Басты тақырыпРухани жаңғыру

«Өнер алды – қызыл тіл»

    Қарағандыда тұңғыш рет Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауы өтті. Республиканың әр облысынан 16 мен 35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысқан сайыстың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді, Қаздауысты Қазыбек бидің шешендік мұраларын насихаттау, тілге шешен, ділмар сөз шеберлерінің өнеріне қолдау көрсету.

Байқауға өз өңірлерінде оза шауып, қасиетті, киелі шешендік өнерді ықыласпен үйрендік деп, Қазыбек бабаларындай ғайыпты болжамаса да, бір адамдай сөз қадірін білеміз дегендер жиналған. Сонымен, алғашқы кезең – «Сәлем – сөздің атасы». Үміткерлердің бірінші кезеңге дайындалып келгендері көрініп тұр. Алғашқы үміткерден бастап, арқалана шыққан қатысушылар, көрермендер мен қазылар алқасының алдында бар өнерлерін жайып салды. Әп дегенде бәрі жақсы. Сөйлеген сөздерін әсем орындаумен тамырластырып, сахнадағы қозғалыстары ойларымен біте қайнасып, образға беріліп, өздерін таныстырып жатыр. Шешеннің асыл қасиеті тумасынан болады десек, туғанынан бастап, еліктеп өскеніне дейін қара өлеңге қосып, оған актерлік шеберліктерін жалғап, сайыстың бірінші кезеңі де аяқталды.

Ал, екінші кезең – «Даналар сөзі – ақылдың көзі» деп аталды. Яғни, Қазыбек бидің шешендік сөздерінен үзінділерді мәнерлеп жатқа оқу. Небары үш минут. Өнерің, білімің, ойыңның тереңдігі мен қабілет күшіңнің сынға түсер шағы. Нағыз шешенге не тән? Шешендік сөзді жай ғана жаттап алмай, тыңдарманның көңіліне қонымды етіп, санасына жетіп, бойын шымырлататындай жеткізе білу. Бұл да өнер. Яғни, әсерлі, мәнерлі, ойнақы жеткізу қабілетіңнің сынға түсер шағы. Демек, көрерменнің ықыласын оятып, жан дүниесін дүр сілкіндіру. Қазақ қашан да сөзге кенде болған емес. Әдемі сөзді өрлеп жеткізіп, бір ауыз сөзбен ел мен елді бітістіріп, сөзінің екпінімен-ақ жаудың бетін қайтарған. Ендеше, шешеннің қаруы – орақ тілі. Айтар ойыңды өзің түйсіне алмасаң, болмаса, барлық болмысыңмен образға ене алмасаң, орындау шеберлігің қанша мықты болса да, тыңдарманға жеткізу мүмкін емес. Қазыбек бидің шешендік сөздерін сахна төрінде айтудың өзі бір басқа да, сөз құдіретін, қуатын түсініп, айтатын сөзін өзі де түсінсе – нағыз шешендік сол. Екінші кезеңнен сүрінбей өткен үміткерлер үшінші кезеңге аяқ басты.

Шешендіктің сынға түсер нағыз шағы осы үшінші кезеңде болды. «Шешендік – шеберлік» деп аты да айтып тұрғандай, осыған дейін алдын ала дайындалған сәлемдесу рәсімі мен дайын мәтінді орындаған қатысушылардың нағыз сыналар тұсы осы болды. Демек, біліміңнің, сөз қадірін қаншалықты түсіне алатындығыңның, шешендік өнерің, ауыздан шыққан сөзбен халықты қаншалықты ұйыта алатындығың осы жерде сыналады. Қиынынын жол тауып, тосылмай жауап қату – шешендікпен қатар, білімділікке де сын.

Үміткерлер жеребе бойынша ұсынылатын шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау мәселелеріне байланысты тақырыптар бойынша бір-бірінен асып түсетіндей білгірлік, ділмарлық, шешендік таныта және тақырыпты бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып өз ойларын ортаға салуы керек болған үшінші кезең шын жүйрікті анықтады.

Үміткерлердің өнерлерін сынға салған әділ қазылардың өздері айтпақшы, баба атына кір келтірмей, қара қылды қақ жарып төрелік еткен – Серік Негимов, Ерсін Мұсабеков,  Кеңес Жұмабеков, Мұхамедқали Әбдуов, Айтбай Жұмағұлов, жеңімпаздарды анықтады.

Орындаудың қозғаушы күші – жан дүниесі болса, жанның бейнесі – бет, оның ішіндегі ерекшесі – көз (С.Негимов) делінсе, сахнада өзін ұстау шеберлігі, жарасымды киімімен қатар, жан дүниесін көзі арқылы көрсетіп, көрерменнің жүрегін жаулай білген павлодарлық Оразбек Махатхан,  әр сөзін мірдің оғындай қадап айтып, ойын асықпай жеткізген Алматы облысынан келген Дастан Қазтай, сонымен қатар, Қарағанды облысынан Ерікбол Амангельдиев үшінші орынға лайық деп танылып, 150 мың теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды.

Екінші орынды Батыс Қазақстан облысынан «Ауыр барып, жеңіл қайт» деген ағасының батасын арқалап келген Ақниет Қайырғалиев пен «Қарағанды өңірінің әр ұлы Қазыбек бабасындай болсын» деп тілек айтқан Ақмола облысының шешені Қуаныш Оспановқа бұйырып, 200 мың теңге сыйақы алды.

Бірінші орынға Жамбыл облысының үміткері, екі мың жылдық тарихы бар әулие Тараз сәлемін Қарағандыға ала келіп, Қарағандының сәлемін Таразға алып қайтуға уәде еткен, шешендікпен қатар, сахнада өзін-өзі ұстау шеберлігі мен айтар ойын тосылмай жеткізетін, саңқ еткен дауысымен, селт еткізетін, екпіндей сөйлейтін  Бақтияр Бекназаров лайық деп танылды. (250 мың теңге сыйақы).

Ал, бас жүлдені қазылар алқасының төрағасы Серік Негимов «…тапқырлық, шешендік, білгірлік, білгенін оймақтай етіп жеткізе білушілік, импровизациялық өнер тән» деп баға берген Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданынан келген үміткер – Амангелді Құрақбайға берілді. Өң-әлпеті, түр-тұлғасы келіскен, кез келген тақырыпта толқынды ойдың құшағына беріліп, көркем түрде әсем жеткізе білетін А.Құрақбай 350 мың теңге сыйақыға ие болды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button