Руханият

Өнері өрге жүзді

Шымкентте өткен «Ұлы дала ұрпағы» атты республикалық өнер байқауына қатысқан нұралық «Шұғыла» би ансамблі Гран-при жеңіп алды. Сонымен қатар, ұжым жеті хореографиялық қойылым ұсынып, барлық аталым бойынша жүлдегер атанды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Облыс атынан сынға түскен алты жастағы Нұрай Сайранова қазылар құрамын тәнті етті. Жекелей сында екі аталым бойынша өнер көрсетіп, І және ІІ орынды қанжығалады. Сонымен қатар, ансамбльдің арнайы дайындаған ұйғыр биі мен «Бабалар мұрасы» қазақша хореографиялық қойылымы Бас жүлде алды. Одан бөлек, ансамбльдің дайындаған өзге де билері жүлделі орындар иеленді. Атап айтсақ, заманауи би – І орын, испан биі – ІІ, ал, «Қара жорға» ұлттық қазақ биі – қола жүлде. Қазылар құрамы ансамбль ұсынған «Бабалар мұрасы» қойылымына арнайы әзірленген ерекше киім үлгісіне әрі өзгеше бас киімдерге тәнті болып, жоғары баға берген.

– Байқауға ұзақ дайындалдық. Әр нөмірге жанымызды салдық. Ең бастысы – еңбегіміз еленді. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Әр облыстан келген командалардың осалы жоқ. Кіл мықтылар. Соған қарамастан, біздің ансамбль жеңімпаз атанды, – деді ансамбль жетекшісі Нұрқұлан Хасымхан.

Байқау қорытындысы бойынша, балалар шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Нұрқұлан Хасымханға «Үздік педагог» төсбелгісі табысталды. Енді жас өнерпаздар Алматыда өнер көрсетпек.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button