Ньюкасл ауруы: Ахмет ауылындағы құстар жаппай вакцинациялануда
Қыркүйек айының соңында Нұра ауданы, Ахмет ауылында құс ауруы тіркелген болатын. Соның салдарынан ауылдағы барлық құс атаулы ауырып, шетінен қырылды. Деректерге сүйенсек, бір ғана фермада 223 құс өлген. Құстардан ветеринарлар сынама алып, елордаға зертханаға жіберді. Нәтижесінде Ньюкасл ауруы екені анықталды. Ауылға бір ай карантин жарияланды.
6 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы ауылдық округте карантин жариялады. Мамандар ауылға келіп, өлген үй құстарының барлығын жойып, карантиннен тыс құс етін шығаруға, құс еті мен жұмыртқасын сатуға тыйым салды. Сонымен қатар, ластанған жем құстарға қауіп төндіруі мүмкін.
Көбінесе бұл вирустық инфекция оңтүстікке қоныс аударатын құстармен таралады екен. Ал, көгершіндер осы ауруды тасымалдайтыны анықталды. Айта кетейік, ньюкасл ауруы адамдар үшін қауіпті емес.
– Тауықтар бұл ауруға бейім болып келеді. Қазір құстардың жылы климатқа қоныс аударатын мезгілі. Құстар Нұра, Осакаров, Бұқар жырау ауданы арқылы ұшады. Бұл біздің құстардың оңтүстікке қоныс аударатын аймағы. Инфекция осылай таралуы да мүмкін. Сонымен қатар, тамақтану жолдары арқылы да беріледі. Сынақ есебіне сүйене отырып, ауылдық округке шектеулер енгіздік, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев.
Аптаның басында Ахмет ауылындағы барлық құстарды егу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Енді мамандар 16 мың тауыққа екпе салмақшы. Сонымен қатар, дезинфекциялау жұмыстары да жүргізіледі.
– Ауыл тұрғындарының шығын үшін материалдық өтемақы алуға құқығы жоқ. Бізде мал ауруларының арнайы тізімі бар. Соған сәйкес ауыл тұрғындарының шығынын өтеуге болады. Ал, бұл тізімге ньюкасл ауруы кірмейді. Бюджет қаражаты есебінен сауықтыру шаралары ғана қарастырылған, – деді Ержан Бекетбаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz