«Оқитын ұжым» – озық жоба
С.Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапхананың бастамасымен басталған «Оқитын ұжым» жобасы қорытындыланды. Айтулы іс-шараға қатысқан ұжымдарды кітапхана басшысы Балшырын Мұхаметжанова марапаттады.
– «Оқитын ұжым» жобасы кітапханада өткен әдеби отырыста айтылып, ортақ ойымыз қабысып, ұжымдармен кітаптарды оқуды бастап кеткен болатынбыз. Оқу барысында әр кітаптың мазмұны, тілі, көркемдік ерекшеліктері, идеясы, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, кейіпкерлері, танымдық, тағылымдық маңызы, қазіргі қоғам өмірімен біте қайнасып жатқан тұстары төңірегінде талқыладық. Алдымен «Оқитын ұжым» жобасын кітапхана қызметкерлері арасында бастап, одан кейін «Балқаш өңірі» газетінің ұжымымен жалғастырдық. Бұл жобамыз облыста бірінші орын және республикаға ұсынған 49 жоба ішінде бірінші орынға ие болды. Бұл бастамаға қолдау білдірген барша ұжымға алғысым шексіз, – деді Балшырын Мұхаметжанова.
Сонымен қатар, жобаға жетекші болған Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №1 кітапхана-филиалының меңгерушісі Меңдігүл Қозыкөрпешқызына ақжарма тілегін жеткізді.
Айта кетейік, «Оқитын ұжым» жобасына «Балқаш өңірі» редакциясы, «Бөбек» бөбекжайы, Жастар ресурстық орталығы, 53898 әскери бөлімі, «Қазақстан Халық Банк» АҚ Балқаш өңірлік филиалы, Абай атындағы №2 мектеп-лицейі, «Медами» тойханасының ұжымдары қатысқан. Келешекте «Оқитын ұжым» жобасы жалғасатын болады.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz