлзарлар айналасына жаңа орындықтар орнатылуда. Бұл жұмыстарды биыл толық аяқтау көзделген.
Қалада «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бастама арқылы тұрғындар абаттандыруға мұқтаж аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді өздері таңдайды. Биыл 104 аула мен гүлзар жаңартылуда. Соның бірі – Магнитогорская көшесіндегі аулаға Ермағанбет Бөлекпаев арнайы барып, онда салынған футбол алаңы мен аяқталуға жақын балалар ойын алаңын аралап көрді. Жоба барысында қауіпсіздік талаптары сақталып, инклюзивтілік қағидаттары да ескерілген.
– Қалада жол құрылысы қарқын алуда. Жаңа автомагистраль – стратегиялық тұрғыдан маңызды жоба. Ол болашақта салынып жатқан жаңа мектепке де ыңғайлы қатынас жолын қамтамасыз етеді. Барлық құрылыс жұмыстары авторлық және техникалық қадағалауда тұр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сондай-ақ, қаладағы абаттандыру ісін қадағаладық. «Халық қатысатын бюджет» – тұрғындармен кері байланыстың тиімді құралы. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА