Бас тақырып

Үнем мен үлгі

Энергия. Адамзат баласына жан мен тән саулығынан кейінгі орында тұрған мәні терең ұғым. Алдағы 6 жылда атамекенімізде баламалы энергетиканың үлесі 15 пайызға жедеғабыл болмақ. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды, соның кесірінен коммуналдық-энергетикалық сектор қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр» деп мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев салаға түбегейлі реформа қажеттігін алға тартып, жүйелі жұмыс керектігін атап өткен. Қарап отырсақ, кез келген дамыған мемлекет электр энергиясын үнемдеуге баса мән береді. Өйткені, бұл бағытта сауатты қадам жасай білген ел ғана ұшпаққа жетеді…

Коллаж бен инфографиканы дайындаған автор

«Ғажап екен, енді қандай кеңес бере қояды екенсіз?» деуіңіз күмәнсіз мұндайда. Кеңес те, ұсыныс та жеткілікті. Тек, оны дер шағында қолданып, нәтиже шығарсақ, қанекей. Сөзіміз сөлекет шықпас үшін электр энергиясын үнемдеуде табысқа жеткен елдердің бірқатар өнікті ізденістеріне мән беріп көрсек дейміз.

Ә деген бетте біздің есімізге электр энергиясын үнемдеу әдістерін белсенді дамытқан Дания түседі. Бұл мемлекет энергияны үнемдеудің инновациялық тәсілдерімен танымал. Даниялық электр энергиясының көп бөлігі жел энергиясы сияқты жаңартылатын тың қайнар көздерден алынады. Мемлекеттік бағдарламалар үйлер мен кәсіпорындарда энергияны тиімді пайдалануды барынша белсенді ынталандырады. Одан кейінгі орынға біз Жапонияны жатқызар едік. Мұнда энергияны үнемдеудің қатаң мәдениеті бар. Әсіресе, 2011 жылы Фукусима апатынан кейін. Энергия тиімділігі бағдарламаларына энергия үнемдейтін жабдықты орнатуға арнаулы сүбелі субсидиялар және халық арасында тұрақты үгіт-насихат науқандары кіреді. Үшінші орында – Швеция. Бұл ел энергия тұтынуды оңтайландыру үшін байланыс және басқару технологиялары қолданылатын «Ақылды қала» тұжырымдамасын белсенді түрде енгізуде. Бұған «ақылды» жарықтандыру жүйелері, жылумен жабдықтауды басқару және нақты уақыттағы қуат тұтынуды бақылау қосалық. Ал, Германия өнеркәсіптегі, көліктегі және үй шаруашылығындағы энергетикалық тиімділікке ықтиятты назар аударады. Ол энергия шығыны мен көміртегі шығарындыларын азайту үшін күн батареялары мен оқшаулағыш материалдар сияқты жоғары тиімді технологияларды қолданады. Сайып келгенде, бұл дамыған елдер өнікті инновациялар мен стратегиялардың энергияны үнемдеуге әрі оны пайдалануды тұрақты және тиімді етуге көмектесетін айшықты мысалдары болып табылады.

Үлбір үмітті үздіктірер жоғарыдағы мәліметтер көңілімізге сәуле түсірері һақ. Бірақ, олар бұл кешенді түйткілді бір күнде шеше салмағаны да көрер көзге көрініп-ақ тұр. Ал, қаз тұрған қазақ елі ең алдымен бұл саладағы кем-кетігін сараптап алғаны оңды болатындай. Оқтын-оқтын озық ой мен теңдессіз технологияға желі тарту мәселені шетінен сетінетіп шеше бермек.

Ол үшін бұл салада жетістікке жеткен мемлекеттердің ұстанған қағидаттарын да қарастыра кеткенді қоса құп көрдік. Бұл принциптер әу баста көзге көрінбес жібек жіптей болуы ықтимал. Ал, сарабдал санаға бәрі ап-анық. Күнделікті өмірде дамыған елдердің тұрғындары бірнеше негізгі принциптерге сүйене отырып, электр энергиясын үнемдеудің әртүрлі әдістерін қолданады. Түсіндірелік.

Қазық іспеттес қағидаттар

Энергияны үнемдейтін құрылғыларды пайдалану тұрғысында төмен қуатты шамдар (LED), энергияны үнемдейтін тұрмыстық техника (тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, кондиционерлер) және ұйқы режимі бар компьютерлер мен мониторлар электр энергиясын тұтынуды едәуір азайтады. Сөйтіп, төтеннен келген тоқ қуатының рәсуасы ауыздықталады. Осы бір әдемі технологиялар қатары электр энергиясын тұтыну мәдениетін өсіріп, әдепке шақыратындай ғанибет күйге әсерлендіреді. Мұнан соң келіп, «ақылды» энергияны тұтынуды басқару үдерісі төбе көрсетеді. Бұл мәні жоғары қажеттіліктерге байланысты, энергияны тұтынуды оңтайландыруға және реттеуге көмектесетін бағдарламалық басқарылатын термостаттар, смарт есептегіштер сияқты автоматтандырылған басқару технологияларын пайдалануды қамтиды. Үйлерді оқшаулау қыста жылы, жазда салқын ұстауға көмектеседі. Есесіне бұндай жаңашылдық жылыту құрылғысы мен кондиционерді пайдалану қажеттілігін азайтады.

Ақпараттық насихат амалдарын арттыру жолымен энергияны үнемдеудің маңыздылығы және оған жету әдістері туралы түрлі науқандар мен білім беру бағдарламаларын жүргізу адамдарға күнделікті өмірде саналы шешім қабылдауға септеседі.

Энергия аудиті және энергия үнемдейтін жабдықты субсидиялау бағдарламалары: кейбір елдер үй иелері үшін тегін немесе субсидияланған энергия аудиттерін, сондай-ақ, күн батареялары немесе жылу сорғылары сияқты энергияны үнемдейтін технологияларды орнатуға субсидиялар ұсынады.

Реттеу шараларын енгізу: дамыған елдерде өндірушілер мен құрылысшыларды тиімдірек технологияларды қолдануға міндеттей отырып, әртүрлі жабдықтар мен ғимараттар үшін энергия тиімділігі жоғары стандарттар енгізілуі бек мүмкін.

Қоғамдық энергияны үнемдеу науқандары: энергияны үнемдеудің маңыздылығы және күнделікті өмірде жасалуы мүмкін нақты қадамдар туралы хабардар болуға бағытталған ақпараттық акциялар мен іс-шараларды ұдайы негізде жүйелі өткізу.

Бір ойды бір ой түртеді. Бір жоқты бір жоқ табады. Осындай шарафатты үнем үлгілерін күнделікті ғұмыр салтымызға енгізе отырып, өмір сапасын жақсарту ғасыр талабына айналып келетіндей. Айтқандайын, Швеция елінің тұрғындары lagom деген ұғымды қоғам тәртібіне мықтап енгізді қазір. Бұл ұғым «бәрі жеткілікті, артық нәрсенің керегі жоқ» деген ойға жетелейді. Ондағы адамдар өмір салтынан артық олпы-солпы шығып тұрған дүниені алып, яки, көзден таса қылуға тырысып тұрады. «Өзіңде бармен көзге ұрып» тұрған нәрсені әсте жарата қоймасы анық енді.

Иә. Үнем мәселесіндегі ең ауыр жұмыс алдымен жақсылап ойланып алу болып тұрғандай. Мұрын ұшына кеп жеткен өзгеріс ешкімге ұнай қоймайды. Ұлы мұратты ту етіп, өркениеттің тал бесігіне айналу жолында осындай құндылықтар кешенін өндіріп, үлгі бола білу парасат майданындағы кезекті жеңісіміз болмақ.

Ендігі беталыс

Электр энергиясын үнемдеу жөніндегі нақты шаралар облыс көлемінде іске асырылатын нақты бастамалар мен бағдарламаларға байланысты кілт өзгеруі кәдік. Мұнда анық қолдануға болатын бірнеше типтік шаралар бар. Мәселен, энергия аудитінің бірегей бағдарламаларын алалық. Электр энергиясын үнемдеуге болатын аймақтарды анықтап, электр қуатын үнемдеу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін әртүрлі кәсіпорындарда, мекемелерде және тұрғын үйлерде энергия тұтыну аудитін оңтайлы жүргізу мақсаты тұр.

Энергия үнемдейтін технологияларды пайдалануды ынталандыру. Жарықдиодты жарықтандыру, электр қуатын сақтайтын жылыту және ауаны баптау жүйелері сияқты үнем жабдығын орнату үшін субсидия немесе жеңілдікті несие беру стратегияларын қолдану.

Оқыту және білім беру секторында бұқара халыққа, кәсіпкерлер қауымдастығына электр энергиясын үнемдеу әдістері мен тиімді тәжірибелер туралы білім беру науқандары мен семинарлар өткізу.

«Ақылды» технологияларды енгізу. Нақты уақыт режимінде электр энергиясын тұтынуды оңтайландыру үшін қалалық инфрақұрылымда, үйлерде және кәсіпорындарда smart энергияны басқару жүйелерін қолдану.

Қажетті Заңнамалар мен нормативтерді әзірлеу. Ғимараттарды салу және реконструкциялау, сондай-ақ, жабдықтар мен өнеркәсіптік процестер үшін энергия тиімділігінің міндетті стандарттарын енгізу.

Бұл – Қарағанды облысында электр энергиясын үнемдеу үшін қабылдануы мүмкін шаралардың жалпы мысалдары ғана. Кешенді шаралардың бір парасы кезең-кезеңімен орындалып та жатыр. Тек, қарапайым жұртқа тәптіштеп жеткізу үдесі бар. Әлбетте, парасатқа жетелейтін позициядан бір қарыс шегінбеу – игіліктің бастауына айналса керек-ті.

Респондент лебізі

Қаржыгер Дәулет Махым электр энергиясын үнемдеу алдымен қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуда шешуші рөл атқаратындығына мән беріп өтті.

– Мұны неге ескермеске?! Біз электр энергиясын неғұрлым аз тұтынсақ, атмосфераға көміртегі мен басқа да зиянды заттардың шығарындылары азаяды. Баламалы электр энергиясын үнемдеу энергетикалық өнімге тәуелділікті азайтуға әрі тиісті қуат көзімен жабдықтау қайнарын әртараптандыруға көмектеседі. Тариф текетіресін де жуасытады. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті де арттырып, энергиямен қамтамасыз ету дағдарыстарының қаупін азайтады, – деген уәж келтірді қаржыгер.

Сөзінше, электр энергиясын тұтынуды азайту ресурстарды үнемдеуге және энергиямен жабдықтау шығындарын азайтуға сөзсіз әкеледі. Бұл үй бюджеті үшін де, бизнес үшін де тиімді, экономикалық даму мен тұрақтылыққа ықпал етеді. Электр қуатын сауатты сақтай білу экономиканың түрлі салаларының энергетикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл инновациялар мен жаңа технологиялардың дамуын ынталандырады. Электр энергиясын үнемдеудің маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыру экологиялық жауапты қоғамды қалыптастыруға және ресурстарды тұтынудың тұрақты тәжірибесін енгізуге игі ықпал етеді.

– Электр энергиясын тұтынуды азайту энергетикалық инфрақұрылымдағы жүктемені азайтуға және электр желісінің шамадан тыс жүктелуін болдырмауға көмектеседі, бұл оның әртүрлі күтпеген жағдайларға төзімділігін арттырады. Электр қуатын сақтау болашақ ұрпақ үшін тұрақты, тиімді және экологиялық таза әлем құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады, – деп түйіндеді сөзін респондент.

Қоржынқағар

«Біз жер шарын бабаларымыздан мұраға емес, тек, керісінше, балаларымыздан қарызға алдық!». Көне үндіс мәтелі осылай дейді. Иә. Сөз соңында энергия игілігін үнемдеу ғаламшарымызға ғана емес, қалтамыздағы әмиянымызға да пайдалы екенін қаперге саламыз. Үнем мәселесі қазіргі ақзер әлемде маңыздылығы сағат сайын артып келе жатқан тұрақты даму стратегиясының негізгі құрамдас бөлігіне айналғалы қашан. Энергия айдынын тиесілі де тиімді қолдану қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға ғана емес, онымен бірге, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтады, шығындарды азайтады және экономикалық өсуді ынталандырады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар энергетикалық тиімділікті жақсартуға, Қазақстанда электр энергиясын тұтынуды ұтымды жолдармен сауатты пайдалануға бағытталған. Бұл энергияны үнемдеудің жаңа стратегияларын әзірлеу мен іске асыруды, заманауи технологияларды енгізуді әрі энергетика саласындағы инновацияларды ынталандыруды қамтиды.

Президент не нәрсені болсын, үнемдеп үйрену және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ынтымақтастыққа шақырады. Оның реформалары энергия тұтынудың төмендеуіне ықпал етіп қана қоймай, инновацияларға, экономиканың өсуіне және елдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға қолайлы жағдай жасайды.

Осылайша, электр энергиясын үнемдеу және Президент Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстан мен оның азаматтары үшін орнықты және гүлденген болашақты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button