Қоғам қолдауы қанаттандырады
Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін қолдау көрсету – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі екені сөзсіз. Осы мақсатта жергілікті жерлерде жастардың бизнес бастамаларын жүзеге асыруға көмектесу үшін түрлі шаралар қабылдануда. Мәселен, жастар оқыту курстарынан өте алады, жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алады. Облыс әкімінің грантын алып, түрлі бағытта кәсібін бастаған жас кәсіпкерлермен баспасөз турында таныстық.
Анар Гизатулина Саран қаласындағы «Уникум» түзету кабинетін облыс әкімінің грантына былтыр ашқан. Кабинет ашып, кәсіппен айналысуына ұлы себеп болыпты.
– Бір жылда жүз шақты баланы қамти алдық. Қазір логопед, психолог, сенсорлық терапевт жұмыс істеп отыр. Бізге түрлі бала келеді. Аутизм, ақыл ойында кемістігі бар, сал ауруларының жеңіл түрлерімен ауыратын, дамуында түрлі ауытқулары бар балаларды қабылдаймыз. Күніне кемі он бала келеді. Демалыс күндері де жұмыс істеуге мәжбүрміз, себебі, ерекше қажет тіліктері бар балалар көп, – дейді Анар Гизатуллина.
Алдағы уақытта мемлекет ұсынып отырған қолдау шараларын пайдаланып, кәсібін ұлғайту жоспары бар екенін жеткізді.
– Грант қаражатына кабинетті толық жабдықтап, сенсорлық интеграция бұрышын аштық, – дейді ол. – Мамандарымыз үнемі біліктілігін арттырып отырады. Өзім де оқып, тренинг, шеберлік сабақтарынан қалмауға тырысамын. Балама аутизм диагнозы қойылған. Сондықтан, бұл мәселе маған жақсы таныс болғандықтан басқа ата-аналарға да кеңес беремін. Біздің ата-аналардың көп жағдайда балалар мүгедектігі, инклюзия туралы білімі таяз. Негізгі түзету жұмыстарынан бөлек, ата-аналармен де жұмыс жүргіземіз. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс алу үшін кәсіп аясын арттыруды жоспарлап отырмыз. Себебі, инклюзия тегін болуы керек. Ата-аналарды жақсы түсінемін, сондықтан, бағасын көтермеуге, жан-жақты көмектесуге тырысамыз. Балалармен жұмыс жүргіземіз.
Ол бір жыл ішінде балалардың бойындағы өзгерістің, оң нәтиженің бар екенін де атап өтті.
– Тұрақты келетін балалардың басым бөлігінде ілгерілеу бар. Мүлдем сөйлемеген балалар сөйлеп, әлеуметтеніп, тұрмыстық машықтарды үйренуде, – деді ол.
Гүлшат Акимжанова да әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысады. Былтыр алған қайтарымсыз гранты бүгінде нәтижесін беруде. Гүлшат Сүлейменқызы ашқан «Бақыт мекені» түзету-дамыту орталығы Майқұдықта орналасқан. Орталыққа дамуында тежелуі, сөйлеуінде мүкістігі бар балалар келеді. Олармен логопед, логопед-дефектолог, АВА терапевт жұмыс істейді.
– Грант қаражатына кабинеттің толыққанды жұмысына қажетті барлық құралдарды, балаларға ойыншық, дамыту арналған заттарды алдық. Облыс әкімінің қайтарымсыз гранты туралы әлеуметтік желіден білдім. Қорқақтағаным рас басында, бірақ, өзіме «көрейін, болса, болар» деп, жобамды ұсындым. Жобам өтті. Болшақта афк, сенсорлық терапевт, нейропсихолог мамандарын тартуға тырысамын, тағы логопед болса, тіпті, жақсы. Түзету жұмысы үзілмеуі керек, үзіліп қалса, даму да кері кетеді, – деген ол қазақ тілді логопед мамандардың тапшы екенін тілге тиек етті.
– Қазақ тілді мамандар өте аз. Жас мамандар ерекше қажеттіліктері бар баламен жұмыс жасауға қорқады, ата-аналармен байланыс орнатудан қашқақтайды немесе «Нәтиже шықпай қалады» деп өздеріне сенімсіз деп ойлаймын. Мен өзім 12 жыл бойы балабақшада жұмыс жасап, енді ғана жеке кәсібімді аштым. Оқуды бітірген бетте кабинет ашу мүмкін емес. Өйткені, оған білім керек, тәжірибе керек, – дейді Гүлшат Сүлейменқызы.
Рымжан Аринованың баласы мұнда келіп жүргеніне екі айдан асыпты. Жүргізілген жұмыс нәтижесіз емес.
– Логопед Гүлден Серікқызына келгендегі себебіміз, балам «р» әріпін айта алмайды. Мектепте қиындық туғызбасын деп жүгіндік. Балама ұнайды, тапсырмасын үйде қайталаймыз. Логопед мамандар қай жерде де тапшы, мектепте де жетіспейді. Мектепте бұл мамандардың болғанын қалаймын. Себебі, қазір балалардың көбісі дыбыстарға тілі келмейді немесе оларды бұрмалап айтады.
Десе де, «Бес саусақ бірдей емес». Гүлшат Акимжанова кейбір ата-аналар «Әлі ерте, балабақшада сөйлеп кетеді» деп балаларын алып кететінін айтады. Кейбірі жұмысымызды ұнатып, балаларын алып келеді.
– Балабақшаға барса, сөйлеп кететін балалар болады, иә. Бірақ, бұл әдіс бірде болады, бірде іске аспауы мүмкін. Балабақшада да тілі шықпаса, ата-ана уақыт өткізіп алғанына өкінеді. Сондықтан, логопедке ерте жастан апара берудің артығы жоқ. Топта 30 бала десек, арасында ешкім мына жердегі сияқты бір баламен жеке айналысып отырмайды, – дейді ол.
Осындай инклюзиялық бағыттағы жобалар грант иегері атануы мүмкін. Себебі, мұндай жобалардың қазіргі таңда өзекті әрі сұранысқа ие екені рас. Биылғы конкурс жаңартылған форматта өткізіледі. Облыс әкімінің гранты бес бағыт: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, медиа, бизнес бойынша беріледі. Мұны облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бас маманы Ұлан Омаров айтты.
– Конкурсқа 18-34 жастағы облыс тұрғындары қатыса алады. Қазір хабарласып, сұрап, біліп жатқандар бар. Былтырғы конкурсқа 300-ден астам жоба ұсынылып, 50 жеңімпаз анықталған болатын. Биыл да осынша грант иегері болады деп күтіп отырмыз. Грант алушылар арасында инклюзивті, өндірістік жобалар, тігін, шығармашылық, зияткерлік шеберханалар, техникалық, медициналық, ауыл шаруашылығы бағыттары, қызмет көрсету, туризмді дамыту және басқа да қызмет бағыттарын атап өтуге болады. Жоба қажеттілігі, нәтижелі болу мүмкіндігі, әлеуметтік маңызы және басқа да критерийлерге қарай таңдалады, – деді басқарма өкілі.
Облыс әкімінің гранты жастар кәсіпкерлігін қолдап, дамыту үшін 2005 жылдан бері беріліп келеді. Әуелде грант көлемі 500 мың, 1 миллион теңге болса, қазір 2 миллион теңге. Сондай-ақ, облыстың қалалары мен аудандары әкімдерінің де гранттарына конкурс ұйымдастырылатынын атап өту керек. Ұлан Омаровтың айтуынша, жеңімпаздарды арнайы комиссия анықтайды. Жобаның жүзеге асырылуы арнайы мониторинг тобының бақылауында болады.
– Конкурс жеңімпаздарымен келісім жасалады. Олар бір жыл ішінде өздері ұсынған жобаны жүзеге асыруы керек. Бұл ерекше бақыланады. Конкурсқа кәсібін енді бастағысы келетін немесе ісін одан әрі жетілдіруді қалайтын жастар қатыса алады, – деді Ұлан Омаров.
Конкурсқа қатысу өтінімдері 29 қарашаға дейін қабылданады. Облыс әкімі грантының биылғы жеңімпаздары жыл соңына дейін белгілі болады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz