Басты тақырып

ӨНІМДІ ЕҢБЕК – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

     «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай расында да, адамзат пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. Осындай адамзат дамуының игілігіне қатысты Елбасымыз баршаға өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай – 20 қадам» атты бағдарламасын жария етті. Бұл бағдарлама қазақстандықтарға жаңа серпін, жаңа үміт сыйлағаны анық.

Бағдарлама аясында қарастырылған тақырыптар заманның өзекті мәселелеріне баса назар аударып, әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өн­дірістік еңбекті қою міндеті артылған. «Бұл – практикалық, праг­матикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!» деген Елбасының бұл сөздерінен жастарды еңбектің түрлі саласын меңгеріп, қиындыққа қарамастан еңбек жолын өндірісте бастап, жұмысшы маман болудан бас тартпай, өз үлгісін мысал ете отырып, жастарды қажырлы еңбек етуге шақырды.

Бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуда кейбір жастарымыздың психологиясында қалыптасқан шеттен тыс қанағатшылдық сезімі еңбек жолында табысты нәтижеге қол жеткізу үшін тәжірибе жинақтауға, жаңа мақсат-мүдделерге, болашаққа талпынуға кедергі келтіреді. Керісінше, жастар еңбек етуде үнемі жаңа қарқынға, заманауи сұраныстарға сай болып отыру мақсатында өз-өзін үнемі жетілдіріп, қамшылап отыруы қажет. Бұған Елбасының «Адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады» деген сөздері дәлел бола алады.

Әрине, нарықтық экономика заманында бәсекеге қабілетті болу үшін бағдарламада қарастырылған білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі қадамдарға жауапкершілікпен қарау маңызды. Бағдарлама мазмұнында көрсетілген әлеуметтік жаңғырту жолындағы мақсат-талаптар игі бастаманың нышанын білдіреді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп дана бабаларымыз айтқандай, еңбек ету дегеніміз – өмір сүру, өз талаптарыңды қанағаттандыру болса, жастарды білім ордаларынан бастап-ақ еңбекке баулу және еңбек етуде білімнің алар орнын айқындап көрсету – біздің міндетіміз.

Қазіргі замандағы ғылым мен техниканың жаһандану дәуірінде білім алудың маңыздылығын терең түсініп, теориялық білімдерін тәжірибеде, яғни, өндірісте жүзеге асыру әр азаматтан талап етілсе, барлық өндіріс саласында озық технологияларды игеру арқылы еліміз нарықта белді орын алары анық.

Соңғы кездері елімізде өндірістік мекемелердің жиі ашылуы халықты жұмыс орындарымен қам­тамасыз ете алғанымен, кей салаларда мамандардың тапшы­лығы байқалады. Расында да, білім ордасын жаңа тәмамдаған кейбір жас мамандар бірден биік мансап пен жоғары жалақыны қалайтыны жасырын емес. Бірақ, бұл барлық салада бірдей мүмкін бола бермейді. Басты назарда кәсіби шеберлікті шыңдау, білікті маман ретінде қалыптасу тұруы тиіс. Адал еңбекпен келетін еңбектің жемісі берекелі, ырзыққа толы болатынын ескеру қажет.

Елбасымыздың халыққа арнаған аталмыш бағдарламасы ауқымды міндеттерді қамти отырып, халқымыздың еңбекқорлығы мен бәсекеге қабілеттілігін оятуға үндеу болары анық.

Г.Қалабай,

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және

талдау орталығының

ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button