Ресми

Қоғамға қауіпті бес кесел

Халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау, денсау­лыққа зиянды заттарға қарсы профилактика бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттарының үнемі назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші Ұлттық Құрылтайда «Біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек» деді. Ол бес кеселдің біріншісі, Президент өзі айтқандай, нашақорлық.

Сурет: автордан

«Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды», – деп ашық айтты.

Президент Мәжіліс пен Сенат депутаттарына есірткімен күресті жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, «Есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деп ұсынысын да айтты.

Қазақстандық қоғамның тағы бір мәселесі ретінде Президент лудоманияны атаған болатын. Бұл ретте Президент 400 мыңға жуық адамның букмекерлік конторлар мен казинолардың тұрақты клиенті екенін де атап өтті.

«Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», – деген Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты да тапсырма берді. Ол: «Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессияны қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс деп санайды. Нашақорлық, ішімдікке салыну, қарызға белшеден бату, зорлық-зомбылық бір-бірімен байланысқан бір тізбектің буындары. Олар түптің-түбінде қылмыс жасауға, жастардың денсаулығын құртуға алып келеді.

Қарағанды облыстық мәслихатында менің басшылығыммен әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Ол біздің қоғамда саламатты өмір салтын насихаттау, есірткі тұтынудың алдын алу, үкіметтік емес секторды қоғаммен ең өзекті мәселелер бойынша жұмысқа тартуды өзінің тұрақты бақылауында ұстайды. Әрине, жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта көп жұмыс жүргізуде, бірақ, ведомствоаралық өзара іс-қимыл нашар жолға қойылған. Жағдай өте күрделі болып қала береді. БҰҰ-ның есірткі туралы бүкіләлемдік баяндамасы негізінде өткен жылдары Қазақстан тыйым салынған заттарды тұтыну бойынша 10 елдің қатарына кірді. Сарапшылардың бағалауынша, есірткіні қолдану салдарынан қазақстандықтар орташа алғанда 4 жылға жуық саламатты толыққанды өмірден айырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгеніне назар аударғым келеді. Жоспардың төртінші – «Нашақорлық профилактикасы, емдеу жүйесін жетілдіру және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін дамыту» деп аталатын бөлігінің 46.4 тармағында «өңірдің ерекшеліктеріне баса назар аударып, ҮЕҰ, жергілікті басқару органдарын, белсенді азаматтарды, БАҚ және т.б. тарту арқылы нашақорлыққа қарсы іс-қимылдың жергілікті моделін құру (CADCA әдіснамасы бойынша)» туралы айтылған.

Аталған мәселеде белсенді азаматтық сектор үлкен рөл атқарады. Осы әдіснама бойынша біздің облыста «Үміт» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Директоры – Гүлмира Смайылова. Қарағанды қаласында 2018 жылы «Дені сау ұрпақ – дені сау ұлт» қоғамдық бастамасы құрылды. Ол өз қатарына мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдастық өкілдерін жинады. 2023 жылдың қараша айында Қарағанды облыстық мәслихатының базасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, осы қоғамдық бастаманың жұмысы таныстырылды. Онда жобаны іске асыру мәселелері қаралды және ұсыныстар берілді.

Мемлекеттік органдар жүйесінде осы бағытта жүйелі бірлескен жұмысты ұйымдастыру үшін бірыңғай үйлестіруші орган жоқ.

Бұл туралы жастар арасында есірткіні тұтыну проблемасын көтеретін «Үміт» қоғамдық бірлестігі, «Абадан» спорт академия­сы сияқты қоғамдық ұйымдардың өтініштері негізінде айта аламыз. «ABADAN» академиясында девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған жобаға ерекше назар аударылады. Бағдарлама өткен жылы іске қосылды. Онда көпбалалы отбасылардан шыққан, әлеуметтік осал санаттағы және мінез-құлық проблемалары бар балалар тегін спортпен шұғылдана алады. Бұл олардың физикалық және эмоционалдық дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, академия биыл балалар арасында нашақорлыққа қарсы күреске бағытталған «Спорт есірткіге қарсы» жобасын әзірледі. Жаттықтырушылар да жас ұрпақпен тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Медициналық мақсатта емес, психоактивті әсерге қол жеткізу мақсатында қолданылатын дәрі-дәрмектерге тұрақты психикалық және физикалық тәуелділікті тудыратын дәріханалық нашақорлық мәселесі де орын алуда.

Біздің облыста денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы полиция департаментімен бірлесіп, Қарағанды облысында нашақорлықтың, алкоголизмнің, темекі шегудің және психо-белсенді заттарды қолданудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірледі. Біздің тұрақты комиссия отырыстарының қорытындысы бойынша 2023 жылы және биыл уәкілетті атқарушы органдарға бірқатар ұсынымдар әзірленді. Мысалы, 2024 жылғы 27 наурызда тұрақты комиссияның отырысында денсаулық сақтау басқармасына Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлерде саламатты өмір салты орталықтарының ашу және құрылымын өзгерту жөнінде хат дайындау, сондай-ақ, алдын алу жұмыстарын жүргізуге қаражат көздеу ұсынылды. Білім басқармасына оқушыларды құқықтық тәрбиелеу бойынша білім беру ұйымдарындағы (мектептер, колледждер) ата-аналарды міндетті түрде қамти отырып, олардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында профилактикалық әңгімелер жүргізу үшін жоспарлы жұмысты қайта қарау тапсырылды. Бұл шараға медициналық мекемелер, құқық қорғау органдары өкілдері, нашақорлықтың алдын алу саласында еңбек ететін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін шақырту керек.

Ішкі саясат, білім, жастар саясаты, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, мұрағаттар және құжаттама мәселелері басқармаларына қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірдегі жағдайды талдау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ, полиция департаментімен бірлесіп, психотроптық заттардың таралу орындары бойынша платформа картасын әзірлеу және облыста нашақорлықтың алдын алу шеңберінде бірлескен жұмыстың Медиа-жоспарын әзірлеу қажет болады. Оқушылар мен жұмыс істейтін жастарды тарта отырып, мақсатты іс-шараларды (тақырыптық спектакльдер, шығармашылық кештер, конкурстар, кітапхана көрмелері мен пікірталастар, спорттық жарыстар және басқа да форматтағы жұмыстар) өткізу үшін барлық ресурстарын пайдалана отырып, ақпараттық-насихаттау жұмысын өрістету өте маңызды. Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығының ресурстарын пайдалана отырып, есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарды еңбек ұжымдарында жалғастыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Облыстың қалалары мен аудандарының мәслихаттар мен әкімдіктері деңгейінде өңірде нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты ерекше тұрақты бақылауға алу және жандандыру, нақты шешімдер шығара отырып, тақырыптық отырыстар ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен бірге, халықпен (жастар, жасөспірімдер, «тәуекел топтары», ата-аналар) нашақорлықтың алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі әлеуметтік жобаларды іске асыруға кәсіби үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін жергілікті бюджеттен ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесін бақылауға алу қажет.

Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасампаз ұмтылыстарымызға қол жеткізу үшін деструктивті мінез-құлық үлгілерінен арылуымыз керек деген ұстанымымен сөзсіз келісеміз. Ұлы Абай айтқандай, барлық жақсыны үйреніп, жаманнан жирену маңызды. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда 2024-2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесімен және лудоманиямен күресуге бағытталған кешенді жоспар қабылдау жоспарлануда. Бұл бізге әлеуметтік кеселдермен күресетін барлық мүдделі логандардың күш-жігерін одан да жақсырақ біріктіруге мүмкіндік береді.

Айтылған ұсыныстардың орын­далуы тұрақты комиссияның қадағалауында болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Қадиша ОСПАНОВА,
Қарағанды облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button