Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Өнегесі – өлмес мұра

    Ұлы Қазыбек би бабамызға арналған тағы бір шара Теміртау қаласында қанат қақты. Қаладағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған мәселелерді орындау мақсатында жүзеге асқан конференцияны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

«Қаздауысты Қазыбек би мұрасы және бүгінгі ұлттық рухтың деңгейі» тақырыбындағы конференцияға Теміртау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Қойшыбайқызы лайықты зерттеушілерді тартқан екен. Алғаш баяндама жасаған Смағұлдың Тілеу­бердісі – Қазыбек би бабамыздың жетінші ұрпағы, шежіреші. Әулиелі бидің ата-тегін, өскен ортасын айта келе мынадай мәселелерді алға тартты: «Келесі бір абыройлы да тосын шаруа – суретші Жүрсін Балкенов салған Қазыбек би суретін бабамыздың портреті ретінде ресми түрде қабылдау. Бұл суретті кезінде аптал азамат, редактолардың редакторы Рамазан Сағымбеков «Қарқаралы» журналының ұраны, эпиграфы етіп алу үшін бабамыздың ел білетін суретінен ерекшелеп салдырған. Екінші мәселе – Қазыбек би қайтыс болған жерге (Далба тауы, Қарабие шоқысы) мемориалдық кешен ашу. Бұқар, Қазыбек, Алшынбай би кесенелерінің аралары небары 50 шақырым ғана, осыны туристік бағдарламаға енгізіп, тасжол салса, тіпті, қатып кетер еді», – дейді Тілеуберді ақсақал.

Қазыбек баба мұрасына қатысты қадау-қадау ой айтып, сүбелі сөз саптаған келесі баяндамашы филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанұлы болды. Ғалымдығымен қоса ақын аты шыққан ағамыз ұлы бидің ұлан-ғайыр қазақ даласына тараған ұлағатты сөздерінің мәнісіне тоқталып, мазмұнын жіліктей түсті. «Осыншама даланы бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-ой құралы – тіл құдіретімен алып қалған. Мысалы, Қазыбек би мұралары» дейді.

«Арқа ақшамы» аймақтық газе­тінің редакторы, ақын Жанат Жаң­қашұлының «Сөз жайлы сөз» атты баяндамасы да елді елең еткізді. Онда да би атамыздың тілінің мәйегі, ойының өлместігі хақында біраз дүниелер айтылды. Конференцияның келісті өткендігі сол – кейбір қонақтар кетерінде баяндамашылардың қолын алып, «мұндай асқақ сөздер естіп, рухқа бөленбегелі қашан?» десті. Шара соңында Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Есімханов қонақтарға разылығын білдіріп, алғыс айтты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button