Ресми

Қоғамдық бақылау – қуатты ресурс

Құқықтық мемлекетті дамыту – заңды сыйлауға және оны мүлтіксіз орындауға бағыттайды. Ал, заң үстемдігін орнату үшін, қоғамдық сананы қалыптастыру қажет. Тәртіп, ынтымақ, өсіп-өркендеудің белгісі – қоғамдық бақылауға келіп тіреледі. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл құралы атанған қоғамдық бақылау көріністері осыны растайды. Қоғамдық бақылаушылар – елдің қамын ойлайтын, қоғамда болып жатқан жүйелі мәселелерді қозғайтын тұлғалар болуы тиіс.

Осы орайда Қарағандыдағы Достық үйінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Сергей Перов өңірдегі белсенді азаматтармен кездесті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Азаматтық қоғам өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды рөл атқаратын қоғамдық бақылау мәселелерін талқылап, пікір алмасты.

– Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық дамуында басымдыққа ие екенін атап өтті. Өткен жылы қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» Заңында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына тоқталып, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру туралы жазылған. Осылайша, тиімді және заңға негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өркениетті моделін құрудың бастапқы себебі – мемлекет мүдделерін ұштастыра отырып, толыққанды жұмыс істеуде болып отыр, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Ермағанбет Қабдулаұлы қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әдістерін үздіксіз жетілдіре түсу керек екенін міндеттеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін белгілеу үшін қоғамдық бақылаудың нәтижелілігін арттыру қажеттігін алға тартты.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың сақталуы қоғамдық бақылау институттарын дамыту жөніндегі негізгі шаралардың бірі ретінде қарастырылады. Азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғам талаптарының сүзгісі ретінде әрекет етуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Дөңгелек үстелде Сергей Перов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тек мемлекеттік органдар ғана емес, жұртшылық жұмылдырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер мен Антикор өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша идеяларымен бөлісіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының тиімділігіне тоқталды.

Оған барлығы 100-ден астам волонтерлер қатысқан. Еріктілер мен қоғам қайраткерлерінің кездесуіне қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте этикалық нормалардан асып кетпеуге шақырып, «Зиян келтірме!» ұстанымын қолдады.

– Жасыратыны жоқ, өздерін «қоғам қайраткерлері» ретінде көрсететін бірқатар адамдар кейбір күлкілі тақырыптарды талқылауға, негізсіз, дәлелденбеген мәлімдемелер жасап, өздерінің және біздің уақытымызды алады. Барлығын және бәрін «айыптап», сынайды. Жылдар бойы жинақталған мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Сонымен бірге, қоғамдық мүдделерді қорғаушы рөлін ала отырып, жоғары жауапкершілікті ұмытпау керек, – дейді департамент басшысы.

Сергей Перовтың сөзінен түйгеніміз, жұртшылықты жұмысқа тартудың басты талабы – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» жобаны іске асыру. Бұл жоба аясында департамент волонтерлер мәселесіне назар аударыпты.

– Қазіргі уақытта кейбір жосықсыз «қоғамшылдар» мен еріктілер туралы жағымсыз ақпараттар келіп түсуде. Тиісті тексерулер жүргізіледі. Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділерімен кездесуде қоғам қайраткерлерінің жауапкершілігі туралы нақты атап өтті. Тек жауапты азаматтар ғана өз әрекеттері, сөздері және тұтастай алғанда мемлекеті үшін толық көлемде жауап бере алатынын айтты.

Бір кездері ұлы Абай «толық адам» деген терең ұғымды енгізген. Абай өз заманынан озып кетті. Қоғамның білімі, түсінігі тұрғысынан «толық адам» туралы айтты. Бұл қазір ағылшын тілінде «интеграцияның адамы» деген сөз. Сондықтан, әрқайсымыз жауапты азамат болуға ұмтылуымыз керек, – деді ­Сергей Перов.

Жиында азаматтық қоғам өкілдері жауапкершілік жоқ жерде әділеттілік болмайтынын алға тартты.

– Егер әр адам өзіне жауапты азамат болса, оның сөздері іске қайшы келмейді. Сонда ғана елде әділеттілік орнайды, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі Татьяна Савицкая.

Шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілермен бірлесіп, азаматтық қоғамдастық өкілдері қоғамдық бақылауды іске асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер – Бақтияр Омарханов және Теміртау волонтерлік қозғалысының жетекшісі Алена Хегай сөз алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бастапқы шарты азаматтық қоғам болуы тиіс екендігін алға тартты.

– «Зиян келтірме!» қағидасын өңірдегі өмірін жақсартқысы келетіндердің бәрі ұстануға тиіс. Еріктілер қатарына кіре отырып, мемлекеттік органдарда да адамдар жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек. Әрекетіңіз дұрыс деп санасаңыз да, жеке басқа тіл тигізуге болмайды, – деді Теміртау еріктілер қозғалысының жетекшісі Алена ­Хегай.

Белсенді жастардың сөзіне сүйенсек, азаматтық институттар мен қоғамдық бақылау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қуатты ресурс.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button