Әннің рухын көтерген
Осынау ұзақ ғұмырымда әлемнің біраз елінде болдым. Ол елдердің дәстүрінен де, тарихынан да, өнері мен мәдениетінен де біршама хабардармын. Бірақ, қазақтай ұлы халық көрмедім десем, қателесе қоймаспын. Бүкіл өмір заңдылығын оймақтай ойға сыйғызған халықтың мақал-мәтелінің өзі неге тұрады?! Әлемнің керемет ғұламасы айтты деген сөзді бабаларымыз әлдеқашан айтып қойған. Ештеңеге таңғалуға болмайды. Бәрі қазақтың дүниетанымында, дәстүрінде, өнерінде тұнып тұр…
Мәселен, халық әндерін тыңдап көріңізші. Қандай ғажап! Сазы мен сөзі үйлескен, тыңдаған адамның жүрегін ерекше сезімге бөлейтін құдіретін айтсаңызшы. Ақан, Біржан, Естай, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Мәдилердің әні қазақ барда мәңгілік жасай беретін өлмес, өшпес мұра. Қазір тыңдаған сәтіңде-ақ ұмыт болатын даңғаза, даңғой, мағынасыз, мәнсіз әндер қаптап кетті. Халық әндері сияқты жүрегіңе жылылық ұялатпайды. Қайта естіген сәтте-ақ адамды есеңгіретіп тастайды, басыңды ала қашқың келеді.
Сондықтан да, екі-үш ғасыр өтсе де, өзінің мәні мен мазмұнын жоғалтпай келе жатқан халық әндері мен халық композиторларының мұрасын жиі насихаттай берген дұрыс. Өйткені, ол әндер бүгінгі ұрпақты өз ұлтын сүюге тәрбиелейді. Осындай ізгі жолды жалғап жүрген әншінің бірегейі – менің Ержан Базарбеков бауырым. Ержан ән салғанда ерекше толғаныста, тебіреністе боламын. Тынысы кең, дауысы асқақ нағыз ұлы даланың әншісі. Білуімше, кәсіби музыка орнында оқымаған табиғи талант. Заманында Ақан сері, Біржан салдар нотасыз-ақ музыка шығарып, асқақтатып ән айтқан ғой. Мына Ержанды солардың нағыз жалғасы, ән өнерін жалғастырушы ізбасары дер едім. Ержанның сөзі анық, әуенінің бояуы қанық. Тыңдарманын әнмен тәрбиелейтін жігіт. Әншіге керегі – ең алдымен дауыс. Тәңір сол қасиетті Ержан әншінің бойына дарытқан. Ержан құдай берген сол талантты өзінің әншілік өнерінде өте жоғары деңгейге көтере білді. Иманақтың топырағы киелі ғой. Ән салғанда Сәкен ағасы сияқты Сарыарқаның сән-салтанатын көз алдыңа әкеледі.
Ержан әншінің тағы бір қасиеті шешендігі, сөзге ұсталығы дер едім. Мағыналы, мәнді сөйлейді. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы біледі.Мұның бәрі оның әншілік болмысын одан әрі толықтыра түсетін қасиеттер. Әншіге жігер, рух керек. Қазақ мұны арқасы бар деп те жатады. Ержан рухты, арқалы әнші. Халқымыз дауысы қозы көш жерге жетіп жатыр деп айтушы еді риза болғанда. Сірә, сол сөз осы Ержан сияқты әншілерге қатысты айтылса керек.
Биыл Ержан балам ердің жасы елуге толып жатыр екен. Мерейлі жасың құтты болсын, айналайын! Қолыңнан домбыраң түспесін. Әніңді асқақтатып, халқыңның рухын көтере бер!
Темірғали КӨКЕТАЙ,
ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы.