Оңалту бағдарламасының орасан игілігі
Аймақта 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан есепте тұр. Оларға жеке оңалту бағдарламасы негізінде қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатта бөлінген қаражат та айтарлықтай өскен. Мұны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова айтты. Ол жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды.
Кеше облыс әкімінің аппарат жиынында осы мәселе талқыланды. Басқарма басшысы Әсем Айтжанқызының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қолдау мақсатында бөлінген қаражат биыл 9,8 млрд. теңге. Екі жыл бұрын 5 млрд. теңге болған.
– Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеке оңалту бағдарламасын орындау 64,5% шамасында. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспары тұр, – деді ол.
Инватакси қызметіне биыл жергілікті бюджеттен 582,5 млн. теңге бөлінген. Аталған қызмет биылдан бастап, Ақтоғай және Шет аудандарында іске қосылғанын айту керек. Бүгінгі таңда инватакси қызметінде 118 көлік бар, оның 17-сі қоларба үшін арнайы көтергішпен жабдықталған. Дерек бойынша 1 569 адам инватакси қызметіне жүгінеді. Сонымен қатар, аутистік спекторы бұзылған және сал ауруына шалдыққан 400-ге жуық бала арнайы көліктің көмегін пайдаланады. Бұл ретте аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев инватаксидің облыс орталығына жеткізу мәселесін шешу қажеттілігін атады.
Бірінші топ мүгедектеріне санаторлы-курорттық ем алу мәселесі де маңызды. Бұл топтағы адамдар біреу ілесіп жүрмесе, берілген мүмкіндіктен тыс қалып жататын.
– Министрлік ерекше балалардың ата-анасының біріне санаторлы-курорттық емделуге кепілдік берілген соманың 70%-ын өтеу бойынша өзгерістер енгізді. Облыстың барлық өңірлерінде осы мәселеге қатысты нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Бұл санаторлы-курорттық емдеумен қамтуды арттырды. Былтыр және биылғы жарты жылда 173 адам аталған көмекпен қамтылды. Оған 44,8 млн. теңге жұмсалды, – деді Әсем Жүніспекова.
Басқарма басшысы жақында ғана ашылған қоларбаларды жөндеу бойынша орталыққа қазірдің өзінде 25 өтініш түскенін, 18-і жөнделгенін айтты.
– Қоларбаларды жөндеу орталығын ашу ұсынысы былтыр мүмкіндігі шектеулі жандармен болған кездесуде айтылды. Облыс осы бағыттағы жобаға қосылып, Астана қаласының «Дос» жаңа өмір» орталығымен 300 қоларба жөндеу бойынша келісімге отырды. Бұған 18,5 млн. теңге бөлініп отыр.
Орталық қоларбаларды жөндеу, тазарту, тігу сияқты қызметтерді көрсетеді. Облыстың кез келген өңірінен өтінім қаралады. Мамандар өтінім түскен жерге барып, қоларбаның жағдайын қарап, сол жерде жөндейді, қажет болса, алып кетіп, жөндеп береді. Ол кезде мүгедектігі бар адамға басқа қоларба беріледі, – деп түсіндірді Әсем Жүніспекова.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік бейімделу, заңнамалық, психологиялық, жұмыс табу және басқа да мәселелерге қатысты кеңес көрсететін «Тең қоғам» орталығы екі жылдан бері облыс орталығында қызмет көрсетуде. Осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам қызмет көрсеткен екен.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл Балқаш пен Абай қаласында да ашылды, – деді Әсем Жүніспекова. – Бұл орталықтар мемлекеттік әлеуметтік тапсырма негізінде қызмет көрсетеді.
Ермағанбет Қабдулаұлы «Тең қоғам» орталығын Теміртау қаласында да ашу туралы тапсырма берді. Әсем Айтжанқызының айтуынша, аймақта жұмысқа қабілетті 29 680 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде, жұмыс істеп жүргені – 10 845.
– 2-4% көлемінде жұмыс орындарының квотасы бекітілген. Квотаға сәйкес, 59 адам жұмысқа орналастырылды. Биылға 89 кәсіпорында 219 адамға квота бөлінді. Сегіз арнайы жұмыс орны ашылды. Түрлі жобалар, субсидияланатын жұмыс орындары аясында 817 мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс тапты. «Бизнес бастау» бойынша кәсіпкерлік негіздерін 182 адам оқып шықты. Сонымен қатар, 11 грант берілді. Оның төртеуін – мүмкіндігі шектеулі жанды асырап отырғандар алды, – деді басқарма басшысы.
Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz