Руханият

Өнерде шекара болмайды

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қазақстан Жа­зушылар одағы Қарағанды об­лыстық филиалының ұйымдас­тыруымен «Өнер деген бір әлем» тақырыбында ерекше форматта әде­би-сазды кеш өтті. Кешке ақындар, әншілер, суретшілер мен күйшілер және оқырман қауым қатысты.

Алдымен, жұртшылық назарына арнайы дайындалған көрме ұсынылды. Онда Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Ерсін Темірғалиев, Жаңабек Жұмабеков, Елена Ниведенская Наталья Сайгушеваның еңбектері ұсынылды. Туындылар портрет, киіз кескіндемесі, кескіндеме және графика, пейзаж жанрларында жасалған.

Көрмені жұртшылыққа Ерсін Темірғалиев жекелей таныстырып, әр жәдігердің жазылу тарихына, ерекшелігіне тоқталды. Арасында ұлттық болмысымыз, табиғат ғажайыптары, адам өмірінің кезеңдері және көңіл күй бейнеленген туындыларға көпшіліктің қызығушылығы жоғары болды.

Кештің келесі бөлімін талантты күйші Мадияр Сүлеймен Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйімен бастады.
Дәстүрге айналған әдеби кеш осымен үшінші жыл қатарынан өткенін атап өткен жөн. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы бүгінгі игі шараға облысымыздың әр өңірінен ақын-жазушылар, өнерпаздар шақырылды.

– Адам адаммен тілдесуден қалып бара жатқан ақпарат дәуірінде осындай шаралар жиі өтуі керек-ақ. Басы-қасында жүрген Жанат Жаңқашұлы мен Асқат Қажытайға мың алғыс. Жалпы, дамуға бет түзеген қоғамда кез келген іске мәдениетті көзқараспен қараған жөн. Бірнеше өнердің өкілдері бас қосқан осындай келелі жиындар жас буынның оң-солын тануға, тұлға болып қалыптасуына, талантын танытуға зор мүмкіндік, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов.

Ал, Ботақара кентінен арнайы келген Саян Мұздыбай Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әуелетті.

– Бұрын адамдар дауыстың бояуын көрген екен. Қазіргі артық дыбыстар мен зиянды дірілдер сол қасиетімізден айыр­ды. Ал, дауыстың бояуын көрген адам орындалған әннің суретін көреді. Керісінше, әр түстің де өз дауысы бар. Мысалы, Ван Гогтың салған суреттерінен әр түстің дыбысын ести аламыз ба? Осы тұрғыдан келсек, барлық өнердің түбі бір. Қазақтың төл өнерін, дәстүрлі әнін, суретшілердің, мүсіншілердің еңбегін насихаттап, қолдау көрсеткіміз келеді. Арқа төсінде барлық өнердің ортақ қазанының қайнап жатқанын қалаймыз, – деп атап өткен Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, ақын Жанат Жаңқашұлы Жақсыкелді Кемаловқа арнаған өлеңін оқып берді.

Шыңғыс Сәрсенбаев орындаған «Шырмауық» әні де саф өнерді шалажансар дүниелердің шырмап алғысы келетін пиғылын аңғартқандай.

Сөз кезегін алған ақын, жазушылар да өз туындыларын оқыды.
Кештің соңы шығармашылық тақырыбындағы қызу пікірталасқа ұласты. Облыс­тағы руханияттың бүгінгі ахуалы жайлы айтылып, әр қонақ өз ойымен бөлісті.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button