Оң шешімдер – олжаның бастауы
Бұған дейін жазғанымыздай, жұма күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің және құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының, облыстық қоғамдық кеңестің өкілдері және қалалар мен аудандардың мәслихат хатшылары, сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы сайланды. Халық қалаулылары ауқымды жауапкершілікті Серік ӨТЕШОВКЕ сеніп тапсырды.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат депутаты Қадиша ОСПАНОВА жүргізді.
Күн тәртібіне сәйкес, сессия жұмысында қаралған мәселелер:
- Облыстық сайлау комиссиясының «2017 жылғы 29 қазандағы облыстық мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары туралы» хабарламасы туралы.
Баяндамашы – Е.Аймағамбетов, Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
- Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасын атқаратын қызметінен мерзімінен бұрын босату туралы.
Баяндамашы: Қ.Оспанова, облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясының төрағасы.
- Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау туралы.
Баяндамашы: С.Әдекенов, Қарағанды облыстық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы.
- Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу туралы.
Баяндамашы: Қ.Оспанова, облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясының төрағасы.
- Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындау туралы.
Баяндамашы: А.Әбдікәрімов, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы.
- Қарағанды облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы.
Баяндамашы: Д.Ешкеев, Қарағанды облысы әкімінің аппараты басшысының міндетін атқарушы.
- Қарағанды облысының кейбір елді мекендері мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы.
Баяндамашы: Г.Қаңтарбекова, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.
- Қарағанды облысының кейбір білім мекемелерін қайта атау туралы.
Баяндамашы: Г.Қаңтарбекова, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.
- Қарағанды облысындағы көші-қон үдерістерін реттеу ережесін бекіту туралы.
Баяндамашы: М.Галиуллин, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
- Дәрілік затты қосымша беру туралы.
Баяндамашы: Е.Нұрлыбаев, Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Көзі қырағы оқырман жақсы білер, 29 қазанда облыстық мәслихаттың және аудандық мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткен болатын. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Балқараұлы атап өткендей, науқан «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңға сәйкес өткізілді. Облыстық мәслихат депутаттығына 10 кандидат ұсынылған. Оның үшеуі – саяси партиялар арқылы ұсынылса, жетеуі – өзін-өзі ұсынған.
Науқан қарсаңында сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен үш семинар, баспасөз мәслихаттары өткізілген.
Сайлаудың барысын 146 бақылаушы бақылаған. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын таныстыруын, сайлаушылармен кездесуін ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінді.
Сонымен, депутаттарды сайлау үшін 62 мың тұрғын дауыс берген. Яғни, сайлауға қатысуға тиіс тұрғындардың 80%-ы.
Нәтижесінде, облыстық мәслихаттың құрамын үш депутат толықтырды. Олар – Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Серік Өтешов, Қазақ қатынас жолдары университеті жанындағы Жезқазған қашықтықтан оқыту және кәсіби бейімдеу орталығының директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Бекзат Алтынбеков, Шет аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Хауарира Әбітаева.
Сайлау науқаны сәтті өтіп, науқанның барысына байланысты ешбір арыз-шағым тіркелмеген.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Аймағамбетов осы сессия жұмысында облыстық мәслихаттың үш депутатына куәліктерін табыс етті.
Ал, сессия жұмысындағы екінші мәселе – Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасын атқаратын қызметінен мерзімінен бұрын босату мәселесі бірауыздан қолдау тапты.
Үшіншіден, алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау мәселесін бұған дейін облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарған Серғазы Әдекенов күн тәртібіне шығарды.
Серғазы Мыңжасарұлы атап өткендей, депутаттар тобы сессия алдында бас қосып, облыстық мәслихат хатшысының кандидатурасын талқылаған.
– Облыстық мәслихаттың қырық екі депутаты да – халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын, өңірдің тыныс-тіршілігін жақсы білетін тұлғалар. Жергілікті билік пен облыстық мәслихат аппараты арасындағы жүйелі жұмысқа да оң баға беруге болады.
Сонымен, біз, депутаттар корпусы облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау барысында Серік Балғатайұлы Өтешовтің кандидатурасын ұсындық және бірауыздан қолдадық.
Біз Серік Балғатайұлын жақсы танимыз. Оның өмір жолы біздің облысымызбен тығыз байланыста өрбіген. Серік Балғатайұлының мемлекеттік қызметші, басшы ретіндегі болмысын ғана емес, азаматтығын да жоғары бағалаймыз.
Жаңаарқа ауданында өмірге келген азамат – Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Қарапайым экономистен басшылық лауазымдарға дейін көтерілген Серік Балғатайұлы Қарағанды облысының, бұрынғы Жезқазған облысының тыныс-тіршілігімен жақын таныс.
Өз ісінің кәсіби маманы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде инспектор, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды. Ал, 2011 жылдан бері Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясын басқарды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Серік Балғатайұлына үлкен сенім артамыз, – деді Серғазы Мыңжасарұлы.
№12 Индустриальный сайлау округінен сайланған Серік Өтешовтің кандидатурасын халық қалаулылары бірауыздан қолдады.
– Үміттеріңізді, сайлаушылардың үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті билікпен бірлесе жұмыс істейміз, – деді Серік Балғатайұлы.
Бұдан соң облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізілді.
Ал, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелігіне Валентина Александрованың кандидатурасы ұсынылды. Тұрақты комиссия отырысында алдын ала қаралғандай, бұл ұсыныс та бірауыздан қолдау көрді.
Алтыншы мәселе – Қарағанды облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы мәселе де депутаттардың қолдауына ие болды.
Жетінші, сегізінші мәселе төңірегінде Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова сөз алды.
Басқарма басшысы баяндағандай, мәслихат сессиясының қарауына ономастика саласына қатысты 2 мәселе ұсынылды.
Біріншіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2016 жылғы 20 шілдедегі № 6-1 тапсырмасына сәйкес, өңірлердегі идеологиялық ескірген атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға сай келетін дәстүрлі атаулармен алмастыру мақсатында республикалық ономастика комиссиясынан қолдау тапқан Приозерск, Сәтбаев қалаларының құрамдас бөліктерінің (көшелер, шағын аудан) және облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған Нұра, Осакаров аудандарының бірқатар елді мекендерінің (кент, ауыл) атауларын ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген Қағидаға сәйкес, Приозерск қаласының 7 көшесі мен 1 бульварын, атап айтсақ, Центральная көшесін – Тәуелсіздік көшесі, Пионерская көшесін – Ақмамық көшесі, Нагорная көшесін – Көкжиек көшесі, Приморская көшесін – Бәйтерек көшесі, Приозерная көшесін – Көктеңіз көшесі, Новая көшесін – Қоржынтүбек көшесі, Песчанная көшесін – Наурыз көшесі, Совет Армиясы бульварын – Жеңіс бульвары деп дәстүрлі, ұлттық танымға жақын атаулармен қайта атау жұмыстары заңнама аясында жүзеге асырылды.
Тиісті аумақ халқының пікірі 2016 жылғы 28 қазанда қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясымен өткізілген көпшілік тыңдау негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Көпшілік тыңдауға қатысқан 191 адамның әр көше бойынша ең азы – 183, ең көбі 191 адам қолдап дауыс берген.
Көшелерді қайта атауға Приозерск қаласының жергілікті бюджетінен 772468 теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, Сәтбаев қаласының жаңадан құрылған 6-шы шағын ауданын – «Нұрлы мекен» деп атау бойынша барлық жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілді. Тиісті аумақ халқының пікірі 2016 жылғы 26 тамыздағы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясымен өткізілген көпшілік тыңдау негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Көпшілік тыңдауға қатысқан 60 адамның барлығы бірауыздан ұсынылған атауды қолдап дауыс берді. Қалалық әкімдік пен қалалық мәслихаттың бірлескен қаулы-шешімімен аталған көшені қайта атау бойынша республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныс енгізіліп, ұсынысқа оң қорытынды берілді. Шағын ауданға атау беру бойынша Сәтбаев қаласының жергілікті бюджетінен 200 000 теңге қарастырылған.
Ал, Нұра ауданының Щербаковское ауылын – Қайнар ауылы, Киевка кентін – Нұра кенті деп қайта атау бойынша тиісті жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілді. Тиісті аумақ халқының пікірі 2014 жылғы 15 шілдеде және 2017 жылғы 10 мамырда өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналыстар негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Жиналыстарда Щербаковское ауылын – Қайнар ауылы деп қайта атау бойынша қатысқан 180 адам бірауыздан, Киевка кентін – Нұра кенті деп қайта атау бойынша қатысқан қоғамдастық мүшелері 20 адам бірауыздан қолдап дауыс берді. Аудандық әкімдік пен аудандық мәслихаттың бірлескен қаулы-шешімімен Щербаковское ауылы мен Киевка кентіне тарихи атауларын қайтару бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізіліп, ұсыныстарға оң қорытындылар берілді. Нұра ауданының жергілікті бюджетінен Щербаковское ауылын қайта атауға – 25 426 теңге, Киевка кентін қайта атауға 50 235 теңге қарастырылған.
Тарихқа үңілсек, «Қайнар» атауы – Щербаковское ауылының бұрынғы тарихи-географиялық атауы. Жердің сулы, бұлақты болуына байланысты қойылған атау. «Нұра» атауы – Киевка кентін басып өтетін өзен атауы.
Бұған қоса, Осакаров ауданы Жансары ауылдық округінің Дальнее ауылын – Аманқоңыр ауылы деп қайта атау бойынша барлық жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілді. Тиісті аумақ халқының пікірі 2016 жылғы 14 қыркүйекте өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналысы негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Жиналысқа қатысқан 115 адам бірауыздан Дальнее ауылын – Аманқоңыр ауылы деп қайта атау туралы ұсынысты қолдап дауыс берді. Аудандық әкімдік пен аудандық мәслихаттың бірлескен қаулы-шешімімен Дальнее ауылына Аманқоңыр тарихи атауын қайтару бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізіліп, ұсыныстарға оң қорытындылар берілді. Осакаров ауданының жергілікті бюджетінен Дальнее ауылын қайта атауға 100160 теңге қарастырылған.
Оқырман білер, «Аманқоңыр» атауы – Дальнее ауылының оңтүстік-шығысына қарай орналасқан тау атауы.
Осыған орай, «Қарағанды облысының кейбір елді мекендері мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» Қарағанды облысы әкімдігінің және Қарағанды облыстық мәслихатының бірлескен қаулысы және шешімі жобасы әзірленді.
Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, Приозерск қаласының көшелерін, Сәтбаев қаласының бір шағын ауданын, сондай-ақ, Нұра, Осакаров аудандарының елді мекендерін қайта атау ұсынылды.
Қазақстан Республикасының ономастика саласындағы заңнамаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейіне – Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың, Нұра көпсалалы колледжіне – ғалым-педагог, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімовтің, Жаңаарқа ауданы Атасу кентіндегі №132 орта мектепке – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Еламан Шахановтың есімін беру жөнінде тиісті құжаттар қабылданды. Аталған мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу үшін облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың «Қарағанды облысының кейбір білім мекемелерін қайта атау туралы» бірлескен қаулысы мен шешімі жобасы әзірленген.
Нысандарға атау беру, сондай-ақ, оларды қайта атау, жеке адамдардың есімін беру Комиссия қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.
Осылайша, бұл ұсыныстар да облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясында оң шешімін тапты.
Тоғызыншы, Қарағанды облысындағы көші-қон үдерістерін реттеу ережесін бекіту мәселесі де облыстық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауына ие болды.
Сессия жұмысындағы соңғы мәселе бойынша облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Е.Нұрлыбаев сөз алды.
– Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасына онкогематологиялық қатерлі дертке шалдыққан науқастан өтініш келіп түсті. Оған ем алу үшін қымбат дәрі қажет. Ол дәрмек тегін дәрілік заттар тізіміне кірмейді, – деді басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Осыған орай, қосымша дәрілік препараттың қажет екенін айтты. Депутаттар өз келісімін берді. Өздерінің шешімінде халық қалаулылары ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» Кодексіне, сондай-ақ, ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңына сүйенді.
Сессия жұмысының соңында облыс әкімі Ерлан Қошанов сөз алды.
– Бүгін өте маңызды шешімдер қабылданды. Жаңадан сайланған депутаттарға еселі еңбек тілеймін. Барлығымыз бірге қоян-қолтық жұмыс істейміз деп сенемін.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Нұр Отан» партиясының жұмысын жаңғырту да – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан, халықтың сенімін ақтау үшін, Сіздер, аянбай еңбек етесіздер деген ойдамын.
Бұған дейін облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарған Серғазы Мыңжасарұлына ерекше алғысымды білдіремін. Ал, мәслихат хатшысы болып сайланған Серік Балғатайұлының жұмысына сәттілік тілеймін!
Бастысы, халық мүддесі жолында Мемлекет басшысының тапсырмасын бірлесе жүзеге асырамыз, – деді Ерлан Жақанұлы.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.