Руханият

Өнер мерекесі өтеді

Отандық және шетелдік өнер шеберлерін шақыру арқылы әр жанрдағы музыканы дәріптеу, музыкаға деген көрермен талғамын арттыру мақсатында ұйымдас­тырылатын халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі 15-19 қазан күндері аралығында XXV рет өтпек. Бұл мерейтойлық фестивальде Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Армения елдерінен келген сахна жұлдыздары мен оркестрлер қарағандылықтарға ұлттық және әлемдік музыка жауһарларын ұсынады.

Сурет автордан

Қарағандылықтар жыл сайын күзде 1998 жылы алғаш рет шымылдығы түрілген «Әуенді Сарыарқа» фестивалінде Қазақстан, Голландия, Тайвань, Ресей, Өзбекстан, Татарстан, АҚШ, Италия, Исландия, Германия, Әзірбайжан, Түркия, Қытай, Украина, Башқұртстан, Израиль, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің кәсіби ұжымдары мен атақты музыканттарының өнерін тамашалап, әр бағыт пен жанрда классикалық, халықтық, үрмелі, джаз музыкасын тамашалап келеді.

Биылғы фестиваль К.Станиславский театрында «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің концертімен басталады.

Бес күн бойы өтетін фестиваль аясында Қазақстан Республикасы мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің концерті, «Шалқыма» концерт залында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің, Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің концерті өтпек.

«Әуенді Сарыарқа» фестивалі Қарағанды джаз оркестрінің ХХХІІ концерттік маусымының ашылуына арналған салтанатты концертпен түйінделеді.

– Жыл сайын өтетін бұл фестивальді асыға күтемін. Өйткені, мұнда әлемдік классикалық музыканың жауһарларын тыңдауға мүмкіндік бар. Ессіз әндер мен жалаң музыка көбейген уақытта мұндай ауқымды фестивальдің Арқа төрінде өтуі заңдылық. Себебі, Арқа өңірінің әншілік мектебі қашанда талғампаз тыңдарманның көңілінен шығып келеді. Арқа ән мектебі және Арқаның музыкалық өнері қазақтың саз өнерінде ойып тұрып орын алады, – дейді қала тұрғыны Жангелді Бекболатұлы.

Айтулы өнер мерекесінен қапы қалмаңыздар!

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button