Қоғам

Қоғамдық келісім мен бірлік жылы: Облыста атқарылған жұмыстар қорытындыланды

Қоғамдық келісім мен ел бірлігінің тамыры тереңге тартып, уақытпен бірге жаңғырып отыратыны белгілі. Биылғы жыл дәл осы құндылықтардың салмағын айшықтаған ерекше кезең болды. Конституцияның 30 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Жеңістің 80 жылдығы – ел тарихындағы үш үлкен белес бір арнаға тоғысып, аймақ көлемінде атқарылған жұмыстардың мазмұнын байыта түсті. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің төрағалығымен өткен қорытынды жиында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бас қосып, жыл бойы жүзеге асқан игілікті бастамаларды саралап, елдік мүддені айқындайтын жаңа бағыттар төңірегінде келелі ой өрбітті.

Сурет ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметінен

Жылдық жұмыс қорытындысы

Жыл бойы өңірде ел бірлігін нығайтуға бағытталған 3000-нан астам іс-шара өтіп, түрлі форматтағы бастамалар жүзеге асырылды. Бұл іс-шаралардың әрқайсысы патриотизмнің парқын сезіндіріп, қоғамдағы сенім мен келісім кеңістігін кеңейтуге ықпал етті. Қоғамдық тұрақтылықтың берік іргетасы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық сектордың, этномәдени бірлестіктердің, ардагерлер ұйымдары мен жастар қозғалыстарының да бірлескен еңбегі арқылы қалыптасатыны мәлім.

– Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту – қоғамдық тұрақтылықтың басты шарты. Біздің міндетіміз – бастамаларды қолдап, халықтың әлеуметтік жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту. Биыл бұл бағытта айтарлықтай жұмыс атқарылды, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Жылдық жұмыстардың құрылымы мен мазмұнын айқындайтын деректер де көңілге қонымды. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған кең көлемді ақпараттық науқан жүзеге асты. «Бір күн жұмысшы өмірінде» атты бейнежобалар циклі, өңір қалаларында салынған муралдар, тақырыптық айдарлар – еңбек мәдениетін насихаттаудың тиімді құралдарына айналды.

Сонымен қатар, аймақта 132 баннер, 14 LED-экран, 25 медиаборд іске қосылып, оларда әлеуметтік маңызы бар роликтер үздіксіз жарияланды. Құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында 1121 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциялары өткізілді. Құқықтық мәдениетті арттыруға арналған кездесулер мен түсіндіру жұмыстары да өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына өз үлесін қосты.

Рухқа тағзым

Жеңістің 80 жылдығын атап өтудің алғашқы қадамдары биыл ғасырлық межеге толған соғыс ардагерлері Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековтің мерейтойларын ұлықтаудан басталды.

Облыста бүгінде 6 соғыс ардагері және 2 670 ардагерлерге теңестірілген азамат тұрады. Олардың ішінде, 10 – Ленинград блокадасының куәгері, 27 – концлагерь тұтқыны, 105 – ардагерлердің жұбайлары және 2528 – тыл еңбеккерлері бар.

Жыл басынан бері 2 979 азаматқа мерейтойлық медальдар табысталды. Әлеуметтік қолдаудың түрлі тетіктері іске асырылды. Ардагерлердің тұрмыс жағдайына мониторинг жасалды, коммуналдық төлемдерден босату шаралары жүзеге асты, медициналық көмек түрлері оңтайландырылды. Бұдан бөлек, 20 ардагер «Жартас» шипажайында емдік-сауықтыру қызметін алып, денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды.

Патриоттық тәрбие бағыты да назардан тыс қалмады. Өңір мектептері мен мәдениет ошақтарында ерлік сабақтары, еске алу кездесулері, медиакампаниялар өткізілді. Барлық қала мен аудандарда әскери даңқ мемориалдарына гүл шоқтары қойылып, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы жыл бойына жалғасты.

– Жеңістің 80 жылдығы – уақыт алыстағанымен, оның рухы өшпейтін, ұрпақ санасына мәңгі қонған ұлы меже. Ардагерлерді қадірлеу – біздің азаматтық әрі адамдық борышымыз. Биыл жүзеге асқан әр бастама – өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыруға бағытталған маңызды қадам. Ардагерлер кеңесінің жұмысы тәрбиелік сипатымен де, қоғамдық жауапкершілік тұрғысынан да елдік мүддеге қызмет етеді, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов.

Жүйелі жұмыс пен жаңа мазмұн

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнара Касембаеваның баяндамасы мерейтойлық жылдағы Ассамблея жұмысының ауқымын айқын көрсеткен мазмұнды тұстардың бірі болды. Оның айтуынша, биыл өңірде ҚХА-ның 30 жылдығына арналған 1500-ге жуық іс-шара өтіп, 51 мыңнан астам адам қамтылған.

– ҚХА-ның 30 жылдығы – тек тарихқа шегініс емес, оның қоғамдағы рөлін жаңа қырынан пайымдау кезеңі. Біздің міндетіміз – этносаралық келісім моделін жаңғыртып, оны болашаққа бағытталған нақты жобалармен толықтыру. Ассамблея құрылымдарының жұмысы барлық қала мен ауданда бірдей қарқынмен жүргізілді. 19 негізгі жоба бойынша бастамалар жүзеге асып, олардың әрқайсысы қоғамның түрлі тобына бағытталған нақты нәтижелер берген. Биылдың мазмұны да, нәтижесі де бұрынғыдан әлдеқайда кең, – деді ол өз сөзінде.

Гүлнар Қалиқызының айтуынша, Ақсақалдар кеңесінің жұмысы биыл ерекше серпін алған. Сонымен қатар, Аналар кеңесі де биыл 200-ден астам ірі іс-шара өткізіп, отбасы құндылықтарын дәріптейтін мазмұнды жұмыстар атқарған. Соның ішінде, республикалық деңгейде өткен «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» семинары – жыл бойғы ең ауқымды шаралардың бірі. Оның нәтижесінде қабылданған жол картасы ел бойынша жүзеге асырылатын негізгі құжатқа айналды.

Ал, 20 дәріханамен жасалған «Жасыл сертификат» меморандумы – қоғамның денсаулығын қорғауға бағытталған стратегиялық қадам. Ассамблеяның және этномәдени бірлестіктердің қайырымдылық бастамаларын үйлестіретін «Жомарт Жан» орталығы биыл 113 қайырымдылық шарасын жүзеге асырып, жалпы сомасы 88 млн теңгеден асатын қолдау көрсеткен.

Жас спортшылардың халықаралық жарыстарға жолдама алуы, ардагерлердің санаторийге жіберілуі, талантты жастарға қолдау көрсетілуі – орталық жұмысының нақты нәтижелері.

Биыл ғылыми-сараптамалық топ ел тарихына қатысты маңызды конференциялар өткізіп, «Елтану» экспедициясын жүзеге асырған. Көктемде Әлімхан Ермеков мұралары туралы өткен ғылыми конференция кең аудиторияда үлкен қызығушылық тудырған.

Этномедиация саласында да тиімді қадамдар жасалды. 25 маман арнайы институтта оқудан өтті. Екі рет кеңейтілген семинар өтті. «Этноскрайбинг» атты авторлық әдіс патенттелді.

Журналистер клубының жұмысы да биыл ерекше белсенді өтті. Жыл ішінде 1560 бейнеролик, 2000-ға жуық әлеуметтік медиа жарияланым, «Сарыарқа – Достық аймағы» атты этножурналистер байқауы өткізілген. YouTube-та 40 мыңға дейін көрілім жинаған роликтердің болуы – ақпараттық жобалардың қоғаммен байланыс қуатын көрсетеді.

Мерейтойларға толы биылғы жыл өңірде қоғамдық келісім саясатының нақты нәтижесін көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмылған ұйымдардың үйлесімді еңбегін айшықтады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button