Өнерде шекара болмайды
Қарағанды қаласында VI «Кукляндия» ашық фестивалі басталды. Фестиваль халықаралық деңгейде екенін атап өткен жөн. Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Екатеринбург, Гонконг, Бұқара, Йыхви қалаларынан келген 8 театр әр қаланың рухани-мәдениет ошақтарында барлығы 8 қойылым сахналайды деп жоспарлануда.
Оның қатарында Қазақстан театрларының «Золотой петушок», «Керік пен Мүйізтұмсық», «Бука», «Кішкентай ханзада», Ресейдің «Аладдин», Өзбекстанның «Когда зажигаются звезды», Қытайдың «Show Chinese Tradition», Эстонияның «Красная шапочка» қойылымдары бар. Спектакльдердің тәрбиелік тағылымы мол.
БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатына Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Эстония елінен келген қуыршақ театрларының жетекшілері ойларын ортаға салды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов фестивальдің рухани құндылығына тоқталып, ауқымды шараның қасиетті Сарыарқаның төрінде, өнер мен мәдениеттің қазаны қайнаған Қарағанды жерінде өтуінің де заңды екендігін ерекше атады.
– Осы фестиваль арқылы өзіміздің салт-дәстүрімізді, асыл мұрамызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге зор мүмкіндік алдық. Фестивальге қатысушылардың географиялық ауқымы кеңейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Атап өтсек, биыл Қытай мен Эстония елдерінен қатысушылар келіп отыр. Осы арқылы біз өнердің ұлтқа, тілге, дінге бөлінбейтініне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Арқа төсінде дүбірлеп өтіп жатқан фестиваль аясындағы небір майталман театрлардың қойылымдары қарағандылық көрермендердің көңілінен шығып, көзайымына айналары сөзсіз.
Дильяра АБИШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің III курс студенті.