ҚарқаралыРухани жаңғыру

Оңалту орталығында – оң істер

   Көп жылдар аудан халқына медициналық қызмет көрсетіп, кезінде талайға өмір сыйлаған, қаншама науқас дертіне шипа тапқан Қарқаралыдағы аурухана кешені ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде Мүгедектерді оңалту орталығы болып қайта ашылды. Осы орайда, аталған орталықтың жұмысымен біз де танысып қайтқан едік…  

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық ортаға бейімдей отырып, оларға қажетінше ем-дом жасайтын, олардың өмір сүруге деген құштарлығы мен белсенділігін қатар шыңдайтын бұл оңалту орталығының жұмысы – қарқынды. Бір ауысымда 64 адам қабылдап, түрлі дәрежедегі көмек көрсетіліп жатқан орталық емделушілеріне барлық жағдай жасалған. Басым бөлігі неврологиялық емдеуді қажет етеді. Әр адамның диагнозына байланысты емделушілерді түрліше бес уақыт тамақтандыру да жолға қойылған. Науқастардың жүріп-тұруына жауапты әлеуметтік қызметкерлер де өз ісінің нағыз мамандары. Орталық директорының орынбасары Айгүл Ғазизқызы бізді мекеме қызметімен таныстырып, емдік процедура жүргізілетін бөлмелер мен жаттығу залын, ем алушылар тұрып жатқан бөлмелерді аралауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, мұндағы түрлерінен де хабардар етті.

Кәмелеттік жастан асқан, бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін бұл орталық жылына 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Науқастарға физиотерапия, терапия, неврология, ортопедо-травматологиялық, механотерапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, емдік дене шынықтыру, жаттығу залы, жуынатын бөлме, сауна, су асты массажы, фито бөшке қызметтері көрсетіледі. Арбаға таңылған, көру қабілеті төмен, жүріп-тұруы қиын жандарға деген селқостық тағы танытылмайды. Әлеуметтік қызметкерлер барынша кәсіби көмек көрсетіп бағуда. Науқастың бірі арнайы температурада бу бөшкесінде ем алып жатса, біріне  арнайы массаж  жасалып, енді бірі арнайы тренажерлерде жаттығып жатты. Орталықта мүгедектер он бес күннен алты айға дейін жатып ем ала алады. Қызу еңбек, қарбалас жұмыс. Бұған қарап, көрсетіліп жатқан сапалы көмек – оңалтудың басты жемісі дерсің.

Мұндай қызметке ем алушылар да дән риза. Абай ауданынан келген 1-ші топтағы мүгедек, аудандағы мүгедектер жұмысы жөніндегі топтың штаттан тыс кеңесшісі Серік Қартбеков «1994 жылы автокөлік апатынан алған жарақатымның әсерінен көру қабілетім төмендеді. Бірте-бірте құлағым да нашар ести бастады. Оның үстіне, қан қысымы мен бүйрегімнің ақауы да қосылды. Бүгінде осы орталыққа келгеннен бері ептеп құлағым естіп, қан қысымым да орнына келуде. Әрине бұл, дәрігерлердің жүйелі емінің арқасы. Түрлі дәрі-дәрмектер қабылдап жатырмын. Тамағы да жақсы. Уақытылы ішеміз. Бөлмелері жылы, әрі, жарық. Суық сумен қатар, ыстық су да үздіксіз ағып тұр. Барлық санитарлық, гигиеналық тазалық сақталған. Мамандар өте ұқыпты. Егер бір жеріміз ауырып, мазасыздансақ, арнайы тетік арқылы әлеуметтік қызметкерді шақырамыз. Далаға шыққанымызда жанымызда қызметкерлер болады. Бұған қоса, бұл жердің табиғаты да тамаша. Ауасы – таза. Бұл да бізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түрлі сазды бағдарламалар да ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қаланың көрікті жерлері мен өлкетану мұражайына да арнайы экскурсиялар жасаймыз. Қажетті заттарымызды алу үшін дүкенге де апарады. Ендігі кезекті орталыққа ғаламтор желісін тартып, зағип жандарға арналған шахмат, дойбы, кітап толықтырылса, жақсы болар еді. Мен, елімізде болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар болып отырамын. Әсіресе, Елбасымыздың Жолдауы мен жүргізіп отырған сындарлы саясатын қалт жібермеймін» дейді.

Оңалту орталығына мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы жақсы. Оны өздерінің көңіл-күйлерінен-ақ көруге болады. Біз жаттығу залына кіргенде, басым бөлігі, аяқ буын жаттығуларын жасап жатыр екен. Газеттен екенімізді естісімен, тепсе темір үзетін апталдай бір азамат «мені түсіріңіздерші» деп, жаттығуын үдете түсті. Біз де бетін қайтармадық. Көзінің нұры жанып, көкірегі сайрап тұрса да, апаттың салдарынан сал болып қалған қолы мен аяғы икемге келмей жатты. Орталыққа кіргенде кездескен мүмкіндігі шектеулі жандарды көріп, көңіліміз түскені рас. Алайда, сол кісілер үшін жан аямай еңбек етіп, қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек қолдарын созып жатқан әлеуметтік сала еңбеккерлерін көріп, қуанып қалдық. Қым-қуат тіршілік. Ең бастысы, мейірім бар бұл жерде…

Сағыныш ӘБІЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button