Өнеркәсіп өркендеп келеді
Өткен жыл қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылға қарағанда 12% өсіммен 4 трлн теңгеден асты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 593 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 114%. Өсім көмір өндіруде 5,8%, металл кендерін өндіруде 22,3%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 28,7% шамасында. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 3 137,9 млрд теңгені құрап, 2023 жылға қарағанда 12,3%-ға өсті. Технологиялық жаңашылдықтар мен инновацияларға негізделген бұл даму – болашаққа деген батыл қадам. Өндіріс көлемінің артуы, жаңа мүмкіндіктер мен серпінді жобалар – аймақтың өркендеуінің айқын дәлелі. Өнеркәсіптегі бұл табыстар алдағы жылдардағы үлкен жетістіктерге бастама болары сөзсіз. Экономикалық өрлеу жалғасып, облыстың өркендеуіне тың серпін бермек.
Өсім барлық негізгі салаларда анықталды. Мәселен, қара металлургияда 14,9%, түсті металлургияда – 6,4%, машина жасауда – 24,5%, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде – 37,9%, құрылыс индустриясында – 3,9%, фармацевтикада – 45,3%, химия саласында – 1,6%, тамақ өнімдерін өндіруде –2,3%-ды құрады.
Облыстың жүйе құраушы кәсіпорындары да тұрақты оң динамиканы көрсетті. «Qarmet» АҚ-да болат өндірісі 17,7%-ға, шойын өндірісі 14,1%-ға, жалпақ илек өндірісі 18,2%-ға өскен. Аталған кәсіпорынды жаңа инвесторға тапсыру кезінде 8 шахтаның тек 3-і ғана жұмыс істеп тұрғанын атап кету керек. Қазіргі уақытта 7 шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Қазба жүргізілетін кенжар саны 11-ден 45-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, кеншілердің қауіпсіздігі үшін екі шахтада – Қазақстан және Күзембаев атындағы шахтада іздеу және позициялау жүйесі енгізілді. 2025 жылдың соңына дейін «Qarmet» АҚ барлық шахталарында аталған жүйені енгізу жоспарлануда. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де мыс өндірісі 224,8 мың тоннаны құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі рекордтық 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 61%-ға өсімді қамтамасыз етті.
Облыстағы жүйе құраушы кәсіпорындардың дамуы мен жетістіктері аймақтың экономикалық күш-қуатын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. «Qarmet» АҚ-ның болат және шойын өндірісінің өсуі өндіріс қуаттарының жаңартылуын және ұлғаюын білдіреді. Ал, шахталарда жұмысты қалпына келтіру, олардың санын арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылатын заманауи технологиялар өңірдің тау-кен өнеркәсібінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл өзгерістер өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және шахтерлердің қауіпсіздігін жақсартуға ықпал ететін үлкен жетістік деуге тұрарлық. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің мыс өндірісі мен негізгі капи талға салынған инвестициялардың өсімі де аймақ экономикасының дамуында елеулі үлес қосуда. 1,4 трлн теңгені құраған инвестициялар корпорацияның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жобалардың іске қосылуына мүмкіндік береді. Жалпы, осы салалардағы жетістіктер Қарағанды облысы мен Қазақстанның индустриалды секторын дамытуға, еңбек нарығының нығаюына және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге игі ықпал етуде.
Оң динамика өнеркәсіпке, автомобиль жолдарының құрылысына, құрылысқа, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, білімге, ауыл шаруашылығына, денсаулық сақтауға және басқа да салаларға инвестициялар салу есебінен қамтамасыз етілді. Жыл қорытындысы бойынша 2,6 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 193,3 млрд. теңге сомасына 13 инвестициялық жоба іске қосылды. Шет ауданында «Kyzyl Aray Copper» ЖШС жылына 30 мың тонна катодты мыс өндіретін қайталама мыс кендерін үймелі сілтісіздендіру технологиясы бойынша «Алмалы – 2» тау-кен өңдеу кешенінің ірі жобасы іске қосылды. Инвестиция көлемі 112,5 млрд. теңгені құрады, 780 жұмыс орны құрылды. Ал, Теміртау қаласында «Қазметкокс» ЖШС «Директсил» маркалы кокс өндірісі және «ОКС Қазақстан» ЖШС полимерлі бекіткіштер ампулаларын өндіру іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы саласын алар болсақ, Нұра ауданында «Шахтер» ЖШС тұқым тазарту желісі іске қосылды. Абай ауданында «Волынский» АӨК» ЖШС элеватор мен құрама жем зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қарағанды қаласында «TPA SARY ARKA» ЖШС гофрленген-картон қаптамасын өндіру және «Терма Бойлер» ЖШС су жылыту газ қазандықтарын шығару бойынша жобалар іске асырылды. Шағын және орта бизнес нысандарының құрылысы аяқталды. «Mycar Qaragandy» ЖШС «Hyundai Karaganda» автоорталығы, «Оптимальный» ЖШС «Оптима» супермаркеті, «Teez Logistic» ірі e-commerce жобасы межеленді.
Облыстың өнеркәсіптік алаңдарын дамыту жалғасуда. Қазіргі уақытта «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында 25 резидент тіркелген. Оның ішінде 2024 жылы «JEL DALA» ЖШС, «KAZFITTING» ЖШС, «Синтезия» ЖШС, «GTT KZ» ЖШС-нің 4 жаңа қатысушысы бар. Ерекше жеңілдікті режимнің арқасында «Сарыарқа» АЭА аумағында 10 жоба іске қосылып, 185,6 млрд теңге тартылды. Өнім өндіру көлемі 218,6 млрд теңгені құрады, 1 354 жұмыс орны құрылды. Өңірдің тағы бір ірі өнеркәсіптік алаңы – «Саран» индустриялық аймағында жобаларды іске асыру жалғасуда.
Бүгінде индустриалық аймағы аумағында 386,2 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бірқатар ірі жобалар бар. Мысалы үшін, «Tengri Tyres» ЖШС-де «Attar» маркалы автомобиль шиналарын өндіру, онда 2024 жылдың шілдесінен бастап 190,9 мың шина шығарылды. «Qaztehna» ЖШС-де Yutong маркалы автобустар өндірісі. Кәсіпорын жолаушылар және мектеп автобустары мен арнайы техника шығарады. Өткен жылы 1616 бірлік автобус пен арнайы техника шығарылды. «Silk Road Electronics» зауытында тұрмыстық техника өндірісі, онда 2024 жылдың басынан бастап 180 мың бірлік тұрмыстық техника шығарылды. Осы жылы Оңтүстік Кореялық «SAMSUNG ELECTRONICS CENTRAL EURASIA» ЖШС компаниясымен бірлесіп теледидар шығару жоспарланған.
Бұдан басқа облыста 3 шағын өнеркәсіп аймағын құру бойынша жұмыстар легі жүргізілуде. Санамаласақ, «Строй Сервис Караганда» ЖШС – резинотехникалық бұйымдар мен тұрмыстық химия өндірісі, металл өңдеу. «EXIM Star Қазақстан» ЖШС – сервистік-техникалық орталық және геохимиялық зертхана, жиһаз өндірісі, металлопластикалық терезелер өндірісі және т.б. «OptimTech» ЖШС – тұрмыстық техника үшін электр компоненттерін өндіруге арналған локализациялық орталық. Жобаның бағдарлама операторы – «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта бизнес субъектілері орналасатын дайын өндірістік үй-жайлар құрылысын салу немесе бар үй-жайларды қайта жаңарту үшін 3% жеңілдікті кредит беруді көздейді.
Ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы «Qarmet» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жүйе құраушы кәсіпорындарымен облыстың 77 кәсіпорны 141 млрд теңгеге тапсырыспен қамтамасыз етілді. 2024 жылдың басынан бастап 7,1 млрд теңгеге 12 офтейк-келісімшарт жасалды. Қалғаны қолданыста. Ағымдағы жылы өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту, инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Уақыт көрсеткен өнеркәсіптік өндірістің қомақты өсімі – облыстың экономикалық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Тау-кен өндіру мен өңдеу өнеркәсібіндегі жетістіктер өндірістің барлық салаларындағы тұрақты даму – аймақтың өркениетті өндіріс өрісінде сенімді қадам басып келе жатқанын көрсетеді.
Асқар ҒАЗАЛИЕВ,
Қарағанды облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы