Басты тақырып

Әншілер енді аренаға шықпайды


Қарағандыға гастрольге келетін әншілер енді аренаға шықпайды. Өйткені, Қарағандыда 1250 көрерменге арналған концерт залы бой көтереді. Бұйырса, бірер жылда отандық һәм шетелдік әншілер акустикасы, салтанатына сәні сай концерт залында ән әуелетпек. Бұл туралы былтыр мәлім болғанымен, концерт залының сәулеттік жобасына жарияланған екінші байқау күні кеше мәреге жетті. Бірінші кезеңде өткізілген конкурста 9 қатысушы болса, екінші кезеңде 11 сәулетші өзінің талабы мен дарынын байқап көріпті. Қарағанды аймағына белгілі сәулетшілер мен көркемөнер сыншыларынан жасақталған қазылар байқауға ұсынылған 11 жұмыстың қай-қайсының да жоғары бағаға лайық екенін айтады.
– Бұған дейін концерт залының жобасына байқау жарияланған болатын, бірақ, қазылар ортақ пікірге келген жоқ. Сондықтан, екінші рет байқау жарияланды. Бүгін біз қорытынды шығарып, жеңімпазды жариялап, қатысушыларды марапаттауға жиналдық, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы міндетін атқарушы Тайхан Қалмаханов байқаудың барысы туралы баяндады.
2017 жылы байқау өтіп, онда әділқазылар мүшесі бір байламға келмеген соң тағы бір мәрте байқау өткізу туралы шешім шығарған. Соның нәтижесінде байқау қайта жарияланған. Оған 11 жоба қатысқан. Олар түрлі композициялы сан алуан сәулетті қамтыған екен. Жобалардың барлығы екі залды ұсыныпты, бірі үлкен зал – 1250-1500 орындық, енді бірі – 200-400 көрермен шамасына шақталған көрінеді. Жобалардың қатарында заманауи, классикалық, театр үлгісіндегі жобалар бар.
Қарағандының Құрметті сәулетшісі Сергей Лебедев бұл жұмыстардың әрбірі назар аударуға лайық дейді. Алайда, бәсеке болған соң жүзден жүйрігі шығатыны сөзсіз.
– Барлық жобалар құрметке лайық. Әрқайсысында қаншама еңбек бар. Бұл – Қарағандыда осындай көркем сәулетті залдың бой көтеруіне ат салысқысы келетін біздің аймағымыздың патриоттарының еңбегі. Ғимарат жобасын ұсыну бірнеше кезеңнен тұрды. Сәулетіне, құрылыс жүргізетін орнына қатысты түрлі өзгерістер, толықтырулар болғаны рас. Өйткені, бұл қаланың маңызды бір нысаны болмақ. Өздеріңіз білесіздер, концерттер циркте өтеді. Оның дөңгеленген аренасы әншілер үшін қолайсыз. Сыйымдылығы туралы да түрлі пікірлер айтылды. Содан біз 1500 орындыққа тоқталдық, – дейді Сергей Алексеевич. Жобаның тұжырымы – жобаның классикалық дәстүрге жақын болуы керек дегенді ұстанған. Өйткені, классикалық үлгідегі ғимараттар Қарағандының келбетін бейнелеуде бүгінде. Содан, қазылар классикалық үлгіде ұсынылған сәулетшінің жобасын лайық деп таныпты. Яғни, қаланың Оңтүстік-шығыс бөлігінде бой көтеретін концерт залының жобасы – классикалық сипатта.
Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров аталған республикалық байқауға белсене қатысқандарға алғыс хаттар берілетінін атап өтті. Ал, бірқатар жоба авторлары ынталандыруға ие болды. Ал, жеңімпаз – қарағандылық жас сәулетші Ернар Нұрмұханов.
– Біріншіден, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Шын мәнінде, байқау тартысты өтті. Расында, өте қызықты жобалар көп. Менің жобам жеңіп шығады деп ойлаған жоқ едім. Баршаңызға рахмет, – дейді жоба авторы.
Аймақ басшысы байқауда тек мамандардың, сәулетшілердің пікіріне сүйенгендіктерін жеткізді. Ал, құзырлы орындарға жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды жүктеді.

 

Қызғалдақ Айтжанова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button